Имам Шафиғидың толық аты-жөні - Әбу Абдулла Мұхаммед ибн Идрис әш-Шәфиғи. Шәфиғи мәзһабының негізін қалаушы ғұлама, тарихта есімі алтын сиямен жазылған тұлға, дін ғылымының ең үстінгі дәрежесіне жеткен Мүжтәхид-Мүстәқил.
Имам Шәфиғи хижри жыл санауы бойынша 150 жылы, ережеп айында (б.ж.с. 767, тамыз айы) қазіргі Палестина мемлекетіндегі Ғаза қаласында, тұрмысы нашар отбасыда дүниеге келеді. Құндақтағы сәби шағында әкесі қайтыс болып, жетім өскен оны он жасында анасы Мекке қаласына, ата-бабасының кіндігі тамған мекенге аттандырады.
Имам Шафиғи Исламның мүжтәһид-ғұламасы болуымен қатар, араб тілі мен әдебиетіне өте жетік жан тұғын. Оның жазған «диваны» (өлең шумақтары) осы күнге дейін жеткен.
Бүгін Имам Шафиғидің «сопылық» жолы жайында айтқан біршама сөздерін келтіруді жөн санадық.
№1 сөз. Сопылық жайында жазған өлең шұмағы:
فقيهاً وصوفياً فكن ليسَ واحداً - Фиқһшы және сопы (бол), біреуі ғана болма
فَإني وَحَقِّ اللَّهِ إيَّاكَ أَنْصَحُ - Менің Алла үшін саған берген насихатым.
فذلك قاسٍ، لم يذق قلبه تقى - Анау (яғни, фиқһшы) қатты: жүрегі тақуалықтың дәмін татпаған
وهذا جهولٌ، كيف ذو الجهل يصلحُ؟ - Ал мынау (сопы) жәһіл... Надандық иесі қалай дұрысталмақ?
Түсініктеме:
Яғни, әрі фиқһ ілімін біл, әрі сопы бол. Біреуі ғана болма. Екеуі бір-бірінсіз болмайды. Тек фиқһ ілімін үйреніп, сопы болмаған адамның (тақуалықты үйренбеген адамның) - жүрегі қатты, өйткені тақуалықтың дәмін татпаған. Тура сол секілді, фиқһты білмеген, шариғат ілімінен бейхабар сопы да, діни сауаты жоқ надан болады. Шариғатты білмеген сопы дұрыс сопы емес.
Имам Шафиғидың бұл сөзі, бірнеше ғасыр кейін өмір сүрген Имам Раббанидың мына сөзімен ұштасады:
«Әркімге ең алдымен керегі – Әһли сүннет уәл жамағат ғалымдарының түсінгендеріне сай әрі үйреткендеріне сай ақиданы (сенімді) түзелту. Тозақтан құтылатын бір топ – сол ғалымдардың тобы. Иманды (сенімді) дұрыстағаннан кейін, парыздарды, сүннеттерді, мұстахабтарды, харам мен халалды, мәкруһ пен шүбүһәтті (күмәндарды) біліп, осы фиқһ үкімдеріне сай жүру керек. Осы сенім мен амалдан тұратын екі қанатқа қол жеткізгеннен соң, егер Алла жәрдем етіп, рұқсат берсе, ақиқат әлеміне ұшуға болады. Бірақ, аталмыш екі қанатқа қол жеткізбестен, ақиқат әлеміне ұшамын деу бекер...»[1].
№2 сөз.
"حُبب إليّ من دنياكم ثلاث: ترك التكلف، وعشرة الخلق بالتلطف، والاقتداء بطريق أهل التصوف"
«Маған сендердің дүниелеріңнен үш нәрсе үнады: Жасандылықты тәрк ету (тәкәллуф), халыққа (адамдарға) сыпайылық таныту және тасаууф ұлықтарының жолымен жүру»[2].
№3 сөз.
صحبت الصوفية فلم استفد منهم سوى حرفين، وفي رواية سوى ثلاث كلمات قولهم: الوقت سيف إن لم تقطعه قطعك، وقولهم: نفسك إن لم تشغلها بالحق شغلتك بالباطل، وقولهم: العدم عصمة
«Сопылармен сұхбат еткенімде (немесе жолдастық еткенімде), мына үш сөзден басқасын үйренбедім: 1. Уақыт – қылыш іспетті. Егер, сен оны кеспесең, ол сені кеседі; 2. Егер, нәпсіңді хақпен мәшғұл етпесең, ол сені жалғанмен мәшғұл етеді; 3. Өзіңе еш нәрсені тән етпеу – қорғаныс (күнәлардан қорғайды)»[4].
Осы орайда, Абай атамыздың мына өлең жолдары ойға келіп отыр: «Менікі дегеніңнің бәрі – онікі, өлмек үшін туғансың, ойлан шырақ!»
№4 сөз.
حَدَّثَنَا مُحَمَّدُ بْنُ عَبْدِ الرَّحْمَنِ ، حدَّثَنِي أَبُو الْحَسَنِ بْنُ الْقَتَّاتِ ، ثنا مُحَمَّدُ بْنُ أَبِي يَحْيَى ، ثنا يُونُسُ بْنُ عَبْدِ الأَعْلَى ، قَالَ : سَمِعْتُ الشَّافِعِيَّ ، يَقُولُ : " لَوْلا أَنَّ رَجُلا عَاقِلا تَصَوَّفَ ، لَمْ يَأْتِ الظُّهْرَ حَتَّى يَصِيرَ أَحْمَقَ
Сиқа дәрежесіндегі хадисші ғалым Юнус ибн Абдул Аъля былай дейді: «Мен Имам Шафиғидың былай деп айтқанын естідім: «Ақылды адам егер сопылық жолына түспесе, ол бесін болмай жатып ақымақ болады»[4].
Имам Шафиғидың бұл сөзі кейбір мұсылмандар тарапынан, әсіресе сәләфи бағытындағылар тарапынан қате аударылып, сол қате күйінше таралуда. Қате нұсқасында: «Ақылды адам сопылық жолына түссе, ол бесін болмай жатып ақымақ болады» делінген. Осы сөзді кей мұсылмандар көлденең тартып, Имам Шафиғиды сопыларға қарсы адам ретінде көрсеткісі келеді. Шын мәнісінде, ол нұсқада "олай болмаса", "олай етпесе" деген ұғымға саятын «Ләу лә» сөзінің түсіп қалғандығынан көбі бейхабар. Өйткені, түп нұсқасына үңілсек «ләу лә» сөзі бар. Хадисші ғұлама Әбу Нуъайм әл-Асбаһанидің кітабында солай келген. Сонда мағынасы жоғарыда аударғанымыздай болмақ.
Сөз соңында айта кетелік, сопылықтың дұрысы да бар, бұрысы да. Егер, Құран мен сүннетке қайшы келмейтін болса, ол жол дұрыс жол. Өйткені, Исламдағы сопылық жолының түп қайнар көзі – Құран мен сүннетке тіреледі. Ол екеуіне қайшы келетін жол - Исламдағы сопылық емес. Имам Раббани былай деген:
«Кімде-кім, мың жыл ғибадат етсе де және нәпсіге ауыр келетін «риязатта» болса да, қатты «мүжәһәдә» жасаса да (яғни, нәпсіге ауыр келетін нәрселерді жасаса да), егер оның бір жері Ұлық Пайғамбарымызға (зи шан) сәйкес келмесе, оның сонша күш сарп етуінің бір түйір арпаның құнындай құны жоқ. Құмды шөлде көрінген сағымдай».
Сондықтан да, кейбір бұрыс сопылық жолдағыларға қарап, бүкіл сопылық мектебін жаппай қате деу дұрыс емес.
[1] Имам Раббани: Мәктубат. 94 м.
[2] Әл-Ъажлуни: Кәффул Хофа. 1/388 бет.
[3] Имам Суюти: Тәид әл-Хақиқатиль ъуля; АбдульҚадир Иса: әл-Хақиқа ъанит тасауф. 456 бет.
[4] Мухаддис Әбу Нуъайм әл-Асбаһани: Хулятуль Әулия – «Имам Шәфиъи».