Бисмилләһир рахманир рахим
әл-Уасия, 3-ЕРЕЖЕ:
«Алла тағала Аршқа истиуә етті»
Имам Ағзам Әбу Ханифа былай дейді:
نقِرُّ بِأَنَّ اللهَ عَلَى الْعَرْشِ اسْتَوَى مِنْ غَيْرِ أَنْ يَكُونَ لَهُ حَاجَةٌ إِلَيْهِ وَاسْتِقْرَارٌ عَلَيْهِ وَهُوَ الْحَافِظُ لِلْعَرْشِ وَغَيْرِ الْعَرْشِ مِنْ غَيْرِ احْتِيَاجٍ، فَلَوْ كَانَ مُحْتَاجًا لَمَا قَدَرَ عَلَى إِيجَادِ الْعَالَمِ وَتَدْبِيرِهِ كَالْمَخْلُوقِ، وَلَوْ كَانَ مُحْتَاجًا إِلَى الْجُلُوسِ وَالْقَرَارِ فَقَبْلَ خَلْقِ الْعَرْشِ أَيْنَ كَانَ اللهُ تَعَالَى! تَعَالَى اللهُ عَنْ ذَلِكَ عُلُوًّا كَبِيرًا
• «Біздің сеніміміз бойынша, Алла Тағала «Аршқа истиуә етті». (Алайда) Ол Аршқа мұқтаж емес және онда орналаспады[1]. Алла Тағала Арштың да, одан басқасының да қорғаушысы, (бірақ оларға) мұқтаж емес. Егер мұқтаж десек, өзге жаратылыстар секілді әлемді жаратуға және оны жүргізіп отыруға күші жетпес еді. Егер отыруға және тұрақтауға мұқтаж дейтін болсақ, онда Ол Аршты жаратпай тұрып қайда болған? Ондай (түсінік) Алланың ұлықтығына сай емес».
Түсіндірме:
-«Арш» және «истиуә» сөздерін қалай ұғынуға болады?
-«Арш» сөзінің тілдік мағынасы: отыратын орындық, тақ, бастырма (المِظَلَّةُ), үйдің шатыры (السَّقْف), империя (المُلْكُ) деген ұғымдарға саяды.
Ал діндегі анықтамасын ғалымдар былай деп келтіреді:
«Арш деп - барлық денені қамтып тұратын, жоғарғы дәрежедегі, көлемі жағынан аумақты әрі зор, ең алғаш жаратылған нұрани (нұрлы) денені айтамыз».
Бірақ оның (Арштың) болмысын «ол -мынадай» деп кесіп айту қиын»[2]. Өйткені, Жаратушы Иеміз Арш турасында сөз еткенімен[3], оның болмысы жайында ашып айтпаған. Сондықтан, Арштың егжей-тегжейіне тереңдеместен, оның хақтығына сеніп, иман етеміз[4].
«Истиуә» сөзінің тілдік бірнеше мағынасы бар. Атап айтсақ: иелік етті (اِسْتَوْلى ، مَلَكَ), өсіп жетілді (تَمَّ شبابُه), көтерілді және жоғарылады (علا وصَعد), орнықты, тұрақтады (استقرَّ وثبت) деген ұғымдарда қолданылады.
Имам Мәтуриди өзінің «Тәухид» атты ауқымды еңбегінде, аталмыш сөздің (истиуәның) үш түрлі мағынада қолданғандығын айтқан:
- «Истилә» яғни, өз билігінің астына алу;
- Жоғарылау, биікке шығу. Мүминун сүресінде: «فَإِذَا اسْتَوَيْتَ أَنتَ وَمَن مَّعَكَ عَلَى الْفُلْكِ - Сен және сенімен бірге болғандар кемеге шыққан кездеріңде...», - дей келе, ол сөзді жоғарыға шығу деген мағынада қолданылған (Мүминун сүресі, 28-аят.).
- Кемелдену, жетілу. Осы ұғым Қасас сүресінде келеді. Онда: «وَلَمَّا بَلَغَ أَشُدَّهُ وَاسْتَوَىٰ آتَيْنَاهُ حُكْمًا وَعِلْمًا - (Мұса Ғ.С.) ержетіп, кемелденген кезде, өзіне хикмет, ғылым бердік», - делінген(Қасас сүресі, 14-аят).
- Бұған қоса кейбір тіл мамандары тарапынан истиуә сөзіне «діттеу, қалау» деген мағына берілгендігін де айта кету керек. Осыған орай олар мына аяттағы: «ثُمَّ اسْتَوَىٰ إِلَى السَّمَاءِ وَهِيَ دُخَانٌ – истиуә сөзіне «жаратты» деп ұғым жасаған» дейді Имам Мәтуруди...»[5].
- Жоғарыдағы Имам Ағзам Әбу Ханифаның:«Біздің сеніміміз бойынша: Алла тағала Аршқа истиуә етті...» деген сөзінің мәні неде?
- Ұлық Имамның заманында кейбір теріс ағымдағылар[6] «الرَّحْمَنُ عَلَى الْعَرْشِ اسْتَوَى (ар-рахману ъаләл аршис-стәуә)[7] аятын тікелей мағынасында қабылдап, оған: «Рахман Алла - Аршқа орналасты», - деген мағына берген. Және «адамдар секілді құдайдың да мекені бар» деп сендіруге тырысқан.
Ал, бұндай түсінік Ислам дініндегі «Алла тағала ешбір жаратылысқа ұқсамайды. Алланың әуелі жоқ, соңы жоқ. Ол ештеңеге мұқтаж емес» деген мызғымас сенім негіздеріне көлеңке түсіреді.
Осыны ескерген Имам Ағзам Әбу Ханифа аталмыш теріс түсініктегілерге айтпағы: Сендердің дәлел ретінде беріп отырған аяттағы «ъаләл аршис-стәуә» сөзіне сенеміз, иман етеміз. Өйткені, ол аят – Алланың сөзі. Бірақ, біз сендер сияқты аяттағы «истиуә» сөзін тікелей мағынасында алып «Алла Аршта!» демейміз. Себебі Алла тағала бір жерге орнығуға яки Аршты мекен етуге мұқтаж емес. Сондай-ақ, аталмыш аят ауыспалы мағыналы аяттар (мүтәшәбиһ) қатарынан саналатындықтан, оның не мағынада айтылғанын тәптіштеп зерттеместен "оған иман келтірдік, оның барлығы Алладан жеткен" дейміз де қоямыз.
Ғалымның жоғарыдағыдай: «Біздің сеніміміз бойынша: Алла тағала Аршқа истиуә етті. (Бірақ) Ол Аршқа мұқтаж емес және онда орнықпады..» - деуінің мәні осында.
Мәлики мәзхабын құрушы Имәм Мәліктің осыған байланысты білдірген мына тұжырымының астарында да сол мән жатыр:
«الاستواء معلوم، والكيف مجهول، والإيمان به واجب، والسؤال عنه بدعة»
«Истиуә - мәлім. Қалай екендігі - беймәлім. Оған сену уәжіп. Ал, ол жайында сауал қылу – бидғат».
Осыған қатысты Имәм Мәтуриди де (р.а.) өзінің бір сөзінде былай дейді:
«...аяттағы «истиуә» сөзінің астарында Алла тағала нені көздеп тұрған болса, біз соған иман етеміз. Тура осы секілді «Алланың (қияметте) көрінуі» және т.б. соған ұқсас тақырыптарда айтылған Иләһи сөздерге (мағына беретін кезде) Алланы жаратылыстарға ұқсатудан (тәшбиһтен) аулақ болуымыз керек. Және (ондай аяттарды түсіндіргенде) «оның мағынасы мынадай» деп кесіп айтпастан, астарында Алла нені көздеп, мақсат етіп тұрған болса, соған иман етуіміз тиіс».[8]
- Әбу Ханифаның (р.а.) әрі қарайғы: «...Алла тағала Арштың да, одан басқасының да қорғаушысы, (бірақ ол нәрсеге) мұқтаж емес...» - деген сөзін қалай түсінуге болады?
- Алла Аршқа орнықты десек, оның қорғаушысы емес, оған мұқтаж болды дер едік. Себебі, мекен тұтқан әрбір зат, өзінің мекен еткен орнына мұқтаж. Мекенінсіз өз барлығын жалғастыруы мүмкін емес. Жаратушы Иеміз ондай кемшіліктен пәк, ешнәрсеге мұқтаж емес. Сондықтан Имам Ағзам: «...Алла тағала Арштың да, одан басқасының да қорғаушысы, (бірақ оған) мұқтаж емес», - деп отыр.
- Әбу Ханифаның одан арғы: «..Егер мұқтаж десек, өзге жаратылыстар секілді әлемді жаратуға және оны жүргізіп отыруға күші жетпес еді» - деген сөзін қалай түсінеміз?
- Бір жерде орналасуды қажет ететін зат әлсіз келеді. Қарапайым түрде мысал келтірер болсақ, адам баласы бір мекенге орналасуға зәру. Адамның мекені – жер беті. Мұндай мекенсіз адамның өмір сүруі мүмкін емес. Демек, адам жер бетіне орналасуға, оны мекен етуге мұқтаж. Ендеше, «Алла Аршты мекен тұтты» немесе «Алла аспанда» деген адам, түптің түбінде Жаратушымызға «әлсіздік» сипатын таққан болады. Алла тағала барлық кемшіліктен пәк[9].
- Әбу Ханифаның әрі қарайғы сөзінде: «Құдай отыруға және тұрақтауға мұқтаж дейтін болсақ, онда Ол Аршты жаратпай тұрып қайда болды?» деуінің мәні неде?
- Арш та, аспан да т.б. күллі жараталыс жоқтан бар болғаны бәріне мәлім. Олар жаратылмай тұрып Ұлы Иеміз бар еді. Жаратушымыздың әуелі жоқ, соңы жоқ. Ол - әзәли. Алла тағала Аршта немесе аспанда деу - Алла тағала мекенге мұқтаж дегенге саяды. Ал, бұл дегеніміз, бұрын болмаған орынды жаратып, кейін сол орынға орнықты, яғни бір құбылыстан екінші құбылысқа ауысты, өзгерді деген сөз. Жаратушыға «өзгеріске ұшырау» немесе «бір құбылыстан екінші құбылысқа ауысу» деген қасиеттер жат. Бұлар жаратылыстарға тән сипаттар. Алла тағала одан пәк
Алла тағаланың мекені бар деген сөз - заманға да тәуелді дегенді білдіреді. Ал, бұл Алланың «әуелі жоқ, соңы жоқ» деген сипатын жоққа шығаруға алып келеді.
Сөз соңында айтарымыз, Әбу Ханифа Аллаға қандай да бір мекен берудің адасушылық екендігіне сенген. Өйткені, ондай түсінік пәк Исламның мызғымас "таухид" нанымына қайшы. Бұған Имам Ағзам Әбу Ханифаның төмендегі сөзі дәлел:
«Ешбір орын, ешбір жаратылыстар жаратылмай тұрып Алла тағала (әзәлден) бар еді. «Қайда» жоқ кезде, Ол бар еді (яғни мекен, орын болмай тұрып бар еді). Ешбір жаратылыс, ешбір нәрсе болмай тұрып Алла бар еді. Және Ол барлық нәрсенің жаратушысы. Алла тағалаға дұға етілгенде төменге емес, жоғарыға (қарап) етіледі (яғни, дұға етерде қолды көкке көтереміз. Оның себебі Алла аспанда болғандықтан емес, дұға жасап, тілек тілегенде қаратылатын тұс болғандықтан)...».[10]
Қорытынды:
- «Аршқа истиуә етті» аятына түсінік беретін кезде, Алланы жаратылыстарға ұқсатпауға (тәшбиһ) аса мән берілуі керек. Сонда да «оның мағынасы осы» деп кесіп айтпастан, негізгі мағынасы бір Аллаға мәлім екендігін білу керек.
- Алла ешқандай мекенге мұқтаж емес. Аллаға мекен беру, оны өзге жаратылыстарға ұқсату болмақ. Ал өзге жаратылыстарға ұқсату, түптің түбінде «құдай жоқ» дегенге алып келеді.
- «Аршқа истиуә етті» деген аят ауыспалы мағынасы бар (мүтәшәбиһ) аяттар қатарынан саналады.
- Мүтәшәбиһ аяттарды «тәнзиһ» негізінде түсіну керек. Яғни, ондай аяттарды «Алланы кемшіліктерден пәктеу және жаратылыстарға ұқсатпау» принципі негізінде түсіну керек. (Жалғасы бар...).
Әбу Ханифаның бұдан бұрынғы өсиеттерін мына сілтемеден оқи аласыз: http://www.islam.kz/kk/articles/aqida/
Сілтеме:
[1] Немесе : «Алла тағала Аршқа мұқтаж болмастан және онда орнықпастан «аршқа истиуі етті» дегенге сенеміз».
[2] Әл-Майдани әл-Ханафи– Шархул Ъақидатит Тахауия, 112 бет. Каир-Египет. 2009 ж.
[3] Арш жайында сөз еткен аяттар: Тәубе сүресі, 129-аят.; Ғафир сүресі, 7-аят; Зүмәр сүресі, 75-аят; әл-Хаққа сүресі, 17-аят.
[4] Әл-Ғазнәуи әл-Хинди – Шарху ъақидатил Имам ат-Тахауи, 105 бет. Каир-Египет.
[5] Имам Мәтуриди – Китабут Таухид: Баянул Ъарш. 133 бет. Арапша зерттеп-зерделеген Б.Топалоғлу.
[6] Мысалы, Кәррамия-Мужәссимә ағымдары. Негізін қалаушы – Мұхаммед ибн Кәррам әс-Сижистәни. Хижри 255 жылы қайтыс болған.
[7] Таха сүресі, 5-аят.
[8] Имам Мәтуриди – Китабут Таухид: «Бәянул Ъарш».
[9] Имам Камалуддин әл-Байази: «Ишарат аль-Марам мин ибарат аль-Имам». Лубнан - 2007. 165 бет.
[10] Әбу Ханифа – әл-Фиқһул Әбсат.