Судың ластану деңгейін тез анықтайтын тест
Судың ластану деңгейін тез анықтайтын тест
2 жыл бұрын 2514

Еліміздің ғалымдары тұрмыс қалдықтарымен былғанған судың ластану деңгейін тез анықтауға мүмкіндік беретін тест ойлап тапты. Бұл жайында «Ұлттық ғылыми-техникалық ақпарат орталығы» акционерлік қоғамының баспасөз қызметі хабарлады. Судағы аммиактың аз мөлшердегі концентрациясын анықтауға арналған ферментті препаратты «Мұрат Айтхожин атындағы молекулярлы биология және биохимия институтының» ғалымдары ойлап тапты. «Судағы аммиактың концентраты әдетте қауіпті деңгейге жете қоймайды, алайда, газ реакцияға түсіп, нитрат тұздың пайда болуына себеп болады. Олардың көбісі улы болып келеді. Ферментті препарат жүгерінің дәнінен және өзге де дәндерден бөлінеді»,- деді аталмыш институт зертханасының меңгерушісі Сәниям Ибрагимова. Қазақстан ғалымдарының айтуынша, препарат табиғи су көздерінің канализацияда ластану жағдайын тексеруге арналған. Бұған қоса, оны клиникалық диагностикада пайдалануға болады. «Қазақстанның көптеген өзендері мен су қоймалары тыңайтқышты қадағаламай пайдаланылған нитратпен ластанған. Мәселен, Сырдария суында нитратты азот құрамы барынша рұқсат етілген шекті мөлшерден 4-16 есе асып кеткен. Оның үстіне, жыл сайын Қазақстанда 4 млн-нан аса тонна қатты тұрмыс қалдықтары пайда болады. Олардың көп бөлігі өңделместен, яғни, залалсыздандырылмастан жерге көміледі», - деді зерттеушілер. Ғалымдар өздері ойлап тапқан технологияның патенттелгенін айта келіп, оны санитарлық-эпидемиологиялық станса қызметінде және экологиялық мониторингте пайдалануға дайын екендерін жеткізді.

0 пікір