«Адамдағы жақсы сипат пен жаман сипаттың қалыптасуы»
«Адамдағы жақсы сипат пен жаман сипаттың қалыптасуы»
2 жыл бұрын 6894
Имам Ғазали, «Жүректің әскерлері» (3 бөлім)

Жүрек пен оның әскерлерінің сипаттары

Білгін!

Жүректің әскерлерімен болған байланысынан, онда белгілі күйлер мен сипаттар туындайды. Ол сипаттардың кейбірі - «жаман мінез-құлық», ал кейбірі – «жақсы мінез-құлық» болып саналады. Адам баласы жақсы мінез-құлықпен бақыттылық деңгейіне жетсе, жаман мінез-құлықпен құрдымға кетіп, бақытсыздыққа дұшар болады.

Бұл мінез-құлықтардың бәрі төрт түрлі сипатта топтасады:

1) Шайтани мінез-құлық.

2) Хайуани мінез-құлық

3) Жыртқыш аңның мінез-құлықы

4) Періштелердің мінез-құлықы (мәләки сипат)

«Құмарлық» ісі болып саналатын ішіп-жеу, ұйқы, жыныстық қатынасбұлар, «Хайуани мінез-құлыққа» жатады.

«Ашудың» ісі болып саналатын ұру, өлтіру, таласып, тартысу бұлар, «Жыртқыш аңның мінез-құлығына» жатады.

«Нәпсінің» ісі болып саналатын алаяқтық, айла, біреуді алдау – бұлар, «шайтани мінез-құлыққа» жатады.

«Ақылдың» ісі болып саналатын мейірбандық, білім, ізгі сүйерлік – бұлар, «періштелердің мінез-құлықына» жатады (Мәләки сипат).

Жақсы мінез-құлық пен жаман мінез-құлық

Біліп қой!

Әсілінде адамның терісінде төрт түрлі мақұлық бар:

1) Қасқыр.

2) Шошқа.

3) Шайтан.

4) Періште.

Қасқыр – негізінде, бейнесі сондай болғандықтан жазғырылмайды, ол - бойындағы жыртқыш сипаты жөнінен жазғырылады.

Шайтан да келбеті себепті жазғырылмайды, ол - бойындағы жаман сипаттары себепті жазғырылады.

Періште жаратылысы жөнінен емес, бойындағы жақсы сипаттары себепті мадақталады.

Доңыз пішіні себепті жазғырылмайды, ол - жаман сипаты себепті жазықты.

Шайтанның бүлігіне түсіп кетпес үшін, адам баласына ақыл нұрын пайдаланып, надандық қараңғылығын анықтау әмір етілген. Пайғамбарымыз (с.а.у.) айтқандай: «Әрбіреуіңнің шайтаны бар. Менің де шайтаным бар. Бірақ Алла Тағала мендегі шайтанды уысымда ұстауыма (жеңіуіме) жәрдем етті»1.

Сол сияқты құмарлық пен ашуды да ақылдың билігіне беріп, ол екеуін ақылдың әміріне бағындыруы тиіс. Олай еткен адамның бойында «көркем мінез» пайда болады. Көркем мінез – періштелердің сипаты. Ол (көркем мінез) - адамның «бақыт дәнегі» болмақ. 

Егер керісінше істейтін болса (яғни. ақылды құмарлық пен ашуға бағындырса), құмарлығы мен ашуына қызмет еткен болып, бойында шайтани сипат, яғни, «жаман мінез-құлық» бой көрсетеді. Ал жаман мінез - оның «бақытсыздық дәнегі» болмақ. Ақылын құмарлығы мен ашуына бағындырған адамның мысалы – бірнеше мұсылманды кәпірлердің қолына түсірген мұсылманға ұқсайды. Сондықтан, бойыңдағы періштені (яғни, ақылды) ит пен доңыздың (яғни, құмарлық пен ашудың) қолына түсіріп, екеуінің тұтқынына берсең, қиямет күні жағдайың не болмақ?

Біліп қой!

Қазір адам баласы – адам бейнесінде. Алайда ертең (қияметте) көзінен ғапылдық пердесі алынып, оған мағыналар (іштегі, астарлы шынайы нәрселер) ашылады. Сонда ол іштей қандай сипатта болса, бейнесі де соған сай кейіп алмақ: егер кісінің бойында ашуы басым болса, ол «иттің бейнесінде» тұрады. Кімнің құмарлығы басым болса, ол «доңыздың бейнесінде» тұрады. Өйткені сыртқы бейне - «мағыналарға» (яғни, ішкі сипаттарға) тән. Мәселен, адам ұйқы кезінде «ішкі дүниесіндегіні» көреді (бұл да сол сияқты).

Сен, адамның ішкі дүниесінде осы төрт табиғаттың (қасқыр, доңыз, шайтан және періште) барын білдің. Ендеше кісі өзінің жүріс-тұрысын бақылауға алуы тиіс. Өз-өзін бақылай отырып, өзінің аталмыш төрт жаратылыстың қайсысына жататындығын анықтауы керек.

Шын мәнісінде, адамның сипаттары жүрегінде орнығып, қиямет қайымға дейін айырылмай онымен бірге болады. Егер жүрегіндегі сипаттар – ізгі сипаттардан болған болса, ол, оның «бақыт дәнегі». Ал, жүрегіндегісі жаман сипаттардан болса, ол, оның «бақытсыздық дәнегі».

Адам баласы әрдайым не қимыл халінде, немесе қимылсыз халінде. Адамның жүрегі «әйнек» сияқты. Жаман мінез-құлық - түтін мен қараңғылық іспетті. Егер жаман мінез жүректе орын тебер болса, адамның бақыт жолын қараңғылайды. Керісінше, жақсы мінез - жарқыраған нұр іспетті. Егер ол жүректе орын алса, оны күнә істердің қараңғылығынан тазартады. Пайғамбарымыз (с.а.у.) айтқандай: «Жамандықтың артынан жақсылық жаса, ол оны өшірсін!»2

Ендеше, адам баласының жүрегі - не жарқырайды, не қараңғы түнек болады. Ал, Аллаға сау жүрекпен келгендер ғана құтылады! 

Ақылдың берілуі 

Білгін! Хайуандарда бар «құмарлық» пен «ашу» күштері - адам баласының табиғатында да бар. Бірақ ол екеуіне қосымша адам баласына тағы бір нәрсе берілген, ол – ақыл күші, ойлау күші. Ақылмен адам қадірлі. Ақылмен кемел. Адам ақылмен Алла Тағаланы таниды. Айналадағы ғажайып дүниелердің парқына барады. 

Ақыл арқылы адам баласы «құмарлық күші» мен «ашу күшінің» қолынан өзін азат қылып, ақыл арқылы «періштелердің сипатына» қол жеткізеді. Адам ақылды болғандығы үшін, барлық хайуандар мен жыртқыштарға үстем әрі барлық нәрсе оған бағындырылған. Бұл жайында Құдай Тағала Құранда былай деген:

«Алла Тағала сендерге көктер мен жердегі барлық нәрсені бағындырды»[3].  

Имам Ғазалидің "Кимия-и сағадат"
("бақыттылық эликсирі")
атты кітабынан (араб тілінде)

Аударып, дайындаған Абдусамат Қасым.


1Осыған мағыналас риуаят «Сахих Мүслімде» келтіріледі.
2Имам Тирмизи: «Сүнән» - Катәбуль бирр. 55 тарау.
3 Құран Кәрім: «Жәсия», 13 аят.

 

 

0 пікір