«Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсының жеңімпазын анықтауға еліміздің барлық азаматтары қатыса алады
«Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсының жеңімпазын анықтауға еліміздің барлық азаматтары қатыса алады
8 жыл бұрын 2602 inform.kz Марлан Жиембай

Ақордада ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықованың төрағалығымен «Мерейлі  отбасы»  ұлттық  конкурсының  лауреаты  атағын  беру жөніндегі комиссияның отырысы өтті. 

«Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Отанның бірлігі, отбасының бірлігі», деп атап көрсетіп, мемлекеттің дамуы мен Тәуелсіздікті нығайтудағы отбасының үлкен рөлін, осы институттың маңызын айтып өткен болатын. Осы орайда, елімізде үшінші жыл «Мерейлі отбасы» конкурсы өткізіліп келеді. Қазір осы конкурсқа қатысушылар саны едеуір көбейді. Сонымен қатар  бұл конкурс әр жерде жергілікті өңірдің дәстүрлері мен ерекшеліктерін көрсетіп, өткізіліп жатыр. Бүгін біздің комиссия екі турдан кейінгі үшінші турға қатысатын отбасыларды қараймыз», - деді отырысты ашқан Мемлекеттік хатшы.

Айта кетерлігі, маусым айында еліміздің барлық өңірлерінде екінші кезеңнің жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өткізілді. Сонымен бірге,  әрбір облыстан, Астана мен Алматы қалаларынан үшінші - ұлттық кезеңге қатысу үшін екі отбасыдан анықталды.

Конкурстың ұлттық кезеңіне дайындық аясында комиссия мүшелері финалға қатысатын 16 үміткерді белгілеп, жеңімпаздарға табысталатын дипломдар мен мүсіншілердің эскиздерін бекітті.

Комиссия отырысының қорытындысы бойынша Г.Әбдіқалықова ұйымдастыру мәселелерін жалғастыру үшін мемлекеттік органдарға бірқатар тапсырма берді.

Ескерте кетерлігі, «Мерейлі отбасы» конкурсының жеңімпазын анықтауға еліміздің барлық азаматтары қатыса алады. Дауыс беру ағымдағы жылдың 2-9 қыркүйегі аралығында  "kaztube.kz" порталында онлайн дауыс беру, 8-803-8000  01, 02, 03.... (отбасының нөміріне байланысты) нөмірі бойынша стационарлық телефон арқылы және 6284 нөміріне отбасының нөмірін көрсете отырып, СМС хабарлама жолдау арқылы өткізіледі. 

0 пікір
Мұрағат