Мемлекеттік хатшы: 2016 жылы тұрмыстық қылмыс саны 54%-ға артқан
Мемлекеттік хатшы: 2016 жылы тұрмыстық қылмыс саны 54%-ға артқан
8 жыл бұрын 3982 24.kz Қанат Мәметқазыұлы

2016 жылдың 1 тоқсанында тұрмыстық қылмыс саны 54%-ға артқан. Сондықтан əйел адамдарға қатысты қылмыстық əрекет жасаған тұлғаларға қатысты жауапкеркершілікті күшейту мəселесіне қатысты қолданыстағы заңнамаға өзгерістер енгізу қажет. Бұл туралы Бас прокуратурада өтіп жатқан тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасына арналған ведомствоаралық кеңесте мемлекеттік хатшы Гүлшара Əбдіхалықова мəлімдеді, деп хабарлайды "BNews.kz" ақпарат көзінің тілшісі.

«Өкінішке қарай, отбасындағы зорлық-зомбылық мəселесі бізде де бар. Қазақстанда бұл мəселені жүйелі түрде шешу жұмыстар жүргізіліп жатыр. Отбасындағы зорлық-зомбылыққа қарсы күрес бойынша заң қабылданды. Республика бойынша ІІМ қарасты əйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғайтын 103 арнайы орталық, қиын жағдайда қалған əйелдерге көмектесетін 34 кризистік орталық жұмыс істейді. Соның арқасында отбасындағы зорлық-зомбылық 10-ға төмендеген. Алайда, осы жылдың 1 тоқсанының қорытындысы бойынша тұрмыстық қылмыс саны 54%-ға артқаны байқалады», - дейді Мемлекеттік хатшы.

Гүлшара Əбдіхалықованың айтуынша, əйелдер көп жағдайда өздерінің күйеуінің тарапынан немесе отбасы мүшелерінің тарапынан тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбаны болғанын жасырады.

«Олар сотқа шағымданбайды. Нəтижесінде, Ішкі істер органдары сотқа жіберген материалдар қараусыз қалады. Тек 2015 жылы 2 мың отбасыда зорлық-зомбылық көрсетіп келген азамат жауапкершілікке тартылған. Сондықтан əйел адамдарға қатысты қылмыстық əрекет жасаған тұлғалардың жауапкеркершілігін күшейту мəселесіне қатысты қолданыстағы заңнамаға өзгерістер енгізу қажет», - дейді ол.

Кеңес жұмысына Қазақстан Республикасының Мемелекеттік хатшысы, Парламент депутаттары, Президент Әкімшілігі, Премьер-Министр Кеңсесі, Жоғарғы сот, Ішкі істер министрлігі және өзге де мемлекеттік, құқық қорғау органдарының өкілдері, Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссия мүшелері, сонымен қатар, Бас прокуратураның жанындағы Консультативтік кеңес, халықаралық ұйымдар мен үкіметтік емес ұйымдарының мүшелері қатысып жатыр.

Қазақстанда отбасындағы зорлық-зомбылықтың 90 пайызға жуығы әйелдерге жасалады 

Қазақстанда отбасындағы зорлық-зомбылық сипатындағы қылмыстардың 90 пайызға жуығы әйел адамдарға қатысты жасалады. Зорлық-зомбылықтың алдын алу жөніндегі ведомствоаралық кеңес барысында ҚР Бас прокуроры Жақып Асанов осылай мәлім етті.

Бас Прокурордың айтуынша, ұрмыстық зорлық-зомбылық - ауыр әлеуметтік салдары бар проблема. «Зорлық-зомбылық өз алдына тек жәбірленушілердің құқықтарын бұзып қана қоймай, өскелең ұрпақ үшін теріс үлгі болып келеді. Көшедегі агрессияның да бір себебі - отбасындағы жағдай. Үйден ашуымен шыққан адам өшін өзгеден алады. Адамдардың қоғамдық жерлердегі және көліктегі теріс қылықтары, көп жағдайда, отбасында болып жатқан жағдайлардың көрінісі», - деді Бас прокурор. Оның айтуынша, статистикаға сәйкес, Қазақстанда отбасындағы зорлық-зомбылық сипатындағы қылмыстардың 90 пайызға жуығы әйел адамдарға қатысты жасалады. Егде адамдар мен балалар зорлық-зомбылық әрекеттерге тап болатын жағдайлар да аз емес. «Біздің мақсатымыз тұрғындардың сана-сезімін өзгертудің жаңа жолдарын іздестіру, осы проблемаға деген көзқарасты өзгерту. Кейінгі жылдар ішінде елімізде осы саладағы заңдылықты нығайту бойынша заңнамалық және практикалық шаралар қабылданды. Нәтижесінде отбасылық-тұрмыстық саладағы қылмыстардың азаю динамикасына қол жеткізілді. Алайда бұл проблема әлі де өзектілігін жоғалтқан жоқ. Тұрмыстық зорлық-зомбылық сол күйінде маңызды әлеуметтік проблема болып қалып отыр. Көптеген құқық бұзушылар жазасыз қалуда, ал зорлық-зомбылық фактілері айтылмаған күйінде тіркелмей қалады. Ресми статистика жәбірленушілердің полицияға шағымдануына кедергі келтіретін көптеген факторлар салдарынан жағдайдың нақты сипатын көрсетпей отыр. Сол себепті отбасындағы зорлық-зомбылық фактілерінің алдын алудың тіптен жаңа жолдарын іздестіру маңызды. Осындай әрекеттердің алдын алуда әлеуметтік-құқықтық шараларға басымдық беру керек», - деді бас прокурор.  

Тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жауапқа тарту мерзімі ұзартылуы мүмкін (видео)

Елімізде тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жауапқа тарту мерзімі ұзартылуы мүмкін. Тіпті, осы сипаттағы қылмыс жасағандар Әкімшілік кодекс бойынша жазаға тартылмақ. Бұл туралы бүгін Бас прокурор Жақып Асанов ведомствоаралық кеңес отырысында айтты. Зорлық-зомбылықтың алдын алуға арналған жиынға мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова қатысып, отбасылық-демографиялық ахуалға кері әсер еткен ахуалдарға тоқталды. Жалпы зорлық-зомбылық оқиғалары жыл басынан бері тіркелген  қылмыстық деректердің үштен бір бөлігін құрайды. Олардың көбі әйелдерге қарсы жасалады. Гүлшара Әбдіқалықова, ҚР Мемлекеттік хатшысы: - Егер ел ішінде зорлық-зқомбылық сияқты оғаш әрекеттер орын алған жағдайда, ауыл ақсақалдары мен далалық билер институты дер кезінде қатаң шешімдер шығарып отырғаны белгілі. Сондықтан біз ұлы даланың әдептілік дәстүріне сай болуымыз керек. Бүгінгі ведомствоаралық мәжіліс орынды және тұрмыстық зорлық-зомбылықты алдын алу жұмыстарына сүбелі үлес қосады деген сенімдемін. Бас прокурор кәмелетке толмаған балалар мен егде жастағы адамдарға қарсы қылмыстардың азаймай отырғанын да алға тартты. "Ал бұл жағдайға жауапкершілік жүгінің жеңіл болуы себеп",-дейді. Сондықтан қадағалау органы мәжбүрлі аборт жасатқан адамды жауапқа тартып, өз әйелін немесе баласын соққыға жыққан бұзақыларды қоғамдық жұмысқа жегуді ұсынып отыр. Жақып Асанов, ҚР Бас прокуроры: - 2014 жылы әкімшілік қамау мерзімі 48 сағаттан 3 сағатқа дейін қысқарды. Бұл уақыт өте аз. Мұндай аз уақыттың ішінде бұзақының ашу-ызасы басылмайды, ол не істегенін түсінбеуі де мүмкін. Керісінше, тез босап, өшін алуға тырысады. Сондықтан қамауды 3 сағаттан бұрынғыдай 48 сағатқа ұзарту қажет. Бұл норма 23 жыл бойы жақсы жұмыс істеп келді. Осы мерзімде бұзақы сабасына түседі, есін жинайды, ал полиция болса, материалды дайындап, сотқа жібереді.

 

0 пікір
Мұрағат