Бас прокурор: Баланы суицидке дейін жеткізгені үшін бөлек жазаны енгізу керек
Бас прокурор: Баланы суицидке дейін жеткізгені үшін бөлек жазаны енгізу керек
8 жыл бұрын 2589 prokuror.gov.kz Қанат Мәметқазыұлы

ҚР Бас прокурор Жақып Асанов балаларды суицидке дейін жеткізгені үшін бөлек бір қылмыстық жазаны енгізуді ұсынды, деп хабарлайды "Baq.kz" ақпарат көзінің тілшісі.

«Бүгінде Қылмыстық кодексте адамды суицидке жеткізгені үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Бірақ ол үлкен адам ба, бала ма, нақты көрсетілмеген. Бәріне бірдей жаза қолданылады. Біздіңше, санасы әлі толық жетілмеген баланы суицидке итермелегені үшін жазаны күшейту керек. Сол себепті ондай балаларға қатысты бөлек жазаны енгізуді ұсынамыз», - деді Ж.Асанов тұрмыстық зорлық-зомдылық бойынша мекемеаралық кеңесте.

Ал Мемлекеттік хатшы Гүлшара Əбдіхалықова əйел адамдарға қатысты қылмыстық əрекет жасаған тұлғаларға қатысты жауапкеркершілікті күшейту керек деп санайды. Оның айтуынша, 2016 жылдың 1 тоқсанында тұрмыстық қылмыс саны 54%-ға артқан.

Бас прокуратура түсікке қылмыстық жауапкершілік енгізіп, жас жұбайларды тренингтен өткізуді ұсынады

 

Бас прокуратура түсік жасауға мәжбүрлегендерге қылмыстық жауапкершілік енгізуді ұсынады. Бүгін тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасына арналған ведомствоаралық кеңесте ҚР Бас прокуроры Жақып Асанов осылай мәлім етті.

«Түсік жасауға мәжбүрлегені үшін қылмыстық жауапкершілік енгізу қажет. Себебі, бұл қыз баланың денсаулығына зор қатер, ал қазір ол үшін ешкім жауап бермейді. Бұл норма Еуроодақтың Конвенциясында бар, оны біздің заңнамаға енгізсек», - деді Ж. Асанов. Бұдан басқа, Бас прокурор Неке және отбасы туралы кодекске де өзгерістер енгізуді ұсынады. «Өткен жылы Қазақстанда 149 мың неке тіркелсе, 53 мыңы бұзылған. Бұл - әрбір үшінші отбасы. Соттар өткен жылы 60 мыңдай дау қараған екен. Ол азаматтық істердің 15 пайызы. Не істеу керек? Біріншіден, үйленуге өтініш берген күннен бастап жастар  арнайы  тренингтен  өтсе.  Мақсат  -  екі жақты ересек өмірге дайындау, дауларды шешуге үйрету. Сауд Арабиясының өзі ажырасуларды азайту үшін осындай дайындық курстарын енгізбекші екен. Малайзия да солай істемекші. Екіншіден, үйленемін деген жастарға арнайы кітапша ұсынсақ. Мұнда ұлттық дәстүрдегі отбасы құндылықтарын сақтау, бір-біріне құрметпен қарап, туындаған дауларды ақылмен шешу жайы қамтылса», - деді Бас прокурор. Оның айтуынша, аталған кітапшада ажырасу статистикасы, екі жақтың құқықтары мен міндеттері, әкімшілік және қылмыстық жауапкершілігі, мүлікті бөлу тәртібі, күш қолданбау жөнінде ақыл-кеңестер жазылғаны жөн.

«Ұлттық комиссия бастамасымен кәсіби психологтарды, отбасы институтын зерттеуші ғалымдарды ұйымдастыра отырып, осындай кітапшаны халыққа түсінікті,  қарапайым тілмен жазып шығуды ұсынамын. Ал, Бас прокуратура болса, бар ақпаратты беруге дайын. Үшіншіден, психолог-медиатор фигурасын енгізу. Ажырасамын дегендерге заң ойлануға бір-ақ ай уақыт береді. Осы жерде екі жақты бітімге шақыру үшін психологтың көмегі аса қажет», - деді Ж.Асанов.

0 пікір
Мұрағат