Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі болып сайлануына байланысты Елбасы үндеуі (видео)
Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі болып сайлануына байланысты Елбасы үндеуі (видео)
8 жыл бұрын 2982 khabar.kz

Ұлы Қазақ елін жаһан мойындады. Әлемнің ең озық 15 елі таңдады. Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі болу – зор мәртебе, мол мүмкіндік. Бұл – Тәуелсіздігіміздің 25 жылдық тарих белесіндегі ең маңызды сәттерінің бірі.  Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев халыққа жасаған бейнеүндеуінде осылай деді. Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті: - Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығы белесінде тағы бір маңызды тарихи оқиға болды. Еліміз Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің 2017-2018 жылдардағы тұрақты емес мүшелері құрамына енді. Бұл Кеңес – Біріккен Ұлттар Ұйымының Жарғысымен «халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздіктің басты жауапкершілігі» жүктелген, тұрақты жұмыс жасайтын орган. Еліміздің оған сайлануы – Қазақстанның халықаралық аренадағы беделі мен еңбегінің мойындалуы деген сөз. Біздің еліміз бейбітшілікті, қауіпсіздікті және орнықты дамуды жақтайтынын тәуелсіздік жылдарының бәрінде өзінің нақты істерімен дәлелдеп келеді. Оны баршаңыз білесіздер. Семей ядролық полигонын жабу  және қуаты жөнінен төртінші  зымырандық-ядролық арсеналдан бас тарту туралы шешімімізді бүкіл жер шары біледі және қолдайды. Бізге әлемдік қоғамдастықтың мұндай сенім көрсетуі мемлекетіміздің қарқынды дамуына және береке-бірлігімізге де байланысты.

 

0 пікір
Мұрағат