Елімізде жыл сайын 600-ге жуық бала қатерлі ісікке шалдығады (видео)
Елімізде жыл сайын 600-ге жуық бала қатерлі ісікке шалдығады (видео)
8 жыл бұрын 2822 24.kz wp-german-med.ru Д.Ташенова, Д.Қалиқұлов, Г.Көленқызы.

Елімізде жыл сайын 600- ге жуық бала қатерлі ісік ауруына шалдығады. Қазір осындай диагноз қойылған 20 мың бала бар. Отандық дәрігерлер дертті емдеудің жаңа тәсілдерін меңгеріп жатыр. Михаил 2 жасқа толғанда, дәрігерлер оған лейкоз деген диагноз қойды. Бала сауығып кету үшін, оған діңгек жасушаларын отырғызу қажет болды. Сараптама негізінде бүлдіршіннің туған қарындасы Александра донор болатыны анықталды. Операция сәтті өтті. Енді Михаил әр 3 ай сайын тексеріске барып тұрады. Руслан Сыбағатуллин, Михаилдың әкесі: - Мен баламды жарты жыл бойы көрген жоқпын. Михаил да қатты алаңдады. Бірақ дәрігерлер операцияны жақсы жасады. Мен басқа ата-аналарға шетелге барудың қажеті жоқ деп айтқым келеді. Өйткені, біздің мамандар өз ісінің шеберлері. Бүгінгі таңда Қазақстанда қатерлі ісікке шалдыққан балаларды емдейтін 2 республикалық орталық бар. Олар Алматы мен Астана қалаларында орналасқан. Бұл медициналық мекемелер республика аумағынан барлық науқастарды қабылдап емдеуге қауқарлы. Жергілікті дәрігерлер операция жасап, химиотерапия өткізгеннен кейін, жеткіншектер өздері тұратын мекен-жайы бойынша оңалтудан өте алады. Әр өңірде бас онколог-гематолог бар. Бұл мамандар қатерлі ісіктен сауыға бастаған әр баланың жай-күйін ұдайы бақылауда ұстайды. Осындай әдістердің арқасында науқастардың 80 пайызы емделіп шығады. Риза Боранбаева,«Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығы» РМҚК директоры: - Біз лимфобласттық лейкоз диагнозы қойылған балалардың 75 пайызының өмірін сақтап қалудамыз. Бұл өте жақсы нәтиже. Әлем бойынша бұл көрсеткіш 80-85 пайызды құрайды. Әрине, қатерлі ісігі бар балаларды емдеу тым қиын. Себебі, олардың тең жартысы осы дертке туғанынан шалдыққан. 3 жыл бұрын қазақстандық мамандар оны емдеудің жаңа бағдарламасын енгізді. Мұндай технологияларды Еуропа елдері 40 жыл бойы белсенді қолданып келеді. Өңірлерде заманауи әдіспен емдейтін дәрігерлер жетіспегендіктен, Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі тәжірибе жинақтауы үшін мамандарды шетелге жіберуде. Күні бүгінге дейін 40 маман Еуропада білімін шыңдап келді. Олардың 17-сі бір-бірімен байланысты мамандықтарды игерген. Ағзасында ісік бары анықталған балалар екі орталықтың біріне санитарлық авиация арқылы жеткізіледі. Мамандардың айтуынша, бұл қызмет түрі әліге дейін көрші Ресейдің өзінде де жоқ. Емдеуге кезекке тұруға да көп уақыт кетпейді. Шетелге аттанып, сол жақта ем-дом қабылдаймын дегендерге де барлық жағдай жасалған. Өзге мемлекетте емдеуге болатын дерттердің тізімі министрліктің ресми сайтында жарияланған. Алайда, Ана мен бала орталығындағы гематоонкология бөлімшесінің меңгерушісі Даир Нұрғалиев көп жағдайда баланы Қазақстанда емдеген дұрыс деп есептейді. Өйткені, қазір отандық ақ халаттылар бұл ауруларды тегін емдей алады. Даир Нұрғалиев,«Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығы» АҚ гематоонкология бөлімшесінің меңгерушісі: - Бірнеше жыл бұрын біз діңгекті жасуша донорларының реестрін жасадық. Қазір бұл тізімде 4 мың адам бар. Өткен жылы Ресей Федарациясымен ортақ база жасақтадық. Себебі, генетика жағынан  ресейліктердің жасушалары біздікіне ұқсас. Мұндай шешім тез арада оң нәтиже бере бастады. Жақында ғана көрші елдің екі азаматы Қазақстаннан өзіне қажет жасушаларды тапты. Біз осы жобаға көп үміт артып отырмыз. Жасуша отырғызу үшін шетелдік клиникаларға кемі 150 мың доллар төлеу керек. Ал біздің мамандар мұндай операция үшін ақша алмайды. Жақында Парламент депутаттары балаларға арналған жаңа онкологиялық орталықты ашу мәселесін көтерген болатын. Еліміздің балалар құқығы бойынша уәкілі Зағипа Балиеваның айтуынша, бұл мекеме ең алдымен қатерлі ісіктің себептерін анықтауы тиіс. Зағипа Балиева, ҚР балалар құқығы жөніндегі уәкілі: - Балаларға арналған онкоцентр керек. Не себептен? Біріншіден, оларға көбірек көңіл бөліп, тек қана емдеу емес, оларға реабилитация өткізу және ғалымдар сол жерде ғылыми жұмыс өткізу міндет. Себебі, оның не себептен болғанын қазір біз білуге тиіспіз. Ол экология ма, ол азық-түлік па, ол дәрі ма, ол басқаша факторлар ма оны бәріміз білуіміз керек. Соңғы жылдары қатерлі ісік дертін дер кезінде анықтау үшін көп жұмыс жүргізілуде. Алайда, ауру асқынып, 3-ші, 4-ші кезеңге жеткенде ғана белгі беретін сәттер де аз емес. Сол себепті, отандық дәрігерлер барлық ата-аналарға баланың денсаулығына бей-жай қарамай, тексерістен уақтылы өткізіп тұруға кеңес береді.

 

0 пікір
Мұрағат