Харам табыс та Алланың ризығы ма? (Ақида)
Харам табыс та Алланың ризығы ма? (Ақида)
4 жыл бұрын 12805
Имам Нуруддин ас-Сабуни р.а. (ө.ж.м. 1184 ж.)

Әһли сүннет ғалымдары айтты: Адам не жеген болса, ол оның ризығы. Мейлі халал болсын, мейлі харам болсын[1]. 

Мұғтәзилия бағытындағылар болса: «Харам – ол ризық емес», - деді (ризық деп, тек халал нәрселер айтылады деді олар).

Таласты тудырып отырған себеп:

Біздің тұжырымыз бойынша «ризық» деп, тірі жанның қорек еткен нәрсесіне айтылады.

Ал, мұғтәзилит ағымындағылардың пайымынша, ризық – ол, меншік (яғни, адамның меншігіне өткен адал нәрсе).

Олардың бұлай пайымдаулары қате. Себебі, бұндай түсінік Алла Тағаланың мына аят-и кәримадағы барлық жандының ризығын беретіндігіне қатысты берген уәдесіне теріс. Алла Тағала былай деген:

 «Жер бетіндегі барлық жан-жануардың ризығы Аллаға тән». («Һүд» сүресі, 6 аят).  

Жан-жануардың меншік иесі болулары мүмкін емес екендігі мәлім. (Ендеше, ризықты тек «меншігіне өткен нәрсе» деп түсіну қате).

Сондай-ақ, бір адам өмір бойы харам жеп өтуі мүмкін. Ал, енді, оған қатысты «Алланың берген ризығын жемеді» деп айту шындыққа жанаспайды. (Сол себепті, мұғтәзилиттердің айтқаныдай "ризық деп, тек халал нәрсеге айтылады" деу де ақиқат емес).

Осы тұрғыда мынадай сауал туындауы мүмкін:

Егер, арам (табыс) та Алланың ризығы болып есептелсе, онда неге оны жеген адамға жаза беріледі? 

Бұған жауап ретінде айтарымыз:

Пенде арам нәпақа табу жолына жүгінгені үшін және соған ниет етіп, соны таңдағаны үшін жазаланады. Өйткені, Алла Тағала жалпылама ризық беретінін уәде етсе де, оны халал жолмен табуды пендесіне былай деп бұйырған:

«Жер бетіндегі нәрселердің адал, әрі таза болғанын жеңдер!». («Бақара» сүресі, 168 аят).

Қашан пенде дүниеқоңыздыққа салынып, нәпсінің жетектеуімен харам жолмен ризығын табуға талпынса, Алла Тағала оның ризығын сол таңдаған жолымен жеткереді. Бірақ, Оның әміріне теріс келіп, қате табыс жолын таңдағаны үшін де жазалайды. Құдды, «мүтәуәллидәт» тарауында айтқанымыз сияқты: Өлім – өлтірілген адамда Алланың жаратуымен көрініс таппақ, бірақ, өлтірген қылмыскерді сондай қылмысқа барғаны үшін және өлтіруді ниет еткені үшін жазалайды дегенбіз (ризық мәселесінде де солай: Құл харам жолмен ризығын табуды таңдаса, Алла Тағала оның таңдауына орай, сол жолмен ризығын жаратады, бірақ таңдауына қарай оны жазалайды). Тауфиқ беруші Алла!

(Қорыта айтқанда, бүкіл жандының ризығын беруші Алла Тағала. Соның ішінде адамның да ішім-жемін, ризық-несібесін беретін де бір Құдай. Егер, пенде өзінің ризығын харам жолмен табуды көздесе, Алла Тағала оның ризығын оған сол жолмен жеткізеді. Ал, халал жолмен іздесе, Алла оған оның ризығын халал жолмен жеткізеді. Осы жөнінен қарағанда, адамның тапқан табысы мен нәпақасы харам болса да, халал болса да - «ризық» деп аталады. Яғни, Әһли сүннит жолындағы біздер Мұғтәзилиттер айтқандай тек халал нәпақаны ғана ризық деп атамаймыз. Харам табыстың да аты ризық. Тек, кім адал жолмен ризығын іздесе, Алладан сауап алмақ. Кім харам жолмен іздесе, Алланың жазасына ұшырамақ-ауд.). 


[1] Харам – бұл жерде шариғатқа қайшы жолмен табылған нәпақаны айтуда. Мысалы, пара алу, өсім жеу, ұрлық жасау т.б. Ризық – Аллаға Тағаланың тірі жанға берген қорегі. Ол кейде харам болуы мүмкін, кейде халал болуы мүмкін.  Халал болса да, харам болса да, ол Алланың ризығы болып есептеледі. «Шынында Алла – Раззақ, ризық беруші» («Зәррият» сүресі, 58 аят). Харам ризықты Алла бергісі келмесе де, пенде өздігінен тапты делінбейді. Харам да болса тапқан ризығын – түбінде Алла Тағала беріп отыр. Қалайша істеген істерімізді (харам болсын, халал болсын) жарататын Алла десек, ризығымызды да беретін Алла. Мысалы, өмір бойы харам жеп өткен адамды Алла ризықтандырмады дей алмаймыз. Өйткені, жер бетіндегі барлық жандының ризығын беруші Алла. Құран Кәрімде: «Жер бетінде жаны бар не бар болса, бәрінің ризығы Аллаға тән», - делінген. («Һүд» сүресі, 6 аят).

"әл-Бидәя фи Усулиддин" атты ақида кітабынан. 
Аударып, дайындаған: А. Қасым. 

0 пікір