Дәжжәлдың (Тажал) бүлігінен қорғану жолдары қандай?
Дәжжәлдың (Тажал) бүлігінен қорғану жолдары қандай?
8 күн бұрын 1705 islam.kz

Қияметтің үлкен белгілерінің бірі - Дәжжалдың пайда болуы. Қазақша «Тажал» деп аталатын бұл адам шығыстан шығады, дәлірек айтқанда Хорасан аймағынан, Исфахан қаласындағы «яһудия» ауданынан пайда болады делінген деректерде. Оның соңынан жетпіс мың яһуди ілеседі екен. Бойынан таңғажайып кереметтер табылады. Өзін құдаймын деп әйгілеп, көп адамды адастырады. Оның бүлігінен аман қалатындар аз болады. Төменде Тажалдың бүлігінен аман болу үшін хадистерден ақыл-кеңестер келтірілген. Соларды беріп отырмыз: 

Тажалдың бүлігінен қорғану жолдары 

1. Тажалдың жүрген жерінен қашу.

Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай деген: «Кім Тажалдың шыққанын естісе, одан ұзақ кетсін!». Егер Тажалдың бір жерде жүргенін естісеңіз, басқа жерге кетіңіз. Егер шығыста жүрсе, сіз батысқа кетіңіз, егер батыста жүрсе, шығысқа кетіңіз. Қай жағдайда да онымен бір жерде жүрмеңіз. Бұл тажалдың бүліктерінен қорғанудың әуелгі жол. Өйткені, кісі оны көрейін, сөйлесейін деп қасына барғандай болса, қанша мүмін болса да алданып, қалай оған сеніп алғанын білмей қалуы ғажап емес.

2. Тажалдан қорғанудың екінші жолы - оның бетіне «Кәһф» сүресінің бастапқы он аятын оқу.

Бұған байланысты Алла елшісі (с.а.у.) былай деген: «Кім Кәһф сүресінің бастапқы он аятын жаттаса, Тажалдан аман болады»1.

3. Тажалды тану.

Тажалдың бүлігінен құтылудың бірден-бір жолы - оны тану екендігі даусыз. Пайғамбарымыз (с.а.у.) көптеген хадистерінде оның түр-сипатын беріп кеткен. Алла елшісі (с.а.у.) хадистерінде оның бір көзі соқыр және екі көзінің ортасында «кәпір» деп жазылып тұратынын анық айтады. Ол (с.а.у.) былай дейді: «Уа, Алланың құлдары! Оның екі көзінің ортасында «кәфир» деп жазылып тұрады, ол жазуды оқу білетін де, оқу білмейтін де оқи алады» дейді.

4. Мекке мен Мәдина қаласын паналау.

Тажалдан қорғанудың бір жолы Мекке мен Мәдина қаласын паналау. Өйткені, әлемнің түкпір-түкпірін кезіп, қасқағым сәттерде түрлі жерлерде бола алғанымен, Мекке мен Медине қаласына кіре алмай қояды, ол екі қаланың әрбір кіретін есік-тесігін періштелер қорғап тұратын болады.

5. Дұғаларында Алладан Тажалдың бүлігінен пана тілеп жүру. 

Алла елшісі (с.а.у.) дұғаларында Тажалдың бүлігінен жиі Құдайдан пана тілейтін. Ол (с.а.у.) бір дұғасында былай дейді: «Уа, Алла! Мен сенен тірілер мен өлілердің бүлігінен, Мәсіх Дәжжалдың бүлігінен және Қабір азабы мен тозақ азабынан пана тілеймін!»2.

Алланың қалауымен аталмыш жолдар арқылы мұсылман адам жалғаншы кәззәб Тажалдың бүлігінен аман қала алады! Алла Тағала пана болсын!


1  «Риядус Салихин».
2  «Сахих Мүслім».

0 пікір
Әлеуметтік парақшаларымызға жазылыңыз: