Елімізде діни әдебиеттерді кез келген жерде сатуға тыйым салынды
Елімізде діни әдебиеттерді кез келген жерде сатуға тыйым салынды
9 жыл бұрын 3813

Елімізде тыйым салынған діни әдебиеттер тізімі жасалды. Биылдың өзінде олардың саны 600-ден асқан. Осыған орай, Алматыда осы мазмұндағы кітаптар енді арнайы дүкендерде ғана сатылатын болады.

Адамның санасын улайтын оқулықтар осы уақыттарда емін еркін саудаланып келді. Енді жат ағымды дәріптейтін кітаптардың қара тізімі, еліміздің дін істері агенттігінің ресми сайтында жарияланды. Бұдан былай ел бойынша діни кітаптарды арнайы орындардан ғана алуға болады.

Алматыда имандылыққа баулитын оқулықтарды сататын 30 дүкен бекітілді. Мұндай дүңгіршектер мешіт ауласында орналасқан. Ескерте кететіні, бұдан басқа жерде діни кітаптарды саудалағандар, әкімшілік жауапқа тартылады. Тіпті, оларға қолданатын жаза да қатаң.

"2015 жылдан бастап, бас прокуратура сайтында мәлімдеме жүргізілді. 600-ден астам әдебиеттерге тыйым салынды. Ол жақта ақпараттық материалдар, YouTube желісіндегі видеолар, әлеуметтік желіде орнатылған мәліметтер теріс қорытынды алған. Осыған байланысты, 600-ден астам аудио, видео материалдарға тыйым салынған болатын", - деді Алматы қалалық  Дін істері жөніндегі басқарманың бөлім басшысы Нұрмұхаммед Мейманқожа.

Айта кетейік, соңғы үш жылда дін істері агенттігі 25 мың кітаптың мазмұнын тексеріп шыққан. Нәтижесі көңіл көншітпейді. Өйткені, жыл басынан бері жарыққа шыққан 600 ден астам әдебиет жамағатты адастыруға бағытталған. Оның ішінде, уахабтардың ұстанымын насихаттайтын, Ахмадия мен Махдия кітаптары да бар.

"Ал енді мешіттің сыртындағы саудаға келер болсақ, олар біздің қадағалауымызда емес, өкінішке орай, ол мешіт сырты болғандықтан олардың саудасына араласа алмаймыз. Бұл жөнінде арнайы құзырлы органдардың хабары бар. Біз оларға хат жазып, сырттағы сауданы бақылауда ұстауға өтініш білдірдік. Қазір олар жұмыстар жүргізуде", - деді Орталық мешіт қызметкері Әсет Сәметұлы.

Бүгінде дін істер агенттігінде діни оқулықтарды сараптамадан өткізетін 225-ке жуық бөлім бар. Олардың сүзгісінен өткен кітаптар ғана сатылымға жіберілмек. Бұдан бөлек, өткен жылы лаңкестік, эстремистік мазмұндағы ақпараттық 70-ке жуық веб сайттың жұмысына заңмен тыйым салынған. Алайда оның тең жартысы ресми түрде жабылған.

0 пікір
Мұрағат