Сүт өнімдерін шығаратын отандық компаниялар өз тұтынушыларын алдап келген
Сүт өнімдерін шығаратын отандық компаниялар өз тұтынушыларын алдап келген
7 жыл бұрын 10559 Дәурен ЕРБОЛАТ

Сүт өнімдерін шығаратын отандық 58 компанияның 38-і өз тұтынушыларын алдап келген. Мұны мамандар арнайы тексеріс барысында анықтап отыр. Қарапайым халықты сан соқтырған компаниялардың қатарында беделді отандық тауар өндірушілер мен шетелдің ірі компаниялары да бар. Нәтижесінде соттың үкімімен бірқатар фирмаларға 79 млн теңге көлемінде айыппұл салынған. Сондай-ақ, адамның өміріне қауіп төндіретін 25 тонна тағам өнімдері сатылымнан алынып тасталды. Бұл туралы арнайы баспасөз мәслихатында ҚР ҰЭМ Тұтынушылардың құқығын қорғау комитетінің бас сарапшысы Дана Қасқатаева мәлімдеді, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі. 

«Бүгінгі күні сүт өнімдерін шығаратын кейбір компаниялар табиғи сары майдың орнына өсімдік майын қосып, жалған өнімдер шығарған. Мұны біз арнайы мониторинг жүргізу арқылы анықтадық. Яғни, кейбір отандық және шетелдік компаниялар сүт өнімдерін өндірген кезде табиғи сары майдың орнына өсімдік майын қосқан. Біз ( Тұтынушылардың құқығын қорғау комитеті – ред.) 372 сүт өнімімдеріне арнайы тексеріс жүргіздік. Нәтижесінде 117 өнімнің жалған екені белгілі болды. Тиісті тексерістерден соң, соттың үкімімен бірқатар компанияларға 79 млн теңгеге айыппұл салынды. Сондай-ақ, тиісті материалдар сот органдарына бағытталды. Қазақстан нарығында адам өміріне қауіп төндіретін 25 тонна тағам өнімдері сатылымнан алынып тасталынды», - деді ол.

Сонымен қатар, сарапшы тұтынушыларды алдап келген отандық компанияларды атап өтті.

«Сүт өнімдерін шығаратын 58 қазақстандық компанияның 38-і талапқа сай өнім шығармаған. Олар жалған тағам өнімдерін дайындап, сатқан. Компания өнімдерінің құрамында өсімдік майы болған. Яғни олар өз өнімдерін дайындаған уақытта шикізатты тексермеген. Осыған байланысты кейбір компаниялар өз өнімдерінің құрамында өсімдік майының болғанын да білмеген. Мысалы, оған «Нәтиже» компаниясын қосуға болады.

Ал кейбір отандық тауар өндірушілер талапты өрескел бұзған. Олар – «Райымбек АГРО» , «Меркі ірімшік зауыты», «Бурлинская» сүт зауыты ЖШС, «Сайрам сүт» ЖШС, «Алтын дән» ЖШС, «Оз Алып сүт» ЖШС, «Солнечный» сүт зауыты, «ЖЭС Колаптис», «АПК Адал», «Үштөбе Айдын» ЖШС, «Эмили компани» ЖШС (Астана, Алматы) , «Растан» ЖШС (СҚО), «Арлан» ЖШС, «Айс Плюс» ЖШС, «Агро фирма» ЖШС. Мониторинг нәтижесінде олар шығарған өнімдердің құрамынан өсімдік майы анықталды. Бірақ, бұл компаниялар сататын өнімінің сыртына мұны жазбаған. Осылайша, олар өз тұтынушыларын алдаған», - деді маман.

Сондай-ақ, Дана Қасқатаева Кедендік Одақ арқылы отандық нарыққа түрлі сүт өнімдері келіп жатқандығын айтты. Маманның пікірінше, төмендегі аталған компаниялардың өнімдері талапқа сай келмейді екен. Тіпті, олардың кейбірі адам денсаулығына қауіп төндіріп, қазақстандықтарды жұқпалы ауруға шалдықтыруы мүмкін. Сондықтан сарапшы тұрғындарды азық-түлік сатып алған уақытта сақ болуға кеңес береді.

«Олардың ішінде шетелден келетін «Вимбильдан» ЖШС, «Данон Россия», «Эйр Ман» АҚ, «Сибирский завод молочных консервов» ЖШС, «Промконсервы» ЖШС, «Сибирская подворье» ЖШС, «Абрушевский» май шығаратын өнім зауыты, «АГРО фирма Верхний услон», ААҚ «Неопродукт, Гагаринский сүт-консерв комбинаты, Андрушевксий сүт-ірімшік зауыты, «Ақ сүт» АҚ (Қырғызстан), «Вамин Татарстан» ААҚ жалған өнімдер шығарған. Олар тұтынушыларды алдап, өз өнімдерін сатқан», - деді ол.

Сөз соңында бас сарапшы мұндай өнімдердің Қазақстан нарығына қалай кіргендігіне қатысты түсініктеме беруге тырысты. Оның айтуынша, қазіргі таңда мамандар өз міндеттерін жауапкершілікпен атқаруға бар күштерін салуда. Бірақ, Дана Қарсақбаева бұл олқылықтардың алдын алу үшін қарапайым халықтың да көмегі қажет екендігін айтты.

«Біріншіден, жоғары аталған өнімдер шетелден келеді. Екіншіден, біздің басты мақсатымыз - келген өнімнің техникалық реглементтердің сақталуын қатаң бақылау. Бұл өнімдер талапқа сай келмегендіктен дер кезінде жоғары аталған компаниялардың өнімдері сатылымнан алынып тасталды. Сондай-ақ, қазақстандықтар сапасы күдік тудыратын тағамдар болса, бірден Тұтынушыларды қорғау комитетіне хабарласуды сұраймыз», - деп түйіндеді сөзін бас сарапшы.

0 пікір
Мұрағат