Қазақстанда ағза донорлығынан бас тартуды немесе келісімді қалай тіркеуге болады
Қазақстанда ағза донорлығынан бас тартуды немесе келісімді қалай тіркеуге болады
3 ай бұрын 638 inform.kz Руслан Ғаббасов, Есімжан Нақтыбай

ҚР Денсаулық сақтау министрлігі елімізде өлімнен кейінгі донорлықтан бас тартуды тіркеу тетігі жайында түсінік берді. БҰл туралы kaz.inform.kz ақпарат көзі хабарлады. 

«Қазіргі кезде Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 21 желтоқсандағы бұйрығына сәйкес, "Трансплантациялау мақсатында ағзалардың (ағза бөлігінің) және (немесе) тіндердің (тін бөлігінің) қайтыс болғаннан кейінгі донорлығынан тірі кезінде бас тарту немесе келісім алуды тіркеу" мемлекеттік қызметтің формасы медициналық - санитариялық алғашқы көмек арқылы қағаз нұсқада немесе электронды үкіметтің веб-сайтында ұсынылады», - делінген министрліктің Kazinform агенттігіне берген жауабында.

Айта кетейік, жақында ҚР Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Қазақстанда заң деңгейінде адам қайтыс болғаннан кейінгі донорлық тәртібіне қатысты жұмыс реттелгенін айтты.

«Дегенмен, бұл салада жетілдіретін тұстары бар шығар, бірақ ол тек заңнамалық базаға байланысты емес. Бұл жерде халықтың денсаулық сақтау жүйесіне деген сенімі өте үлкен мәселе. Атап айтқанда, осы саладағы мәселелерді егжей-тегжейлі пысықтаймыз... Менің ойымша, халықтың өзі бұған дайын болуы керек. Біріншіден, мұны мәжбүрлі түрде жасауға болмайды. Біздегі заңнама ағза донорлығын дұрыс ұйымдастыруға мүмкіндік береді», - деді министр.

Еске салсақ, 4 мыңға жуық қазақстандық ағза алмастыру кезегінде тұр.

0 пікір
Мұрағат