Қазақстанда 4 мыңға жуық бала жыл сайын қылмыс құрбаны болады
Қазақстанда 4 мыңға жуық бала жыл сайын қылмыс құрбаны болады
7 жыл бұрын 4902 Руслан Ғаббасов

ҚР Білім және ғылым министрлігі «Дағдарыс орталықтар одағы» ЗТБ-мен бірлесіп Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында «Зорлық-зомбылықсыз балалық шақ» республикалық ақпараттық науқанының басталуын жариялады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«ҚР Бас прокуратурасының мәліметі бойынша жыл сайын елімізде балаларға қатысты 4 мыңға жуық қылмыс, оның ішінде бала өлтіру, зорлық-зомбылық, қатыгез ұстау және басқа да қылмыстар жасалады.

Жалпы, соңғы 3 жылда кәмелетке толмағандарға қатысты қылмыстардың деңгейі 51 пайызға кемігендігі байқалады (2016 жылдың 6 айында 44,6 пайызға кеміді (2795-тен 1548-ге дейін). Алайда, балаларға қатысты зорлық-зомбылық проблемасы өзекті болып отыр және оны шешу үшін мемлекет пен қоғам тарапынан біршама шара қабылдауды талап етіледі»,-делінген ҚР БҒМ Балалардың құқықтарын қорғау комитеті мәліметінде.

Атап айтқанда, ақпараттық науқан аясында кәмелетке толмағандарға қатысты зорлық-зомбылық, қатыгез ұстау мәселелері бойынша халықты ақпараттандыру, «дөңгелек үстел» және конференциялар, көрмелер, балалар суреттері мен шығармаларының байқауларын, пікірталастар, сондай-ақ мемлекеттік және үкіметтік емес ұйымдар өкілдерімен кездесулер өткізілмек.

Мұнымен қоса, құқық қорғау органдары, ата-аналар қауымдастығының өкілдерін тарта отырып «Отбасыда зорлық-зомбылыққа жол бермейік», «Түнгі қаладағы балалар», «Жасөспірім», «Көше» сияқты кең ауқымды ведомствоаралық рейдтік іс-шаралар қамтылмақ.

Ақпараттық науқан 15 - 30 қараша аралығында, еліміздің барлық өңірлерінде ұйымдастырылады.

Науқанның мақсаты - қоғамның назарын балаларға қатысты зорлық- зомбылық мәселелеріне аудару, қоғамда балаларды қатыгез ұстауға төзбеушілік қатынасты қалыптастыру, қоғамның осы салада халықаралық және ұлттық заңнама негіздері туралы хабардарлығын арттыру.

0 пікір
Мұрағат