Мұхтар Шаханов шетелдіктерге тұрмысқа шыққан қыздарды азаматтықтан шығаруды ұсынды
Мұхтар Шаханов шетелдіктерге тұрмысқа шыққан қыздарды азаматтықтан шығаруды ұсынды
7 жыл бұрын 5678 stan.kz

Танымал қазақ ақыны, қоғам қайраткері Мұхтар Шаханов шетелдік азаматтарға тұрмысқа шыққан қазақстандық қыздарды азаматтықтан шығарып тастауды ұсынды. Оның айтуынша, жат елдің азаматының етегінен ұстап кеткен мұндай азаматшалар мемлекеттің қауіпсіздігіне нұқсан келтіруі мүмкін.

Шаханов өзінің Facebook-тегі парақшасында:

«Шетелдікке тұрмысқа шыққан қыздар азаматтықтан шығарылсын. Адамның құқынан гөрі бізге мемлекеттің қауіпсіздігі маңызды. Қазақстанның тұтастығы, бүтіндігі, болашағы маңызды. Қолдауларыңызды сұраймын!

Әр адамда әртүрлі ойлар болуы заңды. Бірақ бұл мәселеде дауласпай, қырық пышақ болмай шешейік. Осы күнге дейін өмір сүріп кеткен бабаларымыздың рухы мен болашақ ұрпағымыздың алдында жауапты шешуші тарихи қадам.

Атам қазақ «Жиен ел болмас» деген нақыл сөзін жадыңыздан шығармаңыздар», – деп жазды.

Желі қолданушыларының басым бөлігі Мұхтар Шахановтың бастамасын қоштай түсті.

«Өте дұрыс шешім. Ондай қыздар біздің қазаққа жиен тауып қарық қылдырмай-ақ қойсын. Одан да енді оларды қазақ жеріне аяқ баспайтындай ету керек», – дейді Әсел Махмұтова есімді оқырман. Сол сияқты Ақсұңқар Рысбек есімді желі оқырманы:

«Мұхтар аға, қолдаймын әрі кеудесінде намысы бар әрбір қазақ сізді қолдайды деп сенемін», – деп қоштады.

2 пікір
  • "Бір қария қазына болар, бір қария қатымыр болар" деген сөз бар бар. Ақсақал қазақ, намыс, Отан сүйгіштік ұғымын шатастырып алған секілді. Қазақ азаматтары тобымен күң қылып жүрген қыздарымызды, Адам деген атқа ие еркектер ақ некесіне алып отбасының ханшайымы қылып жатса, оның несі жаман. Адамдық тұрғыдан да, ұлттық тұрғыдан да. Жалпы, біреуді біреуді ғана емес тобымен адамдарды сотқа тартып жаза кесу құқығы ешкімге берілмеді. Ақындар жас кезінде қыздардың сұлулығын тамсана жырлайды, қартайғанда оларға қандай жаза берсек екен дей ме екен?
    7 жыл бұрын
  • Ағамызды толықтай қолдаймын! Жақсы болар еді. Қыздарымыздың дұрыстап ойланып, ақылға салуына да септігін тигізер еді. Жат жұрттың еріне тұрмысқа шыққанда ханшайымдай өмір сүретініне ешкім кепілдік беріп отырған жоқ. Оның бәрі саясат, жеке мүддесі және біздің елімізге кіріп алу үшін. Ал қыздарды азаматтықтан айыратын болса, шет елдіктер бұл ісінен көздеген мақсатына да жете алмайтын болар еді, жары қазақ болса да Қазақстанда қала алмас еді. Солайша көптеп қалыңдық таңдауға келгіштері де саябырсып, қара көз қыздарымыздың басын айналдыруын азайтар ма еді.
    7 жыл бұрын
Мұрағат