Шейх Билал Хан: Қазақстанда исламдық инвестиция көлемін арттыруға күш саламыз
Шейх Билал Хан: Қазақстанда исламдық инвестиция көлемін арттыруға күш саламыз
28 күн бұрын 362 forbes.kz

«Астана» халықаралық қаржы орталығындағы исламдық қаржыландыру жүйесі қалай жұмыс істейді.

Бұл жайында Forbes.kz тілшісіне АХҚО Исламдық қаржыландыру жөніндегі директоры шейх Билал Хан айтып береді.

F: Құрметті шейх Билал Хан, Қазақстанға қашан келдіңіз? «Астана» халықаралық қаржы орталығындағы қызметіңіз қандай?

- Мен Қазақстанға Ұлыбританиядан, Лондон қаласынан келдім. Қазіргі Нұр-Сұлтан қаласына 2018 жылдың қыркүйек айында отбасыммен, әйелім және қызыммен бірге келдік, қазір бәріміз қалада тұрамыз. Мен «Астана» халықаралық қаржы орталығында үш бірдей қызметке тағайындалдым. Исламдық қаржыландыру бойынша директор, құқықтық-консультативтік кеңестің мүшесі және халықаралық арбитражды орталықтың арбитрларының бірі болып табыламын. Қазақстанда маған өте ұнайды, ауа-райы суық болғанымен, адамдарының көңілі өте жылы. Мен орталықтың аймақтық хаб болып жатқанына және исламдық қаржыландырудың орталығы болып жатқанына қуанамын.

F: Енді Исламдық қаржыландыруға келсек. Бұл институт қандай нарыққа, кімдерге арналған, қай бағытта істейді?

- Исламдық қаржыландыру өте қарқынды дамып келе жатыр. Айта кетері, ислам қаржысы тек мұсылмандарға ғана емес, баршаға бағытталған. Қазір бұл институт Еуропада өте қатты дамуда, мәселен Ұлыбритания, Люксембург, Бельгия және тағы басқа елдерде кеңінен қолданылуда, яғни қаржыландырудың бұл жүйесін кез келген адам пайдалана алады, тіпті кейінгі кездері оған англикандық шіркеулер, Рим папасының өзі қызығушылық танытқан болатын

F: Сұраныс неліктен артып отыр, неліктен қарқынды дамуда?

- Исламдық қаржыландыру неге қарқынды дамуда? Себебі оның жүйесі этикалық түсініктерге негізделген, тараптар тек табысты ғана емес, тәуекелдерді тең бөледі. Сіздер білесіздер, соңғы жылдары әлем бойынша қаржы дағдарысы болды және салдарынан көптеген компаниялар, тіпті тұтас елдер зардап шекті. Рецессия, депрессия белең алды. Оның себебі неде? Дәстүрлі қаржыланадыру бойынша адам несие алып, оны ұзақ уақыт бойы қайтарады. Ал, исламдық жүйеде басқаша. Жоғарыда айтқанымдай тараптар барлық тәуекелді бірдей бөліседі. Ақшаны берген де, қарызды қайтарушы да. Бір ғана мысал келтірейін. Дәстүрді қаржыландыру бойынша үй алғысы келетін адам банкке барады, ақша алады және оны ай сайын пайыздық үстемемен қайтарып отырады. Ал, кенеттен төлей алмаған жағдайда, банк үйді де, қаржыны да қайтарып алады. Исламдық қаржыландыруда олай емес, бәрі басқаша. Мысалы қарызды 10 жыл төлеп келіп, бір жағдайға байланысты төлей алмай қалдыңыз. Бұл кезде банк сізге 10 жыл төлеген қаржыңызды қайтарып береді. Сондықтан, оған мұсылмандардан бөлек, христиан, будда дін өкілдері де ерекше қызығуда. Себебі, бұл жерде бәрі таза әрі әділ.

F: Исламдық инвестиция қандай салаларға салынбайды?

- Исламдық қаржыландыру қоғамға зиян келтіретін салаларға бағытталмайды. Мысалы, алкоголь,темекі, порнография, қару-жарақ сынды адамның жеке басына немесе жалпыға зардабы бар өнімдерге берілмейді. Тағы бір айта кетері, исламдық қаржыландыру тек зерттелген, жоспарланған, нақты бизнес жоспарларға бағытталады. Мысалы, қазіргі жүйеде сан түрлі ойын ережелері бойынша ақша арқылы ақша табу көптеп көрініс береді. Ал, исламдық жүйеде ондайға жол берілмейді. Сіздің қолыңызда нақты жоспар немесе сатылатын тауар болуы керек. Яғни, заттай бар нәрсе болуы тиіс. Исламдық қаржыдандыруда ақшаны сатуға немесе сатып алуға тиым салынған. Мәселен, ертеде ақша алтынмен бекітілген еді, яғни, алтын, күміс ақша саналды. Ал қазіргі ақша қағаздан жасалған, оны сатуға, сатып алуға болмайды. Исламдық жүйеде тек нақты тауарды ғана сатып алуға болады, ақшаны тек осы мақсатқа пайдалану керек. Егер, бір мемлекет банкротқа ұшырады делік, бұл кезде оның ақшасы жәй қағаз болып қала береді. Бір айта кетері қазірде Гонконгта сукук шығарыла бастады, бұл дегеніміз исламдық бонд. Яғни, Ұлыбритания, Гонконг сияқты елдерде мемлекет исламдық құнды қағаздарды дамытуға көңіл бөлуде. Ал, бұл аймақта нарық үлкен және оған деген қызығушылық жоғары.

F: Қазақстанда ислам қаржысына деген сұраныс қандай? Қаржы салуға әзір компаниялар бар ма?

- Қазақстанда энергетика, жаңартылған қуат көздері, ауыл шаруашылығы, көлік құрастыру қарқынды дамуда. Бұның бәріне үлкен қаржы қажет екені белгілі және оларға ислам қаржысын тартуға болады. Мысалы, Қазақстанға инвестиция салуға қызығушылық білдіріп отырғандар көп. Олар Біріккен Араб Әмірліктері, Ұлыбритания, Азияның бірқатар елдері, олардың бәрі ислам қаржысын салғысы келеді. Егер, олай болса Қазақстанның ішкі жалпы өніміне қатысты көрсеткіш қарқынды түрде жоғарылайды. «Астана» қаржы орталығы Дубай қаржы орталығымен, Ұлыбритания қаржы орталығымен ұқсас. Олардың әкімшілік аумағында ағылшын құқы қолданылады. Жоғарыда Ұлыбританияда исламдық қаржыланыдың дамып жатқанын айттым. «Астана» қаржы орталығында қаржы қызметін реттеу жөніндегі қызмет бар. Олар исламдық қаржыны реттеу ережелерін әзірледі және бұл компаниялардың осында қатысуына мүмкіндік береді. Бұл инвестициялық қорлар, сақтандыру компаниялары және оларға қызмет көрсететін кеңесшілер, заңгерлер сияқты көптеген салалардың жиынтығын құрайды.

F:  Инвесторларды тарту, тіркеу тәртібі қандай?

- Ережелер толық реттелді. Ендігі жерде мен АХҚО Исламдық қаржыландыру бойынша директоры болғандықтан, басты міндетім - әлем елдеріне шығып, дүниежүзінен исламдық қаржыландыру саласында жұмыс істейтін инвесторларды тарту және олардың санын арттыру болып табылады. Сондықтан, біз іс-сапарларға шығып немесе оларды осында шақырып, Бахрейн, Араб Әмірліктері, Катар, Сауад Арабиясы, Малайзия және Еуропа елдерінен жетекші инвесторларды тартып, өз елдерінде жемісті жұмыс істеп келе жатқан, қомақты қаржысы бар түрлі қаржы инситуттарының осында тіркелуіне жағдай жасап, Қазақстан экономикасын дамытуға күш саламыз. Сондықтан, мен және менің командам қаржы орталығының, жалпы Қазақстанның инвестициялық мүмкіндігін таныстырумен айналысамыз.

F:  Демек, ислам қаржысын тартумен тікелей Сіздер айналысасыздар ғой...

- Иә, мен негізі ислам қаржысы бойынша және жалпы ағылшын құқының заңгері болып табыламын. Жалпы, ағылшын құқы ағылшын жүйесін жақсы білетін мықты маманды талап етеді, ал ислам жүйесі осы саланы жетік меңгерген маманды қажет ететіні белгілі. Ал, мен осы екі жүйені кәсіби түрде қатар меңгерген және екі бағыт бойынша жұмыс істеуге құқылы әлемдегі жалғыз маманмын десем болады. Қазіргі кезде орталықта «Астана» биржасы жұмыс істейтіні белгілі және болашақта онда сукук қағаздарын орналастыру ережелері әзірленіп қойды.

F: Қазіргі кезде қызығушылық танытып отырған немесе тіркелген компаниялар саны белгілі ме?

- Мен жуырда ғана келдім. Сондықтан, әзірге нақты деректер келтіру ерте деп ойлаймын. Дегенмен, менің мақсатым осында жұмыс істейтін компаниялардың қатарын арттыру болып табылады. Мысалы, бұған дейін реттеумен, ережелер жазумен айналыссақ, енді сол ережелер негізінде инвесторларды тартумен айналысамыз. Қазіргі күні исламдық қаржыландырумен айналысатын 15 компаниямен меморандумға қол қойылды және сонымен қатар ерекше айта кететіні, біз әлемдегі 3 жетекші халықаралық ұйымның мүшесі болып табыламыз.

Сонымен қатар, «Астана» халықаралық қаржы орталығын басқару жөніндегі кеңес бар екенін білесіздер және оған ҚР Президенті басшылық етеді және сол кеңес құрамында Ислам даму банкінің президенті бар. Сондықтан, біздің жұмысымыз енді ғана басталды және болашақта үлкен мүмкіндіктерге қол жеткіземіз деген сенімдеміз.

0 пікір
Мұрағат