Қазақстанда 500 мыңға жуық еңбек мигранты жұмыс істейді
Қазақстанда 500 мыңға жуық еңбек мигранты жұмыс істейді
8 жыл бұрын 2952 inform.kz Марлан Жиембай

Бейресми деректерге сәйкес Қазақстанда 500 мыңға жуық еңбек мигранты жұмыс істейді. Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның хатшысы Тастемір Әбішев мәлім етті. «Әдетте, бізге көршілес мемлекеттерден мигранттар көп келеді. Олар құрылыс бизнесінде, өнеркәсіпте, ауыл шаруашылығында, базарларда жұмыс істейді. Олардың ресми саны шамамен 38 мың адам. Ал бейресми деректерге сәйкес Қазақстанның бүкіл аумағында 350 мыңнан 500 мыңға дейін еңбек мигранттары бар», - деді ол.

Оның атап өтуінше, мұндай деректерді комиссияға азаматтық сектордағы серіктестері ұсынған.

«Дегенмен, ҚР ҰЭМ Экономикалық зерттеулер институтының есептеулері де Қазақстанда заңды және заңсыз жұмыс істейтіндердің бұл интервалы 350-450 мың адамды құрайтындығын көрсетіп отыр», - деді Әбішев. 

Айта кетейік, бүгін Үкімет үйінде ҚР Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның сарапшылар кеңесі Елбасы қарауына енгізілетін «Қазақстан Республикасындағы еңбек мигранттарының және адам саудасы құрбандарының құқықтарын қорғаудың өзекті проблемалары» атты талдау баяндамасының жобасы талқыланды. Баяндама ұсынымдары Қазақстандағы жұмыс үшін жоғары білікті мамандарды тартуға және елдің барлық өңірлерінде адам саудасы құрбандарына арнайы әлеуметтік қызмет көрсету стандарттарын енгізуге бағытталған. Мұнан бөлек, аталған құжатта азаматтық қоғам институты әлеуетінің ресурстарын адам саудасына қарсы іс-қимыл, халықты құқықтық ағартуды жанандыру саласында пайдалану қажеттігі аталып өтілген.

Жалпы, талқылауға қатысқан халықаралық және ұлттық сарапшылар комиссияның бұл талдау баяндамасы бірегей екенін және ТМД мен Балтық елдерінің құқық қорғау кеңістігінде кездеспейтіндігін атап өткен.

Сарапшылық кеңестің жан-жақты талқылауынан кейін комиссия баяндамасы Мемлекет басшысының қарауына және бекітуіне жолдау туралы шешім қабылданды. 

0 пікір
Мұрағат