Мемлекеттік қызметшілерге қойылатын талап күшейтілді (видео)
Мемлекеттік қызметшілерге қойылатын талап күшейтілді (видео)
8 жыл бұрын 4460 khabar.kz

Осы жылдың қаңтар айының 1-і күнінен бастап, «Мемлекеттік қызмет туралы» жаңа заң және мемлекеттік қызметшілерге арналған әдеп кодексі қолданысқа енді. Аталған құжаттарға сәйкес, олардың моральдық-адамгершiлік бейнесiне және iскерлiк қасиеттеріне қойылатын талаптар өзгерді.  Мамандар қалай іріктеледі? Олардың этикалық ұстанымдары қалай бағаланбақ? Мемлекеттік қызметкерлерге қойылатын талаптар қаншалықты қатайтылды?  Гүлмайра Қуатбайқызы, тілші:  - Мемлекеттік қызметке орналасу үшін мамандардың әрқайсысы кешенді іріктеуден өтіп, үш сатылы сынға төтеп берулері керек. Әуелі – заңнаманы жетік білуімен қатар, жан-жақты болуы шарт. Екіншіден, этикалық ұстанымы мен ішкі мәдениеті жоғары мамандарға басымдық беріледі. Үшіншіден, сол кәсіпке бейім, икемді жандар іріктеледі. Ал жаңа әдеп кодексіне сай, қызметкердің жұмыспен қатар, тұрмыстағы жүріс-тұрысы да таразыға салынады.  Мақсат Мусин, Мемлекеттік қызмет саласындағы бақылау басқармасының басшысы:  - Қызметтен тыс уақытта мемлекеттік қызметшілер жалпы моральдық-этикалық талаптарын сақтауға міндетті. Қарапайым болуға, мемлекеттік органдарға шағымданған кезде өз лауазымын пайдаланбай, жалпы қарапайым халықтың өкілі, азамат ретінде өз құқықтарын жүзеге асыруға міндетті.  Сонымен қатар, мемлекеттік қызметкерлер шындыққа сәйкес келмейтін мәліметтерді таратпауға, мемлекет меншігін сақтауға, мәселен, өзіне сеніп тапсырылған көлікті тек қызмет мақсатында қолдануға міндеттеледі. Сондай-ақ, басшылық қызметтегі мамандардың ұжымда діни көзқарасын ашық көрсетуіне тыйым салынады.  Және ол қызметшілерді қоғамдық, діни, басқа да коммерциялық емес ұйымдардың жұмысына қатысуға мәжбүрлей алмайды. Тіпті, жұмыстан тыс уақытта мемлекеттік қызметкердің масаң күйде жүруіне тыйым салынады.  Мамандардың өзін-өзі ұстауы қалай бағаланбақ? Ал шектен шыққандар қалай жазаланады? Жаңа заңға сәйкес, еліміздегі тәртіптік кеңестер таратылып, орнына әдеп жөніндегі кеңестер құрылды. Онда қызметкерлердің моральдық-адамгершiлік бейнесiне және жемқорлыққа қарсы мониторинг жүргізіледі.    Мақсат Мусин, Мемлекеттік қызмет саласындағы бақылау басқармасының басшысы: - Әдеп жөніндегі уәкіл басшылықпен арнайы белгіленген адам болады. Сондықтан, сол уәкілге шағымданған немесе өтініш берген кезде ол адам сол күні, сол уақытта тиісті шараларын қабылдайды. Егер аса ауыр қылық жасамаған жағдайда мемлекеттік қызметші сөгіс немесе қатаң сөгіс түріндегі тәрітіптік жазаға тартылады. Ал бірнеше мәрте әдепсіздік танытқан қызметкер жұмыстан босатылады. Кодекс халықтың мемлекеттік органдарға сенімін нығайтуға, өзара қарым-қатынастың жоғары мәдениетін қалыптастыруға бағытталған. Еске сала кетейік, бүгінде елімізде 98 мың 886 мемлекеттік қызметкер бар. Олардың 422-сі саяси лауазым иелері болса, 493-і – «А» корпусы, 97 мың 971-і «Б» корпусының мамандары. Осылайша елімізде үш деңгейлі жүйе жұмыс жасайды. Әдеп кодексінің мәтіні мемлекеттік органдардың ғимараттарында, барынша көрінетіндей жерлерге ілінуі тиіс. Ал жұмысқа жаңадан орналасқан маман 3 күнің ішінде құжатпен танысуы шарт.

 

0 пікір
Мұрағат