ИМАН МЫНА ТӨРТ НЕГІЗДЕН ТҰРАДЫ
ИМАН МЫНА ТӨРТ НЕГІЗДЕН ТҰРАДЫ
2 жыл бұрын 4332
Имам Ғазали (рахимаһуллаһ)

Білгін! Қысқаша екі сөзден құралған кәлимә шәһәдәт сөзі, шынмәнісінде - Құдай Тағаланың затын растау, сипаттары мен істерін растау, және де Мұхаммед пайғамбардың (с.а.у.) хақ екендігін растау болып табылады. (Кәлимә шәһәдәт - Әшһәду әллә иләһә иллаллаһ уә әшһәду әннә Мұхаммәдән абдуһу уә расулуһ). 

Иманның іргетасы мына төрт негізге (рүкүн) қалаңған: 

1) Бірінші негіз: Алла Тағаланың затын тану. Бұның іргесі он асылға (негізге) негізделген. Ол он асыл мыналар:

  • Алла Тағаланың барлығын білу.
  • Алла Тағаланың бастауы жоқ, соңы жоқ, әзәли әрі мәңгі екендігін білу.
  • Алла Тағаланың «атом» (жәуһәр, материя) немесе «дене» (жисм) яки «акциденция» (араз) емес екендігін білу.
  • Алла Тағаланың белгілі бір тұста емес екендігін білу (яғни, жоғарыда, төменде, оң жақта, сол жақта деген сияқты тұстардың бірінде емес, Алланың тұсы жоқ, тарапы жоқ екендігін білу).
  • Алла Тағаланың әлдебір мекенде орналаспағандығын білу (яғни, мекені жоқ екендігін білу).
  • Алла Тағаланың барлық нәрсені көретіндігін білу.
  • Және Алла Тағаланың жалғыз екендігін білу (ұқсасы, теңі, серігі, баласы, жәрдемшіс т.б. жоқ, ол - бір, жалғыз).

 2) Екінші негіз: Алла Тағаланың сипаттарын тану. Бұның да іргесі он асылға негізделген:

  • Алла Тағаланың тірі екендігін білу (Хаий).
  • Алла Тағаланың білгір екендігін білу (әр нәрсені білуші Алим).
  • Алла Тағаланың құдіретті екендігін білу (әр нәрсеге күші жетуші - Қадир).
  • Алла Тағаланың ерік иесі екендігін білу (не істеймін десе де ырық өзінде, қалаған нәрсесін істеуші - Мурид).
  • Алла Тағаланың естуші екендігін білу (әр нәрсені естуші Сәмиъ).
  • Алла Тағаланың көруші екендігін білу (әр нәрсені көруші Бәсыйр).
  • Алла Тағаланың сөйлеуші екендігін білу (мүтәкәллим).
  • Алла Тағаланың айтқан нәрселерінің бәрі шын екендігін білу.
  • Алла Тағаланың қандай да бір жаратылыстың ішіне енуден пәк екендігін білу. (Құлай Тағала еш нәрсеге енбейді, сондықтан еш нәрсеге тәңірлік сипат берілмейді).
  • Алла Тағаланың сипаттарының да әзәли әрі мәңгі екендігін білу. (Әзәли - әзәлдан бар, кейіннен пайда болмаған-ауд.). 

3) Үшінші негіз: Алла Тағаланың істерін тану. Бұның да іргесі мына он асылға негізделген:

  • Пенделердің барлық іс-әрекеттерін жарататын Алла Тағала.
  • Пенделердің істерінің пайда болуын қалау жөні - Алла Тағалаға тән, ал сол істерді істеу (кәсіптену) жөні - пендеге тән.
    (Құдайдың бойға бітірген күш-қуатты пайдаланып, өз ықтиярымызбен орындаған іс-әрекетті кәләм ғылымында «кәсб» дейді. Ол іс-әрекетті жарататын - Алла тағала, оны «холқ» дейді). 
  • Алла Тағала қалағанына үстемдік береді. (Алла Тағала жаратылыстарды әртүрлі дәрежеде жаратады және қалаған пендесіне байлықта болсын, күш-қуатта болсын үстемдік береді) 
  • Алла Тағала пенделеріне күші жетпейтін міндеттемелерді жүктеуде ерікті (алайда, өзінің пенделеріне деген мейірімділігінен оларға күші жетпейтін міндеттемелер жүктемеген).
  • Алла Тағала кінәсіз пендені азаптау не азаптамауға ерікті (қаласа азаптайды, бірақ азабын күнәға белшесінен батып, тәубе етпей өліп кеткен және өлелгенше сенбей кәпір болып өткен пенделеріне әзірлеген).
  • Алла Тағала (мұғтәзилиттер айтқандай) пенделеріне ең жақсысын жасауға міндетті емес (алайда ол не істесе де астарында пенделері үшін бір пайдасы жасырулы).
  • Алла Тағалаға бір нәрсені істеу уәжіп емес, бірақ (пайғамбарлары мен кітаптары арқылы білдірген істерін істейді).
  • Алла Тағала адамдарға пайғамбарлар жіберуге міндетті емес, ерікті. (Пайғамбарларды жібермеймін десе де өз еркі, бірақ пенделеріне деген мейірімдігінен кітаптар жіберіп, оны адамдарға түсіндірер, жол көрсетер пайғамбарлар жіберіп отырған).
  • Мұхаммед пайғамбардың пайғамбарлығы - нақты, әрі ақиқат. Оның (с.а.у.) пайғамбар екендігі мұғжизалармен қуатталған. (Мұғжиза – әдеттегі табиғат заңдарына қарамақайшы келетін және пайғамбарлардан басқа ешкім істей алмайтын таңғажайып істер. Ислам дінінде мұғжиза көрсету - пайғамбардың пайғамбарлығының дәлелі).

4) Төртінші негіз: Жаратушы Алла Тағала мен Оның пайғамбарынан ғана есту мүмкін болған нәрселерге, яғни, «Сәмъияттарға» сену. Бұл мына он асылды растаудан тұрады:

  • Өлгеннен кейін қайта тіріліп, махшар майданында жиналатындығымызға сену.
  • Қабір азабының бар екендігіне сену.
  • Қабірде Мүнкір-Нәкір періштелерінің сұрақ сұрайтындықтарына сену.
  • Амал таразысына сену (істеген істерінің таразға тартылатындығына сену).
  • Сырат көпіріне сену.
  • Пейіш пен тозақтың жаратылғанына сену.
  • Және «имамет» ахкамдарына сену. (яғни, мүміндердің халифаларына қатысты айтылған үкімдерге сену болса керек, мысалы, халифаның құрайштан болатындығы, басшының күнәсіз еместігі, басшыға жақсы нәрселерде бағыну керектігі т.б.).

Имам Ғазалидің «Раузату ат-Толибин» атты еңбегінен аударылды. Аударып, дайындаған: А. Қасым.

0 пікір