Ақтауда WhatsApp арқылы терроризмді насихаттаған әйел сотталды
Ақтауда WhatsApp арқылы терроризмді насихаттаған әйел сотталды
2 жыл бұрын 739

Ақтауда WhatsApp арқылы терроризмді насихаттаған әйел сотталды. Бұл жайында nur.kz сайты "Лада" порталына сілтеме жасай отырып, хабар таратты. Сот үкімі қаңтар айының 29-ы күні шықты.  

Қылмыстық іс материалдарына қарағанда, Ақтаудың 27 жастағы тұрғыны 2014 жылдың маусымының 10-ы күні және тамыздың 9-ы күні аралығында электронды хабарламалардың көмегімен өзімен бірдей діни көзқарастағы адамдарға терроризмді ақтайтын идеялар мен тұжырымдарды таратқан.

Бұл мақсатқа ол WhatsApp қолданбасын пайдаланған. Мессенджердің көмегімен Сирияның үкіметтік жасақтары мен билігіне қарсы соғысқан халықаралық лаңкестік ұйым мүшелері әрекетінің дұрыс екенін уағыздайтын аудиожазбаларды да таратқан.

Сот процесінде әйел өзіне тағылған айыпты мойындамады. Ақтау қаласы сотының үкімімен ол төрт жылға бас бостандығынан айырылды. Жазасын жалпы режимдегі түзеу колониясында өтейтін болды. Сот үкімі заңды күшіне ене қойған жоқ.

Еске сала кетейік, бұған дейін Павлодарда терроризмді насихаттағаны үшін төрт адамның сотталғаны хабарланған еді. Ер адамдар жастарды қарулы жиһадқа үгіттеген. Олардың бірі алты, бірі төрт және екеуі 3,6 жылға бас бостандығынан айырылды.

0 пікір