Қазақстандықтар шетелдегі қаражатын 52 валютада сақтайды
Қазақстандықтар шетелдегі қаражатын 52 валютада сақтайды
7 жыл бұрын 2143 Baq.kz Дәурен ЕРБОЛАТ

Мүлікті жария ету науқаны барысында Қазақстан азаматтары шетелдегі 517 млн долларды, 30 млн еуроны, 23 млн фунт стерлингті жария еткен. Олар қаржысын 52 валютада ұстап отыр. Бұл туралы Үкімет отырысында Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов мәлімдеді.

«Жаңа Салық кодексіне байланысты шетелдегі капиталды декларациялау нормасы өз күшін жойған жоқ. Қазіргі таңда 712 азамат шетел банктеріндегі қаржысын 52 валютада сақтауда. Егер ең көп жария етілген валютаға тоқталсақ, 240 азамат шетелдегі 517 млн долларды, 237 азамат 30 млн еуроны, ал 123 азамат 23 млн фунт стерлингті заңдастырды», - деді министр.

Сонымен қатар, Бақыт Сұлтанов жария ету науқанында банктерде 7 917 арнайы есеп шот ашылғандығын атап өтті.

«Банктерде 7 917 арнайы шот ашылды. 1,5 трлн теңгедей, яғни жария етілген қаражаттың жартысы банк секторындағы өзге де ағымдағы немесе депозиттік шоттарда қалып отыр. Осы аталған факторлардың барлығы банк өтімділігін көтеруге ықпал етуде. Банк шоттарына аудармастан, яғни бюджетке 10 % алым төлей отырып, ақшаны жария ету сомасы да артып келеді. Бүгінде 112 адам 8 млрд теңгені осындай тәсілмен жария етті», - деді ол.

Сонымен қатар, министр ел тұрғындары шетелдегі қаражаты мен мүлкін жария етпесе, заң алдында жауап беретіндігін ескертті.

«2017 жылы Жаңа салық кодексінің шетелді мүлікті міндетті түрде декларациялау нормасы күшіне енеді. Біз жіберілген мәліметтерді тексереміз. Бұл талапты Страсбургск конвенциясы бойынша орындаймыз. Мүлікті жария ету науқаны аяқталған соң ақшасы мен мүлкін жария еткен азаматтар әкімшілік, қылмыстық жауапкершілікке тартылмайды», - деп түйіндеді сөзін Бақыт Сұлтанов.

Қазақстандықтардың мүлкі бар 26 ел белгілі болды

Қазақстан Республикасының азаматтары əлемнің 26 елінде 300-ден астам нысанды заңдастырған. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов мəлім етті.

Министрдің айтуынша, Қазақстанда мүлікті жария ету қарқыны бойынша көш басында Алматы қаласы тұр екен. Алматы тұрғындары 459 млрд. теңгенің мүлкін жариялаған. Жалпы құны 338 млрд. теңгенің мүлкі жарияланған. Алматы облысы екінші орында жəне 57 млрд теңгенің мүлкін заңдастырған Астана қаласы үшінші орында екен.

«Шетелдегі мүлік бойынша, егер жыл басында жария етілген мүлік құны (38 объект) 1 млрд. теңгені құраған болса, бүгінде бұл сома 16,6 млрд. теңгеге дейін жетті. Ал объектілердің саны 300-ге жақындады. Яғни, жылдың басынан жария етілген объектілердің саны сегіз есеге, құны он алты есеге ұлғайды. Ал мүлік жария етілген шет елдердің саны 9-дан 26-ға дейін өсті»,-деді Б.Сұлтанов.

Министр хабарлағандай, қазақстандықтар Аустрия, Болгария, Ұлыбритания, Венгрия, Виргин аралдары, Германия, Грузия, Испания, Италия, Қытай, Қырғызстан, Латвия, Литва, БАӘ, Ресей, АҚШ, Сингапур, Тайланд, Түркия, Түрікменстан, Өзбекстан, Чехия, Швейцария, Украина, Франция, Оңтүстік Корея елдеріндегі мүліктерін заңдастырған.

0 пікір
Мұрағат