Шекарамыз қалай шегенделді?
Шекарамыз қалай шегенделді?
8 жыл бұрын 5035 Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ,

Еліміз тәуелсіздігін жариялағаннан кейін Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев Үкіметке, Сыртқы істер министрлігіне, басқа да мүдделі министр­ліктер мен ведомстволарға елдің қауіпсіз­дігін және аумақтық тұтастығын қамтамасыз ету үшін шекаралас мемлекеттермен Қазақстан Республи­касының мемлекеттік шекарасын заңды түрде ресім­деу үдерісін бас­тауды тапсырды. Өйткені, шекара­ның мызғымастығын қамтамасыз ету - кез келген мемлекеттің алдында тұрған ең басты міндеті, деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті.

Көп кешікпей Президенттің тапсыр­масы бойынша тиісті мемлекеттік құрылымдар мен үкіметтік комиссия көрші елдермен шекараны ресімдеуді қолға алды. Қытай Халық Республикасымен, Қыр­ғыз Республикасымен, Түрікменстанмен және Өз­бек­стан Республикасымен келіссөздерге белсене кірісті.

Біздің еліміз екі ірі мемлекет - Ресей мен Қытайдың арасында орналасқан. Сондықтан да бұл елдермен шекара сызығын белгілеуге, оның тиянақты орындалуына ерекше мән берілді. Қазақстандық делегация мүшелері барлық мәселеде өз көзқарастарын берік ұстанды және келіссөз жүргізуші тараптардың ұсыныстары мен дәйектеріне құрметпен қарады.


Есеміз кетпеді, еңсеміз түспеді

1991 жылға дейін Қытайға қатысты келіс­сөздерді осы елмен шекаралас жатқан бұрынғы одақтас республикалар өкіл­дерінің қатысуымен құрылған Кеңес өкі­метінің делегациясы жүргізіп кел­ген бо­латын. Ал 1992 жылдан бастап Қазақ­стан шекара мәселесімен айналы­сатын өз делегациясының құрамын бекі­тіп, Қытаймен шекараға байланысты келіс­сөз­дерді тәуелсіз ел ретінде қолға алды. Елі­міз дипломаттарының білік­тілігі мен іскерлігінің арқасында Қазақ­стан 1992-2005 жылдар аралығында Азия құр­лы­ғындағы алып Қытаймен мемле­кеттік шекарасын барлық периметрі мен өлшем­дері бойынша нақтылап алуға қол жеткізді.

Шекара шетін мәселенің бірі болған­дықтан Мемлекет басшысы ең алдымен Қытай Халық Республикасымен мем­лекеттік шекараны делимитациялау туралы шешім қабылдады. Кейін бел­гі­лі болғанындай, құжаттарды зерттеп, оларға талдау жасағанда Қазақстан мен Қытай арасында мемлекеттік шекара ор­на­тудың бұрыннан келе жатқан аса қиын да күрделі тарихы бар болып шықты. Сон­дай-ақ, Қазақстан-Қытай шекарасы үш ғасыр бойы қалыптасып келген екен. Оның алғашқы құжатты ресімдеуі 140 жыл­дан астам бұрын басталған, ол кезде Қа­зақстан Ресей империясының құрамын­да болғаны белгілі. Ал 1860 жылғы Бей­жің қосымша шарты мен 1864 жылғы Чу­гучак хаттамасы бұл жұмыстың негізін қа­лаған. Содан кейін 1881 жылы Петербург шарты бекітілген, бұл үдеріс Орталық Азия шектерінде Ресей-Қытай шекарасы орнауымен аяқталған.

Ал шекара сызығының өтуі туралы уағдаластыққа екі кезеңде қол жеткізілді. Оның алғашқысы 1994 жылдың сәуірінде ҚХР Мемлекеттік Кеңесінің премьері Ли Пэннің Алматыға сапармен келуіне байланысты. Осы сапар барысында Қазақстан мен Қытай мемлекеттік шекараларының екі даулы учаскесінен басқа шекараның бар­лық өту сызығы бойынша келісімге қол қойылды. Жер аумақтарына қатысты кез кел­ген сәтте жанжал туу мүмкіндігін бәсең­деткен шекара туралы бұл алғашқы келісім­нің біздің ел үшін маңызы ерекше бол­ды. Екінші уағдаластық «даулы» деп ата­лып кеткен учаскелер - бұрынғы Талды­қорған облысындағы Сарышілде өзені ауданы мен Шығыс Қазақстан облысы­ның Шағаноба асуына қатысты (Бұл учас­келерге жеке тоқталамыз).

Жалпы, екі ел арасындағы шекараны де­лимитациялау туралы келіссөздер алты жыл бойы жүргізілді, ал демаркациялау 2002 жылы толық аяқталды. Құжаттарға қара­ғанда, жүргізілген келіссөздерге Ресей империясы мен Қытай арасында ХIX ғасырда жасалған сегіз шарт пен хат­тама негіз болған. Делимитациялау жұ­мыс­тарын алты жұмыс тобы 1992 жылдың шілде айынан бастап 2001 жылдың желтоқсанына дейін іске асырды және 2002 жылы Бейжіңде Қазақстанның сол кездегі Сыртқы істер министрі Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қытайдың Сыртқы істер министрі Тан Цзясюан екі ел үкіметтері арасындағы Қазақстан-Қытай мемлекеттік шекарасының сызығын демаркациялау туралы хаттамаға қол қойды.

Шындығына келгенде, Қазақстан мен Қытай арасындағы шекараның ше­ген­делуі - Елбасымыздың нағыз ерлікпен парапар сындарлы сыртқы саясатының же­місі. Екінші жағынан, Қазақстан Рес­публикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен ҚХР-дың сол кездегі Төрағасы Цзян Цзэминьнің өзара достығы және Мемлекет басшыларының бір-біріне деген шынайы сенімділігі. Реті келіп тұр­ғанда мына жайды айта кетейік. Сол жыл­дары Қазақстан-Қытай шекарасы туралы келіссөздер жүргізіліп жатқанда, екі ел­дің шекара мәселесі жөнінде келісімге келуі мүмкін емес деген пікірлер де ай­тылған болатын. Ал ғасырлар бойы мойын­далмай келген біздің аумақтық тұтасты­ғымызды алып Қытайдың мойындап, Ше­ка­ра туралы шартқа қол қойғаны әлемдік қоғамдастықты қайран қалдырды. Өйткені, Қазақстан Республикасы - бұрын­нан Қытаймен шекаралас жатқан 15 мем­лекеттің ішінде Қытай үкіметінің келі­сімімен шекара аумағының 100 пайы­зын тиянақтап, ара-жігін ашып алған бірден-бір мемлекет. Сондай-ақ, Қытай­дың тарихта өзімен шекаралас жатқан елдердің ешқайсысымен шекараға байланысты келісім жасауға ешқашан мүдделі болмағаны тағы бар.

Жалпы, Қазақстан-Қытай мемле­кет­тік шекарасын халықаралық-құқық­тық ресімдеу мәселесі екі ел басшылары­ның, сондай-ақ, тиісті ведомстволар жетек­шілерінің кездесулері барысында тал­қыланған тақырыптардың негізгісі болды десек, қателесе қоймаспыз. Тараптар­дың келіссөздері жиырмадан асатын кезеңнен тұрған екен. Аса сақтықпен және тыңғылықты дайындықпен жүргізілген сол келіссөздердің нәтижесі 1994 жыл­ғы 26 сәуірде Қазақстан мен Қытай бас­шы­ларының Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы арасындағы келісімге қол қоюға мүмкіндік берді. Келісім 1995 жылғы 11 қыркүйекте рати­фи­­кацияланып, грамоталар алмасқаннан кейін қолданысқа енгізілді.

Қазақстан мен Қытайдың мемлекеттік шекаралар туралы толық уағдаластыққа қол жеткізілуінің маңыздылығы неде? Қазақстанның бүкіл тарихында тұңғыш рет Қытаймен халықаралық деңгейде та­ныл­ған және заңды ресімделген мемле­кеттік шекараға ие болғандығында жатыр. Бұдан кейін тараптар мемлекеттік шека­раны толығымен халықаралық-құқық­тық ресімдеу мақсатында оны демар­кациялауға кірісті. Сөйтіп, 1997-1998 жылдары мемлекеттік шекараға белгі­лер орнату үшін тиімді дала жұмыс­тарын ұйымдастыруға ықпал еткен нор­ма­тивтік-құқықтық база әзірленді. Ал шекара белгілерін орнату жұмыстары 2001 жылдың соңында аяқталды. Нәти­же­сінде ұзындығы 1783 шақырым болатын мемлекеттік шекараға 688 шекара белгілері орнатылды. Оның 346-сы - Қазақстан, 342-сі Қытай жағында.

Келіссөздер өте күрделі жағдайда өтіп еді...

Қазақстан мен Өзбекстан арасында шекара сызығын айқындау жұмыстары екі ел президенттерінің уағдаластығына сәйкес қолға алынды. Осыған байланыс­ты үкіметаралық комиссия құрылып, оны премьер-министрлер басқарды. Оларға мемлекеттік шекара сызығының өтуін анықтау үшін барлық құжаттарды мұқият зерттеу және талдау жасау тапсырылды. Айта кету керек, мұнда 1991 жылдың 21 жел­тоқсанындағы ТМД құрылғанын жария еткен Алматы декларациясына қол қойыл­ған күнге дейінгі әкімшілік шекара не­гізге алынды. Себебі, осы құжатта бұрын­ғы одақтас республикалардың сол сәт­ке дейінгі қалыптасқан әкімшілік шека­ралары мемлекеттік шекара болып қалатынын ТМД-ға мүше барлық мемлекеттер мойындаған еді.

Кезінде осы шекара сызығын белгілеу жұмыстарымен айналысқан мамандар Өзбекстан Республикасымен мемлекеттік шекараны делимитациялау бойынша жүргізілген келіссөздер өте қиын және күрделі өткенін айтады. Ал Қазақстан мен Өзбекстан арасында заманауи шекара құру тарихы Кеңес Одағы пайда болған кезден басталады. Шекараны нақты белгілеу Орталық Азиядағы республикалардың ұлттық межелеуін жүзеге асыру барысында 1924-1925 жылдары бекітілген. Бұл жерде сөз РКФСР мен Өзбек КСР-і арасындағы шекара сипаттамасы туралы болып отыр. Өйткені, ол кезде Қазақстан Ресейдің құрамында болатын. Шекараны сипаттау 1925 жылғы 9 қарашада РКФСР-дің Бүкілресейлік орталық атқарушы комитеті президиумы мәжілісінің №28 хаттамасының 9-тармақшасының қосым-шасында көрсетілген.

Нақты жұмыс жағдайында Қазақстан-Өзбекстан әкімшілік-аумақтық шека­ра­сының құқықтық негізін 1956-1971 жыл­дардағы құжаттар құраған. Өткен тарих­тан белгілі, сол құжаттарда Қазақ­стан мен Өзбекстан арасындағы жер ал­қаптарын өзбек ағайындарға едәуір көп мөлшерде бөлу тасқа қашалғандай анық көрініп тұр. Бірақ уағдаласқан тарап­тар делимитацияны заңды негіз деп қабыл­даған соң, кеткен жер жөнінде мәселе көтеріп, сөз қозғауға тағы болмайды. Егер біздің тарап солай істесе, онда 1991 жылғы 21 желтоқсандағы Алматы деклара­ция­сының және 1998 жылғы 31 қазандағы Қа­зақ­стан Республикасы мен Өзбекстан Рес­публикасы арасындағы Мәңгілік дос­тық туралы шарттың ережелері мен қағи­даттарын бұзған болып шығар еді.

Жоғарыда атап өткеніміздей, құ­қықтық базаның болғанына қарамастан, Қа­зақ­стан-Өзбекстан мемлекеттік шекарасын делимитациялау үдерісі өте қиын жағдайда өтті. Өйткені, екі елдің шекарасында күрмеуі көп, шешілуі күрделі учаскелер де баршылық еді. Өкінішке қарай, сол учаскелердің көпшілігі Оңтүстік Қазақ­стан облысының Сарыағаш және Мақ­таарал аудандарындағы халық көп қо­ныстанған аумақтарда болатын. Сонымен қатар, әкімшілік-аумақтық шекараның соңғы сипаттамасы белгіленгеннен бері 40 жылдай уақыт өткен екен. Осы ке­зең ішінде елді мекендер елеулі өзге­ріс­терге ұшыраған, ауылдар мен кенттер саны көбейген, жаңа құ-рылыстар мен ша­руа­шылық нысандары пайда болған. Жә­не де шекараның жекелеген учаске­лерінде бірлескен шаруашылық жүргізу­ші нысандар құрылған. Осының барлы­ғы Қазақстан және Өзбекстан делега­цияларының жергілікті жердегі шынайы жағдайды мұқият зерттеуін қажетсінді, мүмкіндігінше қалыптасқан тұрмыс жағдайлары мен шекарадағы халықтың шаруашылықтарын бұзбауға дәйекті шешімдер қабылдауды талап етті.

Жалпы, Қазақстан-Өзбекстан мем­ле­кеттік шекарасын делимитациялау жұмысы екі кезеңді қамтыды. Бірінші ке­зеңде 2001 жылы 16 қарашада Астанада пре­зиденттер - Нұрсұлтан Назарбаев пен Ислам Каримов қол қойған Қазақстан-Өз­бекстан мемлекеттік шекарасы туралы Қазақстан Республикасы мен Өзбек­стан Республикасы арасындағы шарт дайындалды. Осы құжат Қазақстан мен Өз­бекстан мемлекеттік шекара сызығының жалпы ұзындығының 96 пайызының өтуін айқындап берді. Бұл көршілес мемлекеттер арасындағы достық қатынастарды қамтамасыз ету жағынан алғанда келешегі зор, аса маңызды тарихи оқиға болды. Ал шекаралық аумақтың қалған 4 пайызы сол жылдар үшін шешілмес түйінге айналды...

Шекара сызығының өтуін сипаттау шығыстан батысқа қарай бағытталды. Екінші кезеңде 2002 жылғы 9 қыркүйекте Астанада Мемлекет басшылары қол қой­ған Қазақстан Республикасы мен Өзбек­стан Республикасының мемлекеттік шека­расының жеке учаскелері туралы шарт әзірленді. Осы шарттың бір бөлігі ретінде қосымша зерттеу үшін қалды­рылған үш учаскенің мемлекеттік шекара сы­зы­ғының өту сипаттамасы мен көлемі 1:25000 және 1:100000 болатын топо­графиялық картасы жасалды. Қоры­тын­дысында Өзбекстанмен 2351 шақырымды құрайтын шекара сызығы нақтыланды. Шекара сызығы 1565 шекаралық белгімен белгіленген, оның 776-сын Қазақстан тарапы орнатқан.

Ең ұзын шекара сызығы да шешімін тапты

Қазақстан мен Ресей арасындағы мем­лекеттік шекараны делимитациялау және демаркациялау үдерісінің ұзаққа созы­ла­тыны және көп уақыт алатыны бастап­қы кезде-ақ белгілі болды. Себебі, екі ел­ді бөліп тұрған шекара дүние жүзін­дегі ең ұзын құрлықтағы шекара болып табылады және оны делимитация­лау мен демаркация­лау жұмыстары халықаралық-құқықтық тәжірибеде бұ­рын-соңды кездеспеген бірегей құбы­лыс еді. Ал көршілес елдердің шекара мәсе­­лесін іс жүзінде қолға алуы 1998 жылғы 12 қазанда Қазақстан мен Ресей прези­­дент­тері Алматыда Қазақстан Рес­пуб­ли­касы мен Ресей Федерациясы арасын­­дағы мемлекеттік шекараны делимитация­лау туралы хаттамаға қол қоюдан басталды.

Аталған құжатқа сәйкес, тараптар алды­мен қажетті шараларды жүзеге асыру үшін Үкімет деңгейіндегі делегация­лар құрып, делегациялар 1999 жылдың соңына қарай келіссөзге кірісті. Өзара уағдаластыққа байланысты Қазақстан-Ресей шекарасының өту сызығын сипаттау және оны картаға түсіру батыстан - Волга өзенінің төменгі ағысынан басталып, 2005 жылғы қаңтарда шығыста - Алтай тауының Оңтүстік Алтай жотасында аяқталды. Қазақстан мен Ресей арасындағы шекараны делимитациялаудың бастапқы құқықтық негізі - бұрынғы одақтас рес­публикалар мен КСРО-ның заңнамалық актілері және тиісті картографиялық материалдар болды. Шекара сызығының сипаттама жобасын дайындау кезінде негізінен осы құжаттар пайдаланылды. Көп кешікпей, яғни 2005 жылдың 18 қаңтарында Мәскеуде мемлекет басшылары Қазақстан-Ресей мемлекеттік шекарасы туралы Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының арасындағы шартқа қол қойды. Осыған байланысты өткен баспасөз мәслихатында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев: «Біз бәріміз маңызды тарихи оқиғаның куәгері болып отырмыз. Қазақстан-Ресей шекарасын делимитациялау туралы шартқа қол қойылды. Тарихи болып саналатыны - біз бірінші рет шекараны шарттық тәртіппен белгіледік», - деп атап өткен еді.

Елбасымыз сол кезде атап өткендей, аталған шарт әлемдегі ең ұзын шекараның өту сызығын анықтайды. Ал оның ұзындығы 7591 шақырымды құрайды. Бүгінде көрші елдер арасындағы бұл шекара достық пен тату көршіліктің шекарасына айналып отыр. Бұған қоса, 2005 жылғы 2 желтоқсанда Қазақстан мен Ресей бір мезгілде шартты ратификациялау туралы заң қабылдады. Сондай-ақ, Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путиннің 2006 жылғы 12 қаңтардағы Қазақстан Республикасына сапары барысында ратификациялық грамоталармен алмасуы өтті және осы тарихи құжат қолданысқа енгізілді. Қазақстан мен Ресей арасындағы Қазақстан-Ресей мемлекеттік шекарасы туралы шарттың қолданысқа енгізілуі Қазақстан Республикасы аумақ шектерінің халықаралық-құқықтық ресімделуін заманалық маңызы бар деп атауға әбден болады.

* * *

Біздің еліміздің Қырғызстанмен және Түрікменстанмен шекара сызықтарын белгілеуге қатысты келіссөздер тарап­тар­дың өзара сыйластық, тең құқылық қағи­дат­тарына негізделіп, іскерлік және сын­дарлы жағдайда өтті. Жалпы, Қазақ­стан-Қырғызстан мемлекеттік шека­расын делимитациялау жөніндегі келіс­сөздер 1999 жылдың қарашасынан 2001 жылдың желтоқсанына дейін жүргізілді. Сол келіссөздердің нәтижесі бой­ынша Мемлекет басшылары 2001 жыл­дың 15 желтоқсанында Астанада Қазақ­стан Рес­пуб­ликасы мен Қырғыз Респуб­ликасы арасындағы Қазақстан-Қырғыз мемле­кеттік шекарасы туралы шартқа қол қой­ды. Шарт 2008 жылғы 5 тамызда күшіне енді. Шекара белгілерін орнату 2008 жы­лы бас­талып, 2014 жылы аяқталды. Екі елдің ше­кара сызығында 1055 шекара бағана­лары орнатылған. Ал Қазақстан мен Тү­рікменстан арасындағы шекараны делими­тациялау келіссөздері 2000-2001 жылдары өтті.

«Даулы» учаскелер түйіні қалай тарқатылды?

 Мемлекеттік шекараны делимитация­лау үдерісі ойдағыдай жүзеге асырыл­ғанымен, жоғарыда атап өткеніміздей, шекараның өту сызығын белгілеу барысында ерекше назар аударуды, барынша талдап-таразылауды қажет ететін «даулы» учаскелер де кездесті. Сол кездері осын­дай «даулы» учаскелерге Қазақстан-Қы­тай шекарасындағы Сарышілде өзені ау­данындағы учаске, Шағаноба және Бай­мырза асулары ауданындағы учаске, сондай-ақ, Қазақстан-Өзбекстан шека­расындағы Арнасай бөгеті, Бағыс кенті мен Түркістан кенті жатқызылған.

Елдердің мемлекеттік шекараларының сызығы өтуге тиіс екі аралықтағы аталған жер учаскелері қалай бөлінді? Алдымен Қазақстан-Қытай шекарасындағы «дау­лы» деп танылған учаскелердің бөліні­сіне тоқталайық. Ол үшін 1998 жылдың 4 шілдесінде Алматыда қол қойылған Қазақстан Республикасы мен Қытай Ха­лық Республикасы арасындағы Қазақстан-Қытай мемлекеттік шекарасы туралы қосымша келісімді негізге алғанымыз жөн. Өйткені, ерекше маңызды бұл құжат Қазақстан мен Қытай арасындағы мем­лекеттік шекараны делимитациялау (Қазақ­стан, Қытай және Қырғыз республикалары арасындағы үш мемлекеттің мемлекеттік шекараларының түйісу нүктесін қоспағанда) үдерісінің толық аяқталғанын дәлелдейді.

Ал шекараны делимитациялау кезін­дегі екіжақты келіссөздерде пікірталасқа өзек болып, дәлелдеуді қажет еткен жер­лер­дің бірі - Сарышілде өзені ауданын­­дағы жалпы алаңы 315 шаршы шақы­рымға жуықтайтын учаске болды. Осы­ған қатысты құжаттарға қара­ғанда, оның оңтүстік-шығыс жартысында ш­абындық пен жекелеген орман алқаптары орналасқан. Жол жүйесі нашар дамыған, тұрақты тұрғындары жоқ. Шолақ асуынан бастап Сарышілде өзеніне дейін учаскенің бір бөлігін қазақстандық тарап шөп дайындау үшін және малдың маусымдық жайылымы ретінде пайдаланып келген. Қол қойылған келісім бойын­ша осы учаскенің Қазақстан аумағына Сарышілденің шығыс бастауынан Черемховая өзенімен қосылатын жерге дейін өзеннің сол жағалауындағы аймақ, сондай-ақ, Черемховая өзенінің бүкіл арнасын және Шолақ (Содабань) асуының ауданын қамтитын жерлер бекітілген. Бұл жерлердің жалпы көлемі 95 шаршы шақырымды құрайды. Қазақстан шегінде шаруашылық жүргізудің дәстүрлі аймақтары, мал жайылымы, шабындықтар мен орман алқаптарының бір бөлігі сақталғанын атап өтуіміз керек. Ал Қытай жағына Сарышілде өзенінің оң жағалауын және Құлағансай жылғасының сол жақ саласындағы ауданды қамтитын аумақ тиесілі деп шешілген.

Осы Сарышілде учаскесіне қатысты кезінде Қазақстан тарапына арагідік сын пікірлер де айтылған болатын. Кейін белгілі болғанындай, ол пікірлер дәлелсіз болып шықты. Себебі, шекараны делимитациялау мәселелеріне байланыс­ты келіссөздерде қытайлықтар өткен ғасырдағы шарттық құжаттарды негіз етіп алған. Мысалы, осы учаскедегі шекара 1864 жылғы Чугучак хаттамасының 3-бабында «Алтан-Тэбши тауының шығыс жағындағы шекара аяғынан батысқа қарай ортақ атпен Алатау деп аталатын таудың үлкен жотасы бойынша, атап айтқанда, Алтан-Тэбши, Содабань және басқа да тау шыңдары бойынша жүреді. Осы кеңістіктегі оңтүстікке қарай ағатын өзендер мен жерлер Қытайға бөлінсін» деп көрсетіліпті.

Ал тағы бір «даулы» учаске деп танылған Шағаноба және Баймырза асуларындағы жерлерге келсек, оның жалпы аумағы 629 шаршы шақырымға жуық. Бұл жерлердің басым көпшілігі, яғни 442 шаршы шақырымы Қазақстан жағына бекітілген. Олар - батыстан Ша­ға­ноба асуына дейін Сауыр жотасы­ның оңтүстік бау­райын, Жүректау алқа­бын және оның салаларымен қоса, Шаға­ноба мен Керегетас өзендерінің аңғарларын алып жатқан аймақтар. Бұл мәселелерде Қазақстан тарапының ана­ғұрлым жеткілікті де бұлтартпайтын дәлел­демелері ескерілгенін баса айтқан жөн. Сонымен қатар, еліміздің шегінде екі ше­каралық застава мен орман шаруа­шылығы, бүкіл орман алқабы және мал шаруашылығы аудандарының көпшілігі сақталып қалды. Қытай жағына Адырбай мен Талдыайрық өзендерінің жоғарғы ағыстарының аңғарлары, Баймырза асуы ауданындағы Тарбағатай жотасының оңтүстік баурайын қамтитын аумақ өтті. Бұлардың жалпы алаңы 187 шаршы шақырымды құрайды.

Осылайша, біздің еліміз көрші Қытай елімен екіжақты тиімді келіссөздер жүргізу арқылы келісуі қиындау соққан екі учаскені құқықтық тұрғыда реттеп және белгілеп алған еді. Бұл «даулы» учаскелердің жалпы аумағы шамамен 944 шаршы шақырымдай. Оның 537 шаршы шақырымы, яғни 56,9 пайызы Қазақстанға, 407 шаршы шақырымы, яғни 43,1 пайызы Қытайға тиесілі деп табылды.

Ал Қазақстан мен Өзбекстан шекараларындағы «даулы» учаскелерге келсек, оның бірі - Арнасай бөгетіне байланысты туындады. Өйткені, карталарды зерттеу және салыстыру кезінде Арнасай бөгетінің су бассейні біздің еліміздің аумағында, ал гидрожүйелер Өзбекстан аумағында қалатындай етіп бөлінетінін көрсетті. Шынында да, бір су қоймасын екіге бөліп, аралығынан шекара сызығын жүр­гізу екі жаққа да тиімсіз еді. Қазақстан тара­пы бөгетті толығымен Қазақстан ше­гін­де қалдыруды ұсынды, бұған өзбекстан­дықтар көпке дейін келіспеді. Ақыры, бұл проблемаға Елбасымыз Нұрсұлтан На­зар­баев араласып, бүкіл Арнасай бөге­ті­нің бір гидротехникалық торап ретін­де Қазақстан аумағында қалатын­дай етіп, шекараның жаңа сызығын жүр­гізу қажет­тілігіне Өзбекстан басшысы­ның көзін жет­кізген-ді. Бүгінде Арнасай су қоймасы Оң­түстік Қазақстан облысын­дағы стратегия­лық маңызы бар нысан­ның біріне айналғандығын қазақстан­дықтар жақсы біледі.

Сол жылдары тағы бір «даулы» учас­келер - шекараға жапсарлас орналасқан Бағыс пен Түркістан кенттері төңірегінде өршіген еді. Себебі, алғашында Бағыс кентінің өзін Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы әкімшілік-аумақтық шекара екіге бөліп тастады. Ал бір-бірінен бес-алты шақырымдай қашықтықта орналасқан Бағыс пен Түркістан (бұл елді мекен Өзбекстан шегінде жатыр) кент­терінің тұрғындары Қазақстан Үкіметі­нен шекараны делимитациялау кезінде екі кентті де Қазақстан аумағында қалды­руды талап етумен болғандары есіміз­де. Қазақстандық делегация екіге бөлініп кетуі ықтимал бүкіл Бағыс кентін және оған жапсарлас жатқан жерлер Қазақ­стан аумағында қалуы үшін шекара сызы­ғының өтуін нақтылауды ұсынды. Өзбек­стандықтар болса, өздерінің Бағыс туралы ешқандай да талабы жоқ екенін ашық білдіре келіп, Түркістан кенті Өзбек­стан аумағында қалуы тиіс деген ұс­таным­дарынан ауытқымады. Сөйтіп, келіс­сөздер нәтижесінде Бағыс туралы мәсе­ле оң шешілді. Бағыс кенті жапсарлас жат­қан жерлерімен Қазақстан жағында қалды.

Мемлекеттік шекараға байланысты мәселелер еліміздің ішкі және сыртқы саясатында айрықша орын алады. Мем­лекет басшысының тәуелсіздіктің алғаш­қы жылдарында-ақ шектес мемлекет­термен арадағы шекараны делими­тация­лауға ерекше назар аударып, оны ұлт­тық қауіпсіздігіміздің негізгі басымдық­тарының бірі ретінде белгілеп бергені сон­дықтан.

Президенттің баспасөз қызметі мен «Егемен Қазақстанның» бірлескен жобасы

0 пікір
Мұрағат