Әбу Ханифаның ақидаға қатысты өсиеті: Пейіш пен тозақ қазіргі таңда бар (11-ереже, 2-бөлім)
Әбу Ханифаның ақидаға қатысты өсиеті: Пейіш пен тозақ қазіргі таңда бар (11-ереже, 2-бөлім)
10 жыл бұрын 24651
Абдусамат Қасым

Бисмиллаһир рахманир рахим

әл-Уасия, ОН БІРІНШІ ЕРЕЖЕ: 
Пейіш пен тозақтың растығына сенеміз
(2-бөлім)

Имам Ағзам Әбу Ханифа (р.а.) былай дейді:

  • Пейіш пен тозақтың растығына сенеміз. Пейіш - мүміндер үшін, ал тозақ -  кәпірлер үшін жаратылған. Олай деуіміздің себебі, Алла тағала мүміндер жайында: «...тақуалар үшін әзірленген жәннәтқа жарысыңдар, кеңдігі - жер мен көктей», - десе,  кәпірлерге қатысты: «кәпірлер үшін әзірленген тозақтан қорқыңдар...» - дейді.  (Әли Имран сүресі, 131-133 аят; Бақара сүресі, 24-аят;.). Алла тағала пейішті (адамдарды) жарылқау үшін, ал тозақты жазалау үшін жаратты.

Түсіндірме:

Адам ата мен Хауа ана жаратылғаннан кейін Алла тағала оған:

«Сен, жұбайың екеуің пейіште тұрыңдар»[1], - деді.

Сондай-ақ, Әли Имран сүресі мен Бақара сүресінде былай делінеді:

«Раббыларыңның жарылқауына және тақуалар үшін әзірленген, кеңдігі жер мен көктей жәннәтқа жарысыңдар».  «Отыны - адамдар мен тастар болып табылатын тозақ отынан сақтаныңдар. Тозақ - кәпірлер үшін әзірленді»[2].

Аталмыш қос аятта «әзірленген-أُعِدَّتْ" деп өткен шақта айтылып тұр. Бұның өзі жәннәт пен тозақтың алдын-ала жаратылып қойылғандығын, қазіргі таңда бар екендігін көрсетеді.

Осы және басқа да Құран аяттары мен Пайғамбарымыздың хадистеріне сүйене келе Әһли сүннет сенімінде пейіш пен тозақ оты жаратылып қойылған, қазіргі таңда бар.  

Имам Тахауи былай дейді:

«Пейіш пен тозақ жаратылып қойылған. Ол екеуі жойылмайды әрі ғайып болмайды. Шынында Алла тағала пейіш пен тозақты жаратты. Және жәннәт иелері мен тозақ иелерін де жаратты. Қалаған пендесін жәннәтқа кіргізеді, бұл оның кеңшілігі болмақ. Әділеттілігіне сай қалағанын тозаққа кіргізеді...»[3]

Мәтуриди ақида мектебінің ғұламасы Әбу Муъин ән-Нәсәфи былай дейді:

«Әһли сүннет уәл жамағат сенімі бойынша, Алла тағала пейіш пен тозақты жаратып қойды. Екеуі ешқашан жоқ болмайды. Өйткені, бірі - жарылқауға кенелетін орын, екіншісі - жазаланатын жер...»[4]

-  Пейіш пен тозақ қазіргі таңда қай жерде?

- Қай жерде орналасқандықтары нақты айтылмаған. Десе де, төмендегі аятқа сүйене отырып жәннәттің орны - жеті қабат көктің соңғы қабатында деген байлам бар. Аятта былай делінеді:[5]«..(материалдық өмірдің) біткен жерінде (сидратәль мүнтәһә).. Ол жерде паналайтын (мә-уә) жәннәты орналасқан»[6].

Осы аяттағы айтылып өткен «сидратәль мунтаһа» сөз тіркесіне, сахаба Ибн Мәсғуд пен Дахак «алтыншы көк, яғни, аспанға көтерілудің біткен шегі» деген анықтама береді. Сондықтан, пейіштің орналасқан жерін жеті қабат көктің соңғы қабатында деп айту шындыққа жанасады.

Тозақ – жеті қабат жердің астында. Себебі аятта: «Күнәһәрлардың амалнамасы, сөз жоқ, «сиджинде» тұрады»,- делінеді. Сиджин жердің жетінші қабатында орналасқандықтан, тозақтың да орны сол жер деп айтуға негіз бар дейтін ғалымдар болған. Әйтсе де, мұнда ғалымдар арасында нақтылық жоқ. Қайда орналасқандығы - бір Аллаға мәлім.

Қорытынды:

Мұғтәзилә ағымының бір тармағы болып есептелетін «Абадия»[7] ағымы және Жәһмия ағымы[8] бойынша, Алла тағала жәннәтты да, тозақты да әзірге жаратпады. Жәннәт иелері мен тозақ иелерін жаратпай тұрып, ол екеуін алдын ала жаратып қою – Алланың даналығына теріс дейді.

Бұған Әбу Ханифа жауап ретінде былай дейді:

«Ол екеуін әлі жаратылмады дейтін адамға былай деп айтуға болады: «Ол екеуі «нәрсе»[9] ме, жоқ па? (Ол екеуінің «нәрсе» екендігі анық). Ал Алла тағала: «Біз әр нәрсенің Жаратушысымыз», - дейді. (Демек пейіш пен тозақтың да жаратылып қойғандығын айтуға болады). Тағы бір аятта: «Біз әр нәрсені өлшеммен жараттық», - деген... Ол екеуі ешқашан жойылмайды. Шынында Алла тағала пейіштің нығметін сипаттай келе: «Таусылмайтын және шектелмейтін», - деп айтады. (Нығметі шектелмейтін пейіштің де, жойылмауы заңды)[10].

Жәһмия мен Аббадия ағымдағылар тағы да былай дейді: Бұнымен қатар, ақырзаман келгенде аспан мен жердің астаң-кестеңі шығатыны мәлім. Бұл дегеніміз - олармен бірге жұмақ та, тозақ та жоқ болады деген сөз емес пе?!.

Бұған жауап ретінде Әһли сүннет ғалымдары: 

Алла тағала Құран Кәрімде: «Сырнай шалынған күні, Алланың өзі қалаған жаратылыстарынан басқаның бәрі өледі...», - дейді. Осы аятта «Алланың өзі қалаған жаратылыстарынан басқа» - дей келе, пейіш пен тозақ секілді кейбір жаратылыстар Алланың қалауымен ақырзаман сәтінде жойылмайтындығына ишара етіліп тұр. Оның үстіне, астаң-кестеңі шығатын ол - аспан әлемі. Пейіш аспан әлемінен тыс жерде орналасқан жоқ па?! 

(Жалғасы бар...)


[1] Бақара сүресі, 35-аят.
[2] Бақара сүресі, 24-аят.
[3] Тахауи ақидасы.
[4] Имам ән-Нәсәфи, Бахрул Кәләм, бет 244. Зерттеп, зерделеуші – Мухаммед Салих әл-Фурфур.
[5] Али әл Қари, Шархуль Фиқхиль Әкбәр: 165-166.; ән Нәсәфи, Бахруль Кәләм  244-246 бет. .Дамаск.
[6] Едип Юксель Нәжм сүресінің 14-15 мағынасы, http://www.kuranmeali.org/53/necm_suresi/15.ayet/kurani_kerim_mealleri.aspx; Тәфсируль маудзуғи, 7-том, 493 бет.
[7] Құрушысы: Ъаббад ибн Сүлеймән әс-Саймәри. Мұғтазилия ағымының ұлы көсемдерінің бірі. Ибадия тармағының басшысы.
[8] Құрушысы: Хорасан өңірінен шыққан Жәһм ибн Сафуан атты адам. Бұл ағым жайында толығырақ мына сілтемеден оқи аласыз: http://islam.kz/kk/questions/aqida-senim/jahmitter-degenimiz-kimder-356/  
[9] Қандай да бір затты, әлдебір құбылысты білдіретін ұғым.
[10] Әбу Ханифа, «Фиқһул Әусат».

1 пікір
  • Адусамат Қасым!Балам осы тақырыпта жазылған мақалам (орыс тілінде) "Да, Жаннат существует" деген тақырыппен мына сайтта ; http://islamreview.ru/est-mnenie/da-dzannat-susestvuet/ 05.02.15 басылып шықты. Осы мақаланының қазақша мәтінін бастыру ықтималдығы қандай?
    10 жыл бұрын