Қазақстанда маңызды ақпараттарды сақтайтын резервтік дерекқор құрылуы мүмкін – ҰҚҚ
Қазақстанда маңызды ақпараттарды сақтайтын резервтік дерекқор құрылуы мүмкін – ҰҚҚ
6 жыл бұрын 3147 Дәурен Ерболат

Қазақстанда маңызды ақпараттарды сақтайтын резервтік дерекқор құрылуы мүмкін. Бұл туралы ҚР Парламенті Сенатының әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінде заң жобасын талқылау барысында ҰҚК Ақпараттық қылмыспен күрес саласындағы басқарма басшысы Ғалымбек Татенов айтты, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат көзі. 

«Биыл жазда елімізде кибершабуылдар тіркелді. Ол туралы естіген шығарсыздар. Онда вирус болатын. Бұл вирус әлемдегі көптеген ақпараттық жүйелерді шифрлады. Ақпараттарды сақтайтын резервтік дерекқор кибершабуыл, ақпараттық жүйенің бүлінуі және т.б. болған кезде ақпаратты сақтауға мүмкіндік береді», - деді Татенов.

Аталған заң жобасы аясында Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі кодексіне «дәрігерлік құпия мәліметтерді резервтік дерекқорына енгізу» атты норманы енгізу қарастырылған.

«Заң жобасы аясында ақпараттарды сақтайтын резервтік дерекқор құру қарастырылған. Барлық маңызды ақпараттар – бұл мемлекеттік және квазимемлекеттік органдардың дерекқоры. Мемлекет үшін өте маңызды. Ал оларды жоғалту кейбір мемлекеттік процестердің жұмысын тоқтатуы мүмкін. Яғни ұлттық қауіпсіздікке қауіп төнеді», - деді ҰҚК өкілі.

Оның айтуынша, маңызды ақпараттарды сақтайтын резервтік дерекқор интернетке қосылмайды. Бұл кибершабуылдан қорғануға мүмкіндік береді. Сондай-ақ аталған платформа негізгі ақпарат жоғалған кезде оны қайтадан қалыпқа келтіре алады.

«Егер негізгі ақпарат жоғалса, оны қайтадан қалыпқа келтіруге болады. Мысалы, Қазақстан азаматтарының дерекқоры мен олардың жеке мәліметтері жоғалмайды», - деп түйіндеді сөзін Ғалымбек Татенов.

0 пікір
Мұрағат