Иман деген не? (Әбу Ханифа мен шәкіртінің әңгімесі)
Иман деген не? (Әбу Ханифа мен шәкіртінің әңгімесі)
5 жыл бұрын 8918
Аударып дайындаған А. Қасым

Имам Ағзам Әбу Ханифадан бізге дейін жеткен тамаша кітаптың бірі - "Әл-Алим уәл-Мутааллим" атты кітап. "Ұстаз бен шәкірт" немесе "Білуші мен үйренуші" деген мағынаны білдіретін ол кітапта Әбу Мұқатил есімді кісінің Имам Ағзамға қойған сұрақтары мен Әбу Ханифаның берген жауаптары орын алған. Сұрақ-жауап түріндегі ұстаз бен шәкірт арасында туындаған сұхбатты оқып отырып, рухани лаззат аласыз. Сұхбат барысында шәкірттің ұстазына деген құрметін, оған көрсеткен кішіпейілдікті, сауал қою барысындағы көркем әдепті көріп риза болмау мүмкін емес...
Төмендегі жазбамызда сол сұхбаттан бір үзінді ұсынып отырмыз. Алла зейіндеріңізді ашсын!

Иман деген не?

Шәкірт (Әбу Мұқатил):
- Қандай әдемі түсіндірдіңіз. Енді, айтыңызшы: Иман деген не?

Ұстаз (Әбу Ханифа радияллаһу анһ):
- Иман дегеніміз, ол – тасдыйқ (растау), мағрифа (білу), яқин (шүбәсіз сену), иқрар (мойындау) және Ислам. Адамдар тасдыйқ жөнінен (яғни, растау жөнінен) үш дәрежеге бөлінеді:  
1. Кейбір адамдар бар, Алланы және Алладан келген барлық нәрселерді жүрекпен де, тілмен де растайды. 
2. Кейбір адамдар тілімен растап, жүрегімен өтіріксінеді.
3. Ал, кейбіреулері болса, жүрегімен растайды, бірақ тілімен өтіріксінеді.

Шәкірт:
- Сөзсіз бұрын білмеген мәселені маған аштыңыз. Енді айтыңызшы, аталмыш үш деңгейдегі адамдардың бәрі Алланың құзырында мүмін-мұсылман ретінде есептеле ме?  

Ұстаз:
- Кім Алланы және Алладан келген нәрселерді жүрегімен де, тілімен де растаған болса, ол – Алланың құзырында да, адамдардың алдында да мүмин. Ал, кім тілімен ғана растап, бірақ жүрегімен өтіріксінсе, ол – Алланың алдында кәпір, бірақ адамдардың назарында мүмин саналады, өйткені адамдар оның жүрегіндегіні білмейді. Олар оның тілімен иқрар ету арқылы куәлік еткеніне қарап, оны мүмин-мұсылман санаулары ләзім. Оларға жүректегі нәрсені қарастыру міндеттелмеген. Және кейбір адамдар бар, Алланың құзырында мүмин саналғанымен, адамдардың назарында кәпір. Олай болуының себебі, Аллаға иман еткенімен, онысын жасыру мақсатында сөз жүзінде кәпір екендігін паш етеді. Осылайша, оның жасырып тұрғанын білмейтіндер, оны кәпір санайды, алайда ол Алланың назарында мүмин боп саналады.

Шәкірт:
- Әділ түрде тарқатып айттыңыз. Бірақ, сіз иманға анықтама берген кезде иманды: тасдыйқ (растау), мағрифа (білу), иқрар, Ислам және яқин деп, иманды көбейтіп жібердіңіз.

Ұстаз:
- Алла сені дұрыстыққа бастасын! Бойыңды асығыстық билемесін. Пәтуада берік бол. Егер, менің айтқандарымның ішінен бір нәрсені қабылдай алмай тұрсаң, оның түсініктемесін сұра, егер шын пейілді болсаң. Неше түрлі сөздер бар, адам естіп, ұнатпай, кейін оның мәнін білдіргеннен кейін, құптап, мақұлдап жатады. Бір сөзді естіп, ұнатпай жатса, қаралау мақсатында адамдар арасына жаятын әлдекімдер секілді болма. Олар былай демейді ғой: мүмкін бұл сөздің түсініктемесі бар шығар, әділ тарапы бар шығар, мен оны білмей тұрған шығармын, неге досымнан оның мәнін сұрамасқа. Мүмкін жаңылысып кетіп, байқамай айтып қойған шығар. Оның анық-қанығына жетуім керек. Не мағынада айтқандығын білмей тұрып, досымды қаралап, әшкерелегенім болмас... (деп айтпайды ғой).   

Шәкірт:
- Алла сіздің қадамыңызды берік етсін. Тауфиққа бастап, сізге беріп жатқан жақсылығын үзбесін. Маған айтқандарыңызды ұқтым. Шәкірт бола тұра менен кеткен оқылық үшін айыпқа бұйырмаңыз. Жоғарыда баяндап өтілген тасдыйқ, мағрифа, иқрар, Ислам және яқин жайында, әрі, олардың дәрежелері мен мән-мағыналары жайында сіздегі анықтамасын айтып өтсеңіз!

Ұстаз:
- Шын мәнісінде, атаулары әртүрлі болғанымен, мағыналары бір. Бәрі бір иманды білдіруде. Ашып айтқанда, Раббысы Алла екендігін мойындауы (иқрар ету). Раббысы Алла екендігін растауы (тасдыйқ), Раббысы Алла екендігіне шын жүректен нануы (яқин) және Раббысы Алла екендігін білуі (мағрифа). Бұл әртүрлі атаулардың мағыналары бір. Құдды, әлдебір ер адамға: Ей, адам! Ей, еркек! Ей, пәленше – деп айтылғаны сияқты. Олай айтушының көздегені бір адам, бірақ әртүрлі атаумен оны шақыруда.

Шәкірт:
- Алла сізді рахымына бөлесін. Мен мендегі ілімнің аздығын және пікірімнің әлсіздігін білмесем, сізге келмес едім. Егеряки, менен сізге ұнамайтын бір нәрсе көрсеңіз, әрі сізді шаршатқан болсам айып етпеңіз. Сөзсіз, науқастың дертінен арылу ауыртпалығы дәрігерге жүктелмек. Соқырдың соқырлығының ауыртпалығы көзі сау адамға болмақ. Сол сияқты, ғалым адам да жәһіл (сауатсыз) адамның ауыртпалығына төзе білуі керек. Өзіңіз де білесіз, кейбір сөздер бар, оны жәһіл (сауатсыз) адам естігенде алғашында үркіп кетеді, бірақ түсініктеме берілген заматта көңілі қайта орнына келіп жатады. Иман, тасдыйқ, яқин және ықылас жайында тамаша түсіндірдіңіз. Енді айтыңызшы, неге біз: «Иманымыз - періштелер мен пайғамбарлардың имандарына ұқсас (солардың иманы сияқты)» деуіміз керек? Олар бізден әлде қайда Аллаға жақын, бізден көп итағат етуші емес пе?...

(Жауабы келесі жазбамызда...)

0 пікір