Бас мүфти қажылардан еліміз үшін дұға жасауларын сұрады (ФОТО+ВИДЕО)
Бас мүфти қажылардан еліміз үшін дұға жасауларын сұрады (ФОТО+ВИДЕО)
2 жыл бұрын 1082 muslim.kz
Қасиетті мекенге аяқ басып, Қағбадағы қара тасты көру – кез келген мұсылман жанның асыл арманы. Биылғы жылғы қажылық маусымында 5000-ға жуық отандастарымыз осы армандарына қол жеткізіп, қажы атанатын болады. Осы орайда, жер-жерде қажылық компаниялары мен мешіт имамдары асыл парызын атқаруға аттанатындарға ақ баталарын арнап, ақ жол тілеп шығарып салу рәсімдерін ұйымдастырып жатыр.

Бүгін еліміздің жүрегі Астана қаласынан қасиетті мекенге аттанатындардың соңғы толқынын шығарып салу рәсімі болып өтті. «Әзірет Сұлтан» мешітіндегі бұл мерейлі шараға ҚМДБ-ның төрағасы, бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының өзі келіп қатысып, қажыларға құттықтау лебізін жолдап, ақ тілегін арнады.

«Қажылыққа бару – Құдайдың қонағы болу деген сөз. Егер Алла Тағала бұйыртпаса, бұл бақытқа жету-жетпеу де екіталай, – дей келіп, Бас мүфти қажылыққа барудың қаражатқа ғана байланысты емес екендігін ескертіп өтті. Алла Тағала қалауымен қасиетті жерге табаны тигелі тұрған отандастарына ол еліміз бен жеріміздің тыныштығы үшін, бақытымыздың бастауы болған тәуелсіздігіміздің баянды болуы үшін дұға жасауларын өтінді. Шара соңында қасиетті Құран Кәрім оқылып, қажылыққа аттанғандардың сапары сәтті болуын тілеп дұға жасалды.

Бас мүфти, сондай-ақ, биылғы жылы қажылық миссиясы құрамына уағыз айтатын 30-ға жуық имам мен арнайы 2 дәрігер маманының қосылып отырғанын да атап өтті. Дін қызметкерлері қажылардың сұрақтарына жауап беріп, құлшылықты дұрыс орындау тәртіптерімен таныстыратын болады.

0 пікір