Оңтүстіктен қоныс аударғандарға мемлекет есебінен жер де беріледі (фото)
Оңтүстіктен қоныс аударғандарға мемлекет есебінен жер де беріледі (фото)
7 жыл бұрын 3821 Жансая Тәуекелқызы

Сәуір айының соңғы күнінде 37 оңтүстікқазақстандық отбасы жолға шықты. Енді олар еліміздің жұмыс күші көп солтүстік өңірінің тұрғыны болмақ, деп хабарлайды Baq.kz-тің өңірдегі тілшісі. 

«Жұмыспен қамту – 2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында оңтүстік өңірі халқын еліміздің жұмыс күші көп аймақтарына көшіру жұмыстары биыл да жалғасын тауып жатыр. Осы мақсатпен оңтүстікқазақстандық көштің алғашқы легі жолға шықты. Бұл жолы 37 отбасы теріскей аймаққа көшуге ниет білдіріпті. Олардың басым көпшілігі Шымкенттен бөлек Мақтарал, Сарыағаш, Сайрам аудандары мен Түркістан қаласынан. Барлығының үміті бір – өзге өңірде өз мамандықтары бойынша тұрақты жұмысқа орналасу болса, енді бірінің мақсаты – мал және егін шаруашылығы бойынша кәсібін дөңгелету.

Туып-өскен жерінен жыраққа кетіп бара жатқандардың қатарында 22 жастағы шымкенттік жас ана Жанар Шырынбекова да бар.

- Тіс дәрігері маманымын. Колледжді былтыр бітірдім, тәжірибем жоқ болғандықтан мамандығым бойынша жұмысты Шымкентте табу қиынға соқты. Жұмыспен қамту орталығына барған кезімде бағдарлама туралы толыққанды таныстым. Солтүстіктегілер менің мамандығыма қызығып, шақырту жіберді. Жүгімді жинап, кетіп барамын. Әрине, бойымда қалай болар екен деген қорқыныш бар. Себебі туыстарымның барлығы осы оңтүстік өлкесінде. Шымкенттің тумасымын, бір қызым бар. Жалғызбасты анамын. Қорқынышты жеңу керекпін ғой, бәрі жақсы болады деген үміт бар. Түбінде өзіміз аяқтан тұруымыз қажет», - деді солтүстікке қоныс аударуға жолға шыққан тұрғын Жанар Шырынбекова.

Ерекше атап өтерлігі, арнайы бағдарламамен оңтүстіктен қоныс аударатындар үшін мемлекет барлық жағдайды жасап отыр. Жұмыспен қамтудан бөлек көшіп барған әрбір отбасы бір жылға дейін тегін баспанамен қамтылып қана қоймай, оларға бір реттік көмек ретінде қаржылай көмек беріледі және мұндай көмек жас ерекшелікке қарамайды, отбасының кез келген мүшесіне шамамен 80 мың теңге көлеміндегі субсидия аударылады. Одан өзге бір жыл бойына коммуналдық қызмет шығынын да мемлекет өз мойнына алыпты. Ал Оңтүстік Қазақстан облысынан шыққан депутаттар көппен бірге теріскейге қоныс аударуға ниет білдіргендердің жол шығынын өз мойнына алған. Тіпті оңтүстікқазақстандықтардың ол жақта сіңісіп кетуі үшін жан-жақты шараларды жүргізіп келеді.

«Былтыр біздің облыстан 146 отбасы қоныс аударып, мемлекеттен берілетін көмекке қол жеткізді. Көшіп алып, «күнін көре алмай жатыр» немесе «жұмыссыз жүр» делінген ақпаратқа келсем, олар өз беттерінше қоныс аударғандар. Біз жерлестерімізге көшпен бірге көшіңіздер, топ болып жүріңіздер деп барынша айтып жатырмыз. Өзімнің тікелей араласуыммен былтыр 50 отбасы қоныс аударды. Барлығына үй алып бердім. Шүкір, бүгінде жағдайлары жақсы. Жұмысқа орналасты, жер алып, шаруашылығын қолға алып жатқандар да бар. Әрине, былтыр алғашқы керуен жаз айында қоныс аударғандықтан, олар егін шаруашылығын қолға алып үлгермеді. Ал биыл бұл жұмыстар қарқынды жүргізілмек. Бүгін жолға шығып отырған 37 отбасы Айыртау, Уәлиханов, Ақжар, Есіл, М.Жұмабав аудандарына жайғасады», - деді Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының депутаты Жаңабай Ағабеков.

Депутаттың сөзінше, күнгей облыстан қоныс аударғандар арасында мал немесе егін шаруашылығымен айналысамын деушілерге мемлекет есебінен жер де беріледі.

Оңтүстік Қазақстан облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бөлім басшысы Нұржан Нұрашовтың айтуынша, бір реттік көмек алған әрбір азамат кемінде жарты жыл сол өңірде тұруы тиіс. Егер тұрғын қайту туралы ойланса, алған жәрдемақыны мемлекетке қайтарып беруі шарт.

Ақпарат ретінде айта кетейік, былтыр оңтүстіктен өзге өңірлерге 147 отбасы қоныс аударған. Оның 125-і Солтүстік Қазақстан облысына, қалғаны Қостанай мен Шығыс Қазақстан өңірлерінде тұрып жатыр.

 
 
1 пікір
  • Жоғарыда айтқандай жағдай жасалса жақсы ғой, былтыр көшкендерге дұрыс жағдай жасалмағаны туралы оқып едім. Жас кезде орныққан бөлек, бала-шағасымен барып орналасқан қиын ғой.
    Орнығып кетсін.
    7 жыл бұрын
Мұрағат