Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру саласында жаңа өзгерістер орын алмақ
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру саласында жаңа өзгерістер орын алмақ
7 жыл бұрын 2768 inform.kz Жасұлан Жолдыбаев

ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру саласындағы жаңа өзгерістер туралы айтып берді. Бұл жаңа нормалар «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне денсаулық сақтау және әлеуметтік-еңбек салалары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасында көрініс тауып отыр. Атап айтқанда, өз жұмыскерлері үшін жұмыс берушілердің қалтасынан төленетін жарнаның көлемі төмендетілді. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі Елжан Біртанов мәлім етті. Ол үшін МӘМС жүйесі бойынша, Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің медициналық қызметке ақы төлеу комитетінің базасында арнайы қор құрылады. Қорға аударылатын жарналардың өз жұмыскерлері үшін жұмыс берушілер 2017 жылы - 2 пайыз, 2018 жылы - 3 пайыз, 2019 жылы - 4 пайыз және 2020 жылдан бастап 5 пайыз аударады деп межеленген болатын. Енді жаңа заң жобасы бойынша, 2017 жылдың 1 шілдесінен - 1 пайыз, кейін 2022 жылға дейін  3 пайызды құрамақ.   Қолданыстағы заңнамада, өзін өзі жұмыспен қамтитын азаматтар, яғни жеке кәсіпкерлер, жеке нотариустар, жеке сот орындаушылары, адвокаттар және азаматтық құқықтық шарттар бойынша кіріс алатын басқа да жеке тұлғалар 2017 жылы - 2%, 2018 жылы - 3%, 2019 жылы - 5%, 2020 жылы - кірістерінің 7 пайызы көлемінде жарна төлейді деп белгіленген. "Жаңа заң жобасы бойынша, өзін өзі жұмыспен қамтитын азаматтар, яғни жеке кәсіпкерлер, жеке нотариустар, жеке сот орындаушылары, адвокаттар және азаматтық құқықтық шарттар бойынша кіріс алатын басқа да жеке тұлғалар үшін 2017 жылдың 1 шілдесінен бастап, бірден кірісінің 5%-ын қорға аударуды міндеттеу көзделген", - деді Е. Біртанов. Ал жұмысшылардың өздері үшін қорға төлейтін жарналары жалақының 2 пайызын құрайды. Бұл жарнаны аудару 2019 жылдан бастап 1 пайыз көлемінде болса, 2020 жылдан бастап 2 пайызды құрайтын болады.   Айта кетейік, Мемлекет басшысы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізудің мерзімдерін өзгертуге бағытталған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңына қол қойған болатын. 

0 пікір
Мұрағат