Қазақстан адам саудасы бойынша нешінші орында тұр?
Қазақстан адам саудасы бойынша нешінші орында тұр?
8 жыл бұрын 7109 inform.kz

Қазақстанда жыл сайын адам саудасына қатысты 400-ге жуық қылмыстық іс қозғалады. Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның хатшысы Тастемір Әбішев мәлім етті.

«Қазақстанда адам саудасы жаппай сипатқа ие емес. Австралиялық құқық қорғау ұйымының мәліметтеріне сәйкес Қазақстан Республикасы адам саудасы деңгейі бойынша 170 елдің ішінде шамамен 85-86-шы орында тұр», - деді ол.

Осы ретте Әбішев еліміздің Бас прокуратурасының мәліметтеріне сүйене отырып, жыл сайын Қазақстанда адам саудасына қатысты 350-400 қылмыстық іс қозғалатындығын атап өтті. Оның айтуынша, бірінші орында адамдарды еңбек күші ретінде пайдалану, ал екінші орында жыныстық қатынасқа мәжбүрлеу тұр. 

«Ал Америкада керісінше, бұл елде жыныстық қатынасқа пайдалану басым болса, адам күшін пайдалану нөлдік деңгейде», - деді комиссия хатшысы. 

Айта кетейік, бүгін Үкімет үйінде ҚР Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның сарапшылар кеңесі Елбасы қарауына енгізілетін «Қазақстан Республикасындағы еңбек мигранттары және адам саудасы құрбандарының құқықтарын қорғаудың өзекті проблемалары» атты талдау баяндамасының жобасы талқыланды. Баяндама ұсынымдары Қазақстандағы жұмыс үшін жоғары білікті мамандарды тартуға және елдің барлық өңірлерінде адам саудасы құрбандарына арнайы әлеуметтік қызмет көрсету стандарттарын енгізуге бағытталған. Мұнан бөлек, аталған құжатта азаматтық қоғам институты әлеуетінің ресурстарын адам саудасына қарсы іс-қимыл, халықты құқықтық ағартуды жандандыру саласында пайдалану қажеттігі аталып өткен. 

Жалпы, талқылауға қатысқан халықаралық және ұлттық сарапшылар комиссияның бұл талдау баяндамасы бірегей екенін және ТМД мен Балтық елдерінің құқық қорғау кеңістігінде кездеспейтіндігі айтылған. 

Сарапшылық кеңестің жан-жақты талқылауынан кейін комиссия баяндамасы Мемлекет басшысының қарауына және бекітуіне жолдау туралы шешім қабылданды. 

0 пікір
Мұрағат