Мұсылман көлікке мінгенде қауіпсіздік белдігін тағады. Өйткені ол, Алланың алдында өзінің жан қауіпсіздігіне жауапты екендігін біледі. Егер немқұрайлылық себепті қазаға ұшырайтын болса, о дүниеде Жаратушысы одан: «Неге сақтық шарасын сақтамай, немқұрайлылық таныттың?» деп сұрайтындығынан хабардар. Өйткені Алла Тағала Құран Кәрімде: «Ей иман еткен мүміндер! Сақ болыңдар (сақтық шараларын сақтаңдар)» - деп бұйырған[1].
Сондықтан да, Алла Елшісі (с.а.у.) соғыс майданына аттанған кезінде басына дулығасын киіп, үстіне сауытын киіп сақтық шарасын сақтайтын. Тіпті Ол (с.а.у.) «Ухуд» соғысында екі есе қорғанайын деген мақсатта, екі сауыт қабаттап киіп алған еді. Және де Оның (с.а.у.) «Алла сені адамдардан сақтайды»[2] деген аяты түскенге шейін, қасында қорғаушысы болды. Мұның бәрі – Алла Тағала рұқсат еткен себептерді пайдалану деген сөз.
Бір күні Пайғамбарымыздан бір кісі сұрады:
- Дем салатын руқия аяттар, ем үшін ішетін дәрілер және өзімізді қорғайтын заттар – Алла Тағаланың басымызға жазған жазмышын қайтара ала ма? – деп сұрайды.
Сонда Алла елшісі (с.а.у.) оған:
- Ол да Алланың жазмышынан саналады, - деп жауап береді[3]. (Яғни, сақтану да, емделу де жазмызштағы Алланың әмірімен жүзеге асатын дүниелер).
Әзіреті Омар халифа болып тұрған шағында Шам (Сирия) өлкесіне келеді. Келсе Шам қаласында «Ъимуас» деп аталатын індет тарап жатыр екен. Әзіреті Омар індет себепті қалаға кіргісі келмей, қасындағы сахабалардан ақыл сұрады. Сонда қасындағы Әбу Убайда ибн Жаррах:
- «Алланың жазмышынан қашып барамысың, ей мүміндердің әміршісі?» - деп қалады.
Сонда Әзіреті Омар оған:
- Егер бұл сөзді басқасы айтқанда түсінер едім. Бірақ сен солай айтып тұрғаныңа таң қалып тұрмын, - дейді де, артынан: Иә. Біз Алланың жазмышынан, Алланың жазмышына қашып барамыз, - деп жауап қайырады[4]. Мынау да - Алланың тағдыры, анау да - Алланың тағдыры.
Сол себепті Имам Тәймия, Ибн Қоюм және сопы, ғалым Абдульқадір Гәйләни айтқан:
«Шынында фиқһ маманы (немесе дінді жақсы білетін адам) тағдырды тағдырмен қайтарады. Тағдырды тағдырмен кетіреді. Тағдырға тағдырмен қарсы тұрады» - деген.
Мысалы, ашығу жазмышын, азықтану жазмышымен қайтарамыз. Сусау жазмышын, су ішу жазмышымен қайтарамыз. Ауру жазмышын, емделу жазмышымен қайтарамыз. Көліктегі басқа келуі мүмкін қазаны, сақтық белдігін тағу арқылы алдын алған боламыз. Яғни, бір тағдырды, бір тағдырмен кайтару дегендік. Бұл да - тағдыр, анау да - тағдыр. Әзіреті Омардың «Алланың тағдырынан, Алланың тағдырына қашып барамын» деуінің себебі сол...
Аударған: А. Қасым
[1] Құран Кәрім: «Ниса» сүресі, 71 аят.
[2] Құран Кәрім: «Маида» сүресі, 67 аят.
[3] Имам Ахмед: «Мүснәд»; Имам Тирмизи: «Сүнән». Хасан хадис.
[4] Имам Бұхари: «Сахих Бұхари», №5729 хадис.