Ақырет күніне сену – иман тіректерінің бірі. Иман дегеніміз – Аллаһқа, Оның періштелеріне, кітаптарына, пайғамбарларына, Ақырет күніне, тағдырға және ондағы жақсылық пен жамандықтың тек Аллаһтан екендігіне сену. Демек, Ақыретке сену – иманның ажырамас бір бөлшегі. Онсыз иман кәміл болмайды.
Ал Ақырет күні дегеніміз – Аллаһ тағаланың адамдарды есеп-қисап үшін қайта тірілтіп, қабірлерінен тұрғызып, олардың арасында төрелік етіп, іс-амалдарының қарымтасын беретін күн.
Ислам ақидасы Аллаһ тағаланы жалғыз құдай деп тану мәселесінен кейін барлық жандының Ақырет күнінде қайта тірілуі сеніміне құрылады. Осы ұлы күннің маңыздылығы себепті Аллаһ тағала көптеген аяттарда Өзіне иман келтіруді Ақырет күніне деген сеніммен байланыстырған. Аллаһ тағала Өзінің кітабында:
«Бірақ кім Аллаһқа және Ақырет күніне иман келтірсе, сол игі (іс)»1;
«Аллаһқа және Ақырет күніне иман келтіргендер: соларға зор сауап береміз»2, – дейді.
Құран Кәрімде осы мазмұндас көптеген аяттарды кездестіреміз. Сондай-ақ Пайғамбарымыз (с.а.с.) да әрдайым иманның осы тірегіне баса назар аударып, сахабаларына өсиет айтқанда: «Кім Аллаһқа және Ақырет күніне иман келтірсе...», – деген сөз тіркесін жиі қолданатын...
Ендеше, әрбір мұсылман Ақырет күніне сенудің діндегі орнын, маңыздылығын және онсыз иманының толық болмайтындығын әрдайым жадында сақтап, бұл күн жайлы мағлұматтарды алдын ала ізденіп, оқып-білуге тырысқаны жөн.
Өйткені адамзат баласына жіберілген барша пайғамбарлардың міндеті өз үмбетін бір Аллаһқа құлшылық етуге шақыру және жасаған амалдарының қарымтасын алар Ақырет күніне иман келтірумен ескерту еді. Сонымен қатар жер бетінде өмір сүрген алдыңғы үмбеттер де осы пайғамбарлар мен елшілердің шақыруларына берген жауаптарына сәйкес Аллаһ тағаладан сыйларын (нығметке, ризыққа бөленумен) немесе жазаларын (азапқа душар болумен) алып отырған. Аллаһ тағала бізге Өзінің кітабында бұл қауымдар жайлы көптеген қиссаларды баян етеді.
Енді пайғамбарлар мен қауымдарының арасында болған кейбір қиссалардан үзінді берсек: мәселен, Нұх (аләйһис-сәләм) қауымына:
«Ей, елім! Аллаһқа құлшылық қылыңдар, сендер үшін Одан өзге құдай жоқ. Мен сендер үшін ұлы күннің (Ақыреттің) азабынан қорқамын»3, – деп ескертеді.
Бірақ қауымы оны өтірікшіге шығарады. Бір күні оған (аләйһис-сәләм) Жаратушыдан кеме жасауға бұйрық келеді. Кеме жасалады. Бірер уақыттан кейін Нұхқа иман келтірмегендердің жазасы ретінде Аллаһ тағала жер бетіне топан су жібереді. Нұх топан судың алғашқы белгілерін көрген сәтте кемеге қауымынан иман келтірген санаулы адамдарды, өз отбасы мүшелерін (бір ұлынан басқа) және әрбір жануардан бір-бір жұптан мінгізеді. Бұл жағдай Құран Кәрімде:
«Сонда аспан есіктерін құйылған жаңбырмен аштық. Жерді жарып, қайнарлар шығардық. Сонда су тағдыр етілген әмір бойынша қосылды. Оны шегелер мен тақтайлардан тұратын (кемеге) отырғыздық. Кәпірлерге жаза ретінде Нұхтың кемесі көз алдымызда жүріп бара жатты»4;
«Нұх Бізді үндеді, ал (Біз) қандай жақсы жауап берушіміз. Біз оны және үй-ішін үлкен қайғыдан құтқардық. (Жер бетінде) оның ұрпақтарын қалдырдық. Кейінгілердің ішінде ол (Нұх) жайлы (жақсы сөз) қалдырдық. Нұхқа әлемдерден сәлем болсын! Біз ізгі (амал) істеушілерді осылай марапаттаймыз. Ол біздің мүмін пенделерімізден. Сосын басқаларды суға батырдық»5, – деп баяндалған.
Су көбейіп, қалалар мен ауылдарды алады. Судың беті жер бетіндегі ең биік таулардан он бес кезге дейін жоғары көтеріледі. Нұхпен бірге болғандардан басқаның бәрі суға атады...
Нұхтың қауымынан кейін пұтқа табынуды қайта бастаған қауым ад тайпасы болды. Аллаһ тағала оларға Һудты пайғамбар етіп жіберді. Һуд (аләйһис-сәләм) да өз қауымына:
«Ей, елім! Аллаһқа құлшылық қылыңдар. Сендердің Одан басқа құдайларың жоқ. Сендер – өте жалақорсыңдар. Ей, елім! Бұған сендерден ақы сұрамаймын. Еңбегім мені Жаратқанға ғана тән. Сонда да түсінбейсіңдер ме?! Ей, халқым! Раббыларыңнан кешірім тілеңдер. Сосын Оған тәубе қылыңдар. Сендерге көктен жаңбыр жаудырып, қуаттарыңның үстіне қуат қоссын. Сондай-ақ күнәкар болып жалтармаңдар»6, – деп ескертеді.
Бірақ елінің қарсы болған тобы оған:
«Әрине, біз сені есуас көреміз және сені анық өтірікшілерден деп ойлаймыз»7, – дейді.
Сондай-ақ Ақыретті жалғанға шығарған елінің көсемсымақтары:
«Бұл – өздерің сияқты бір адам ғана. Жегендеріңді жеп, ішкендеріңнен ішеді. Егер өздерің сияқты адамға бойсұнсаңдар, рас, сендер сол уақытта зиянға ұшырайсыңдар. Сендерге өліп, топырақ және сүйек болғанда тіріліп шығатындарыңды ескерте ме?! Сендерге бұл ескертілген іс ұзақ, тым ұзақ! Дүниедегі тіршілігіміз ғана – тіршілік. Кейбіріміз өлеміз, кейбіріміз өмір сүреміз де қайта тірілмейміз. Ол – Аллаһқа өтірік жала жапқан адам. Біз оған сенбейміз»8, – десіп, қауымын одан әрмен алжастырады.
Һуд оларды бір Аллаһқа құлшылық етуге шақырып, Ақырет күнімен ескертуден танбай:
«Енді Аллаһтан қорқып, маған бағыныңдар. Сендерді білген нәрселеріңмен қамтамасыз еткен Аллаһтан қорқыңдар. Сендерге малдар, балалар берді. Бақшалар мен бұлақтарды берген (Аллаһтан қорқыңдар). Расында, мен сендерге болатын ұлы күннің азабынан қорқамын»9, – деп дағуатын жалғастыра береді.
Ал ад қауымы өздеріне Аллаһ тарабынан жіберілген пайғамбарға ілесудің орнына, оны келемеждеп, кемсітумен болады. Ақыры Аллаһ оларға ішінде жантүршігерлік азабы бар дауыл жіберіп, жер бетінен біржолата жояды. Дауылдан Һуд және оған иман келтірген бір топ адамдар мен олардың малдары ғана аман қалады...
Сондай-ақ пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.с.) да құрайыштарды бір Аллаһқа құлшылық етіп, Ақырет күніне иман келтіруге шақырған. Бір күні Пайғамбарымыздың (с.а.с.) алдына бір кәпір келіп, қолындағы өзі алып келген қураған сүйекті майдалап уатады да, ұнтақты ауаға шашып жіберіп:
«Ей, Мұхаммед! Мынаны Аллаһ қайта тірілтеді деп бөсесің бе?» – дейді.
Бұл жайтқа қатысты Аллаһ тағала:
«Ол өз жаратылысын ұмытып, Бізге мысал келтірді. «Шіріген сүйектерді кім тірілтеді?» – деді. Сен: «Оны әу баста жаратқан тірілтеді. Ол – барлық жаратылысты Білуші», – деп айт»10, – деген уахи түсіреді11...
Сол сияқты бүгінгі күнде де арамызда шайтан сенімдерін әбден билеп-төстеп алған, «Ақырет күні бар» дегенге таңғалатын адамдар аз емес. Олар Ақырет туралы, өлімнен кейінгі өмір жайлы әңгіме қозғағандарды «Онда кім барып келіпті» деп әжуалайды. Ал өздері бастарына бір қиын іс түскенде, сол сәттен-ақ Жаратушысы Аллаһқа жалбарынып, дұға қылатынын сырт көзге білдірмеуге тырысады. Сондай-ақ бұл өздерінің басқалар алдындағы пендешілігі мен сасық кеуделілігінен екенін ескермейді де!
Адамзатты жоқтан бар еткен, бір тамшы судан жаратқан Раббымыз Аллаһ Өзінің құлдарынан Ақырет күні есеп алатынына ешкімнің де күмән келтіруі мүмкін емес. Ендеше, ең бастысы – Аллаһ тағаладан барша адамдарға иман, тауфиқ (сәттілік) және тура жол беруін тілейміз.
А.Кадыров, Қ.Спатай, З.Аман, "Ақырет өткелдері".
1 «Бақара» сүресі, 177-аят.
2 «Ниса» сүресі, 162-аят.
3 «Ағраф» сүресі, 59-аят. 9
4 «Қамар» сүресі, 11-14 аяттар.
5 «Саффат» сүресі, 75-82 аяттар. 10
6 «Һуд» сүресі, 50-52 аяттар.
7 «Ағраф» сүресі, 66-аят.
8 «Муминун» сүресі, 33-38 аяттар.
9 «Шұғара» сүресі, 131-135 аяттар.
10 «Ясин» сүресі, 78-79 аяттар.
11 12 Ибн Кәсир.