Үш жылда жаздық жайылымдарда 1400-ге жуық су құдығы қазылды
Үш жылда жаздық жайылымдарда 1400-ге жуық су құдығы қазылды
8 жыл бұрын 2456 inform.kz Марлан Жиембай

Үш жылда жаздық жайылымдарда 1377 құдық қазылды. 

Бұл туралы бүгін «Жайылымдар туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы талқыланған Мәжілістің жалпы отырысында ҚР ауыл шаруашылығы вице-министрі Гүлмира Исаева мәлім етті.

«2014-2016 жылдар аралығында бізде 1142 құдық қазу жоспарланған болатын. Бүгінде жоспар артығымен орындалып, қазірдің өзінде 4 млрд. теңгеден астам сомаға 1377 құдық қазылды. Бұған қоса, құдықтарды қазуға мемлекет есебінен шығындарды өтеуге 80 пайыздық субсидия бар, ал қалған 20 пайызын фермер лизинг бағдарламасы бойынша пайдалана алады», - деді вице-министр.

Оның айтуынша, фермерлердің жаздық жайылымдарда құдық қазу үшін шығындаған қаржысын қайтаруға 2 млрд. теңгеден астам сома жұмсалған.

Сонымен бірге, Г.Исаева жайылымдар құруға арналған инвестициялық субсидия құралдарын кеңейтуді көздейтін бағдарлама әзірленіп жатқанын айтты. Аталған бағдарлама суат құрылғылары үшін балама энергия көздерін құру шығындарын қайтаруды қарастырады. 2020 жылға дейін еліміздің барлық өңірлерінде 4 мыңнан астам құдық қазу жоспарланған. Ал инвестициялық шығындарды өтеуге 28 млрд. теңге көзделіп отыр. Мұнан бөлек, шопандарға арналған вагон, баспанаға кеткен шығынның 40 пайызын субсидиялау қарастырылған.

0 пікір
Мұрағат