Ибн Тәймия мен сәләфизм бағытының іргелі-негізгі 7 қателігі
Ибн Тәймия мен сәләфизм бағытының іргелі-негізгі 7 қателігі
3 жыл бұрын 10872
Дайындаған Абдусамат Қасым

 Бисмилләһир рахманир рахим

Шейх Ибн Тәймия және оның ақидадағы әдістемесін ту ететін сәләфизм-уахабизм бағытындағылар Ислам сенім негіздерінде қия басып, көпшілік ғұламалардың жолынан ауытқығандығы баршаға мәлім. Бір қызығы, Ибн Тәймия да, кейінгі оның жолымен жүрушілер де өздерінің қате ұстанымдарын, алдыңғы буын Имамдардың, яғни, «Сәләф солихин» ғұламаларының жолы деп сендіруде. Алайда, оның олай еместігі ақида саласынан хабары бар мамандарға белгілі. 

ХІІ-ХІІІ (12-13) ғасырларда өмір кешкен Ханбали мәзхабының ғұламасы Ибн Жәузи (рахимаһуллаһ)[1], өзінің мәзхабтастары (Ханбалит) арасындағы сүннит жолынан ауытқып, қате бағытқа жөнелгендердің, немесе бүгінгі тілмен айтқанда, «сәләфизм-уахабизм» деген атаумен белгілі тармақтың қателіктерін жеті пункта топтастырған.

Ибн Жәузи (рахимаһуллаһ) былай дейді:

«Мен айтып өткен жазушылардың қателіктері мына жеті жерде көрініс тапқан (жазушы деп отырғаны, ертеректегі Ханбали мәзхабы ішіндегі қате түсінікке бой алдырған Әбу Абдулла ибн Хамид, әл-Қадый Әбу Яъля және Әбу Хасан ибн әз-Зәғуни деген кісілер, кейіннен бұлардың жолын Ибн Тәймия жалғастырады). Ол жеті пункт төмендегінше:

1) Олар «ахбарларды» сипат деп атады. Шын мәнісінде, олар (ахбарлар) – тіркес болып саналады (мудафат). Әрбір тіркесіп келген сөз – Алланың сипаты бола бермейді. Мысалы, Алла Тағаланың Құран Кәрімде: «Мен оған өз рухымнан үрледім...» деген аяты бар[2]. Алла Тағаланың «Рух» деген сипаты жоқ қой. (Немесе олар «истиуаны» сипат дейді, Алланың истиуа деген сипаты жоқ). Шын мәнісінде, Құрандағы «тіркестерді» (Аллаға тіркесіп айтылған сөздерді) «Алланың сипаты» деп атайтын адам бидғат шығарған болады.

2) Олар (әлдебір екі ұдай мағыналы, яғни, мүтәшәбиһ хадистерге байланысты): «Бұл хадистер – мағынасын Алладан басқа ешкім білмейтін «мүтәшәбиһат» хадистерден болып саналады» дейді де, артынан: «Ол хадистердің беткі мағынасын (яғни, тура мағынасын) аламыз» дейді. Сонда қалай болғаны? Мағынасын тек Алла Тағала ғана білетін болса, оның қандай «беткі мағынасын» айтып тұрсыңдар? Мысалы, «Истиуа» сөзінің (Рахман Алла аршқа истиуә етті деген аяттағы «истиуә» сөзі) беткі мағынасы – «отыру» дегенді білдіреді емес пе? Ал «Нүзул» (түсу, «Алла дүние аспанына түседі» деген хадистегі «түсу» сөзін айтып отыр) сөзінің беткі мағынасы – бір жерден, екінші жерге ауысу дегенді ұғындырады емес пе? (Яғни, сонда «мағынасын бір Алла ғана біледі» деп, артынан беткі мағынасын алып, тура мағынасында «Алла отырды», «Алла бір жерден екінші жерге ауысты» деп ұғынуымыз керек пе? Олай болса, «Мағынасын Алла ғана біледі» дегендерің қайда қалды?)

3) Олар (ахад хадистер сияқты «занни» дәлелдерге сүйеніп) кемшіліктерден пәк Алла Тағалаға «сипаттар» бекітеді. Шындығында, Хақ Тағаланың сипаттары, тек қана, «қатъи», яғни, кесімді дәлелдермен ғана бекітілуі тиіс. (Қатъи – бұлтартпас, нақты, кесімді дәлел. Занни – нақтылығы жөніне екінші дәрежелі дәлелдер).  

4) Олар, Аллаға сипат белгілеу мәселесінде «мәшһур» хадис пен «сахих емес» хадистер арасын бөліп-жарып қарамайды. Мысалы, Аллаға сипат белгілеу мәселесінде - «Алла дүние аспанына түседі» деген Алла елшісінің сөзі мен «Раббымды ең көркем суретте көрдім» деген хадис арасын бөліп қарамайды. Мынамен де, онымен де Алланың сипатын бекіте береді (яғни, нақтылығында күмән бар риуаяттарға қарап «Алланың пәлен деген сипаты бар» дейді).

5) Сондай-ақ, олар «сипат» мәселесінде - тізбегі Пайғамбарымызға дейін (с.а.у.) жалғасатын «мәрфуъ» хадистер мен тізбегі сахабада немесе тәбиғинде тоқтайтын «мауқуф» хадистер арасын бөлмейді. Біріншісімен де, екіншісімен де, Аллаға сипат белгілей береді.  

6) Олар аят-хадистердегі кейбір сөздерді бір жерде «тәуил» жасайды, басқа жерде «тәуил» жасамайды. Мысалы, мына бір «құдси» хадисті «Кім маған жүріп келсе, мен оған жүгіріп келем» деген хадисті, олар: «нығметке бөлейтіндігіне тәмсіл» деп түсіндірген. Ал, мысалы, табиғин Омар ибн Абдульазизден риуаят етілген, оның: «Қиямет қайым болғанда Алла Тағала жаяу жүріп келеді» деген сөзіне қатысты олар: «бұл мәліметті тура мағынасында қабылдаймыз» - деген.  Таң қаларлық! Пайғамбарымыздың (с.а.у.) хадисін тәуил етеді де, ал тәбиғин Омар ибн Абдульазиздің сөзіне тәуил жасамайды. (Тәуил – жорамал). 

7) Олар мүтәшәбиһ хадистердегі айтылғандарды – сенсуалистік (хисси)[3] танымына сай түсінді. Мысалы, олар айтады: «Алла Тағала дүние аспанына «затымен» (яғни, өзі) түседі, затымен бір жерден екінші жерге ауысады, затымен бір күйден екінші күйге өзгеріп отырады» дейді де, бірақ артынан: «бұл құбылыстар біздің ойлағанымыздай емес» - деп шығады. Осылайша, естіген адамды шатастырады. Және олар сезім мен ақылды қайшылыққа түсіріп (немесе сезімді ақылға үстем етіп), хадистерді «хиссиятқа» (сезімдік әсерлерге, сенсуалистік танымға) тән етті[4]...  

Бұл көріністі бүгінгі сәләфизм бағытындағылардың ұстанымынан да анық байқалатындығы білімді кісіге аян деп ойлаймын. Себебі, сәләфизм ағымының іргесі – Ибн Тәймияның сенім-негіздеріне және оның реттеген әдістемелеріне сүйенеді. Ал, Ибн Тәймия болса, жоғарыда аты аталған, «әл-Қадый Әбу Яълә» деген кісіден әсерленіп, өзінің сенімдегі ұстанымының іргесін - сол кісінің көзқарастарына қалаған.

Ибн Жәузи (рахимаһуллаһ) өзінің мәзхабтастары болған - Әбу Абдулла ибн Хамид, әл-Қадый Әбу Яъля, Әбу Хасан ибн әз-Зәғуни сынды кейбір Ханбали дін адамдарының қате ұстанымын беттеріне басып, Ұлы Имам Ахмед ибн Ханбәлдың атына кір келтіріп жатқандарын айтқан және Ол (Ибн Жәузи) әлгі аты аталған кісілердің сорақы сенімдеріне қарсы «Дәфъу шүбәһит-тәшбиһ Би-Әкуффит Тәнзиһ» атты еңбек жазып шығарады. Жоғарыда келтіріп өткен «жеті пункт» сол кітаптың кіріспе бөлімінен алынды. Ендігі жерде, сәләфизмнің о баста қалай өрбігендігін жалпылама елестете алуымыз үшін ғалымның сөздерінен үзінділер бере кетелік, бұл да аталмыш кітаптың кіріспе бөлімінде орын алған (12-13 ғасырда айтылған сөздер):   

«Байқаймын, біздің жолдастарымыздың арасынан әлдекімдер «ақида» мәселелеріне байланысты дұрыс емес нәрселерді айтып жүр. Солардың үшеуі (осы тақырыпта) еңбек жазуға өздерін лайық көрген. Олар: Әбу Абдулла ибн Хәмид пен оның досы әл-Қадый Әбу Яълә және Ибн Зәғарний. Бұлар жазған кітаптарымен Ханбали мәзхабына кір келтірді. Мен оларды, ауамның (қарапайым, дін ілімінен хабарсыз халық) деңгейіне түсіп кеткендерін көріп отырмын. Олар (әлгі үшеуі) Алланың сипаттарын – сезу қабілеті негізінде түсінді. Мәселен, олар «Алла тағала Адамды өзінің суретінде жаратты» деген риуаятты естіп алып, Алла Тағаланың затына артық сурет пен бет-әлпет тән етті. Сондай-ақ, екі көзі, аузы бар деді. Тілдері бар деді. Тістері бар деді. Екі қолы, саусақтары, алақаны, шынашағы, сұқ саусағы, көкірегі, саны, екі сирағы, екі аяғы бар деді (астағфирулла). Және: «Алланың басы бары жайында естімедік» деді (әйтпесе басы бар деп айтар еді)...

...Кейін, бұлардың сипат екендігін бекіткеннен соң: «Біз бұлардың астарындағы мән-мағынасына үңілмейміз» деді, мысалы: «Қол» дегенді нығмет, құдірет деп, «сирақ» сөзін болса қаталдық деп, ал «келуді» - Алланың жақсылығы, мейірімі деп алмаймыз, біз ол сөздерді «беткі үйреншікті мағынасында» аламыз деді. Ал оның беткі үйреншікті мағынасы – адам баласының сипаттарының дәл өзі екендігі белгілі...

Олар «тәшбиһ» ұстанымындарын бүркеу үшін, өздерін «мүшәббиһа» екендіктерін жоққа шығарып: «Біз – Әһлу суннамыз» деді (қазіргі сәләфилер де біз Әһлу суннамыз дейді). Алайда олардың айтқан сөздері, ашық – тәшбиһ (Алланы жаратылыстарға ұқсату) сенімі болып саналады. Ауам арасынан (қарапайым халық арасынан) біраз адамдар олардың жолына түсті..

...Егер сендер «біз хадистер оқудамыз» десеңдер, үндемес едік, ешкім сендерге қарсы шықпас еді. Бірақ сендердің ол хадистерді беткі мағынасында қабылдауларың өте әбес тірлік. Шынайы Сәләф саналатын Имам Ахмедтің мәзхабына жоқ нәрсені кіріптар етпеңдер. Сендер бұл мәзхабқа сондай жаман нәрсе кигіздіңдер, жұрт «Ханбали мәзхабынанмын деген адамға» бірден «мүжәссим» деп қарайтын болды...»[5].

(Мүжәссима – антропоморфизм, Алла Тағаланың ағзалары бар, деп түсінетін діни ағым).


[1] Толық аты жөні: Әбуль Фәрәж Абдуррахман ибн Али әл-Қураши. (м. 1116-1201 ж). ХІІ-ХІІІ ғасырларда өмір сүрген Ханбали мәзхабының фиқһ білгірі, тарихшы, әрі кәләмшы, сондай-ақ, Хадис саласының маманы. Көптеген іргелі еңбектердің авторы. Ислам тарихында «Ибн Жәузи» лақаб атымен танымал Ислам ғұламасы.
[2] «Хижр» сүресі, 29 аят.
[3] Сенсуализм (сезім, түйсік) – сезімдік қабылдауды танымның негізгі әрі шынайы үрдісі деп санау. Рацианализмге кереғар ұғым.  
[4] Ибн Жаузи: «Дәфъу шүбәһит тәшбиһ» атты кітабынан.
[5] Ибн Жаузи: «Дәфъу шүбәһут тәшбиһ Би-Әкуффит Тәнзиһ». Тахқиқ: Шейъ Алламә Мұхаммед Зәһид әл-Кәусәри (рахимаһуллаһ).

2 пікір
  • Муташабих АЯТТАР, хадис деп қате кетіпті
    2 жыл бұрын
  • Хадисті сонда жай ғана оқу керекпіз бе !? Мағынасын білмейміз деп айтамыз ба!? Онда құран не үшін түсті ?мағынасын білмейтін болсақ!!! Сонда пайғамбар дінді жеткізбекді ме ? Бізге дұрыс түсіндірмеді ме? Сендердің түсініктерін бойынша құран оқыған адам ,хадис оқыған адам адасады деген мағына шығады ақидаларын бойынша...
    7 ай бұрын