әл-Уәсияның түсіндірмесі: Адамдардың ең абзалы Әбу Бәкір. Кісінің іс-әрекеттерін Алла жаратады (5, 6-ЕРЕЖЕ/4 бөлім)
әл-Уәсияның түсіндірмесі: Адамдардың ең абзалы Әбу Бәкір. Кісінің іс-әрекеттерін Алла жаратады (5, 6-ЕРЕЖЕ/4 бөлім)
10 жыл бұрын 10549
Абдусамат Қасым

Бисмилләһир рахманир рахим

 әл-Уасия, БЕСІНШІ ЕРЕЖЕ: «Адамдардың ең абзалы - Әбу Бәкір Сыддық»

Имам Ағзам Әбу Ханифа (р.а.) былай дейді:
Біздің сеніміміз бойынша, осы үмбет ішінде пайғамбарымыз Мұхаммедтен (с.а.у.) кейінгі ең абзал жан – Әбу Бәкір Сыддық. Одан кейінгісі – Омар. Одан соң – Осман. Сосын – Әли (Олардың барлығына Алланың ризашылығы болсын). Өйткені Алла тағала былай деген: «Алғашқы иман еткендер - бәрінен озат. Олар  Алла Тағалаға жақын. Олардың орны Нағим жәннәты» (Уақиға сүресі, - 10-12 аяттар). Алғашқылар әрдайым ең абзалы болады. Оларды әрбір тақуа мүмін жақсы көреді. Ал әрбір арсыз мұнафиқ жек көреді»

Түсіндірме:

Алла елшісі (с.а.у.) Әбу Бәкірдің артықшылығын былайша тілге алған: 

«Әбу Бәкірдің иманын таразының бір шетіне қойып, барлық мұсылманның иманын таразының екінші жағына қойсақ, Әбу Бәкірдің иманы ауыр басар еді».

Сахих Бухариде келтірілген бір риуаятта сахаба Абдулла ибн Омар былай дейді:

«Біз Пайғамбарымыздың уақытында (с.а.у.) Әбу Бәкірге ешкімді теңемейтінбіз. Одан кейін Омарға ешкімді теңемейтінбіз. Одан кейін Османға ешкімді теңестірмейтінбіз. Ал, олардан өзге сахабалардың бірін екіншісінен артық санамай, бәрін теңдей көретінбіз»[1].

Әзіреті Омар да өзінің бір сөзінде:

«Пайғамбарымызға ең жағымдысы әрі бізден де ең қайырлысы және құрметтісі Әбу Бәкір еді»,[2] - деп сахаба Әбу Бәкірдің артықшылығын айтып өткен.

Алла Тағала Құран Кәрімде Әбу Бәкірді: «Екеудің бірі, Пайғамбардың жолдасы»[3], - деп тілге алған. Міне осының бәрі сахаба Әбу Бәкірдің үмбет ішіндегі ең абзалы екендігіне дәлел.

Одан кейін кезегімен қалған үш сахаба келеді. Олар жайында да ардақты Пайғамбарымыздың  айтқан жақсы лебіздері аз емес.

Бір сөзінде Әзіреті Омарды:«Менен кейін тағы пайғамбар келгенде, ол Хаттабұлы Омар болар еді»[4], - деп асқақтатса, Әзіреті Османға қатысты айтқан хадистерінің бірінде: «Пейіште әрбір пайғамбардың досы болады. Менің досым – Осман», - деген.

Алла елшісі Османға алғашқыда Руқия атты қызын тұрмысқа беріп, ол қайтыс болғаннан кейін, тағы бір қызы Үммү Күлсүмді табыстаған. Сол себепті Әзірет Осман «Зүннурайн – Екі нұр иесі» деген атаққа ие болды.

Әзіреті Әлиді де Алла елшісі: «Әли менен, мен оданмын» - деп өзіне жақын тартты. Тағы бір сөзінде: «Сен менің екі дүниелік бауырымсың», - деген. 

Төрт сахабаның төртеуі де өлелгенше дінге қызмет етіп, Алланың ризалығын ту еткен жандар. Сахабалардың әрқайсысы шынайы мағынада тек бір Жаратушыға құл болуды армандады. Сүйеніштері – Алла, ұрандары – Ислам, жайғандары – ақиқат еді. Біз сахабаларды тек жақсылықпен еске аламыз. Кейбір теріс ағымдағылар секілді сахабаларға тіл тигізіп, оларға қара күйе жақпаймыз. Біздің назарымызда сахабалардың әрқайысысы аспандағы жұлдыз іспетті. Сондықтан да, Имам Ағзам сөз соңында былай деді:

 «Оларды әрбір тақуа мүмін жақсы көреді. Ал әрбір арсыз мұнафиқ жек көреді»

Өйткені Пайғамбарымыз (с.а.у.) өзінің бір сөзінде: «Кім сахабаларды жақсы көрсе, мені жақсы көргені. Кім оларды жек көрсе, мені жек көргені», - деген. Пайғамбарды жақсы көретін мүмін мұсылман оның сахабаларын да жақсы көретіндігі сөзсіз. Ал, оның сахабаларын жек көретін адамның, Пайғамбарға деген көзқарасы жақсы деп айту қиын[6].  Ең дұрысы – Аллаға мәлім!

АЛТЫНШЫ ЕРЕЖЕ: Пенденің іс-әрекеттерін Алла жаратады.

Имам Ағзам Әбу Ханифа былай дейді: 
«Біздің сеніміміз бойынша, пенденің өзі де, іс-әрекеттері де, иманы да, білуі де жаратылған. Іс-қимылды жүзеге асыратын адамды  «жаратылған» (дейміз). Ендеше, оның істеген істері де «жаратылған» болуы заңды»

Түсіндірме:

Құран Кәрімде: «Алла тағала сендерді де, істеген істеріңді де жаратты»,- дей келе әрбір іс-қимылымыздың жаратушысы бір Алла екендігін баса айтуда.

Адамның іс-әрекетін екі топқа бөлуге болады:

Біріншісі – Адамның күш-қуатынан тыс және таңдау еркіндігіне қатысы жоқ іс-әрекеттер. Мысалы, жүректің соғысы, жаураған кезде - дірілдеуі, су ішпеген жағдайда - шөлдеуі, ұл немесе қыз болып дүниеге келуі  т.б. 

Екіншісі – Өзінің таңдау еркіндігіне сай және бойға біткен күш-қуатын қолдануы арқылы туындайтын іс-әрекеттер[6].  Мысалы, ас ішу, бір жерге бару, күнә немесе сауапты іс жасау т.б. Іс-әрекеттің екі түрін де жоқтан бар етуші - Алла тағала. 

Таңдау еркіндігімізге қатысты іс-әрекеттер Алланың жаратуының және сол істі жүзеге асыруға оқталуымыздың нәтижесінде пайда болады. Мысалы,  жақсы істі қалап, оны орындауға оқталсақ, Жаратушымыз сол мезетте бойымызға күш-қуат дарытады. Сол күш-қуатты пайдалану арқылы бір істі істейміз. Ол істі пайда ететін, жоқтан бар ететін Алла тағала. Жаман істі жасауды қалап, соны істеуге іштей оқталсақ та, бойымызға күш-қуат дарытады... Осылайша қалауымызға қарай, сауапқа кенелеміз немесе күнәға батамыз.

Бойға біткен күш-қуатты пайдаланып, өз ықтиярымызбен орындаған іс-әрекетті кәләм ғылымында «кәсб» дейді. Ол іс-әрекетті жарататын Алла тағала, оны «халқ» дейді.

 Ал, адам бойындағы жаратылатын күш-қуат  кәләм (теология) ғылымында «құдірет» немесе «иститаъа» дейтін терминдермен белгілі. (Жалғасы бар...)

 [1] Бухари -№3255, 3697 хадистер.
 [2] Тирмизи - №3656 хадистер.
 [3]  Пайғамбарымыз бен Әбу Бәкір Мединеге хижрет ету жолында мүшріктерден қашып келе жатып үңгірге тығылады. Ондағы оқиға қысқаша    Құранда былай баян етіледі: «Егер сендер Пайғамбарға жәрдем етпесеңдер де оны, кәпірлер Меккеден шығарған кезде; үңгірдегі екінің бірі  болған сәтте, оған Алла жәрдем еткен. Сол уақытта (Мұхаммед Ғ.С.) жолдасына (Хазіретті Әбу Бәкірге): «Кейіме! Расында Алла бізбен  бірге» дегенде, Алла оған тоқтау салды. Сондай-ақ оны, сендер көрмейтін әскерлермен қолдады. Сөйтіп кәпірлердің сөзін төмендетті.  Алланың сөзі; жоғары. Алла өте үстем, хикмет иесі». (Тәубе-40)
 [4] Тирмизи -№3686 хадис.
 [5] Әл-Бәбәрти – әл-Уәсия.

 

1 пікір