Қазақстанда бизнесті тартып алудың жаңа әдістері пайда болған
Қазақстанда бизнесті тартып алудың жаңа әдістері пайда болған
7 жыл бұрын 3079 7kun.kz Ақсәуле Әбітай

Қазақстанда жекешелендіру аясында сатылған компаниялардың әрекетіне бақылау жасап отыру керек. Бұл туралы еліміздегі кәсіпкерлердің құқығын қорғау бойынша өкіл Болат Палымбетов мәлімдеді. Оның сөзінше, аталған шара мемлекеттік сектордан үлес сатып алған фирмаларды рейдерліктен сақтауға мүмкіндік береді. 

Бизнесті тартып алудың рейдерлік әдісі тенденцияға айналып жатыр деді ол «Атамекен» ҰКП-ның кәсіпкерлердің құқығын қорғау туралы кеңесінің отырысында. «Бұл Қазақстандағы үрдіске айналып кетті. Яғни, алдымен мемлекеттік компанияны (51 пайызын) сатып, алғашқы жылы саған (тапсырыс көлемін — ред.) толығымен береміз дейді. Кейінірек аяқ астынан бір фирма шығып,  ол көлемді шектей бастайды. Одан кейін бізде тендерде басқаша жазылған деп шыға келеді. Жылдық бюджет, жоспар болғанына қарамастан бәрін кері ысыра береді. Амал жоқтан кәсіпкер компаниясын басқа біреуге сатуға мәжбүр болады. Көбінде мұның барлығы өндіріс кәсіпорындарына қатысты. Бірақ, олай болмауы керек», — деп мәлімеді Болат Палымбетов.

Бизнес-омбудсмен бас прокуратура мен мемлекеттік қызмет және жемқорлыққа қарсы күрес бойынша агенттіктерді жағдайға көңіл бөлуге шақырды. Жекешелендіруден кейін ол компаниялардың әрекетін қарап, сараптама жасап отыру арқылы да проблеманы шешуге болады дейді ол.

0 пікір
Мұрағат