Қозыбек ҚАЗАҚСТАН деген бауырымыз Шымкентте тұрады
Қозыбек ҚАЗАҚСТАН деген бауырымыз Шымкентте тұрады
9 жыл бұрын 4505 www.zamana.kz

Жуырда біз фамилиясы ерекше бір жанды кездестірдік. Осы фамилияның арқасында ол жуырда ата жұртына, яғни Қазақстанға қоныс аударып, жақсы қызметке орналасыпты. Бүгінде ол Шымкент қалалық жедел медициналық жәрдем ауруханасында хирург болып істейді. Ал бұл азаматтың аты-жөні – Қозыбек Қазақстан.

Қозыбек Қазақстан 1985-жылы Монғолияның Баян-өлке аймағындағы Тұлба ауылында дүниеге келген екен. Бес бауырының, ата-анасының алдында еркелеп өскен Қозыбек есейе келе қазақтың жерін көруді, орайы туса, Қазақстанға көшіп келуді, әкесі сияқты дәрігер болуды армандапты.

«Әкем – Қазақстан өмір бойы жергілікті ауруханада дәрігер болып істеген, – дейді Қозыбек. – Ал анам білім беру саласында еңбек етті. Аллаға шүкір, қазір сол бейнеттерінің зейнетін көріп, Тұлба ауылында тұрып жатыр. Біз есейе бастағаннан-ақ ол кісілер реті келсе Қазақстанға барып жоғары білім алуы­мыз керектігін ескертумен болды. Содан не керек, мен 2005-жылы осы Шымкентке келдім. Әкем секілді дәрігер болуды алдыма мақсат етіп, дайындық курстарына қатыстым. Өз біліміммен Халықаралық қазақ-түрік университетінің медицина факультетіне оқуға түстім. Іс-тәжірибелік уақытты осы Шымкент қалалық жедел медициналық жәрдем ауруханасында өткіздім. Сол аралықта аурухананың бас дәрігері Мәди Қожаұлы қызмет ұсынды. Мұны естіген жырақтағы ата-анам да қуанып қал­ды. Содан екі баламды, жұбайымды алып, Шымкентке біржолата көшіп келдік».

Бізді Қозыбектің әкесі Қазақстан атамыздың ерекше есімі қызықтырды. Мұны Қозыбек былайша түсіндірді:

«Негізі Монғолия мемлекеті 21 аймаққа бөлінеді. Әкеміз сол аймақтардың бірі – Қобдада дүниеге келген екен. Әкемнің әкесі атам марқұм сол замандарда қазақ ауылының биі, мек­тептің директоры болған. 1956-жылы, яғни әкем дүниеге келген­ шақта Қобдаға гастрольдік сапармен Жамал Омарова, Құрманбек Жандарбеков бастаған бір топ өнер адамдары барған көрінеді. Жамал Омарова атамыздың үйіне қонаққа келіп: «Келешекте балаңыз қазақтың жеріне қоныс аударар. Қазаққа еңбегі сіңетін, үлкен азамат болып өссін деген ниетпен оған Қазақтаңы деген ат қоямын», – деген екен. Бірақ монғол тілінде «ң» әрпі болмағандықтан, атамыз құжат аларда ол атты Қазақстан деп өзгертіп жіберіпті», – дейді Қозыбек.

Қозыбектің айтуынша, Баян-өлке аймағында тұрып жат­қан қандастарымыздың жағдайы қазір біршама түзеліп те қалыпты. Бүгінде ондағы қазақтардың басым бөлігі мал шаруашылығымен, егін егумен айналысатын көрінеді. Қазақ мектептері көбейіпті.

Кейіпкеріміздің сөзіне сүйенсек, әкесінің ерекше есімі оған біраз жерде өз септігін тигізіп те үлгеріпті. Таңданыс білдіріп, Қазақстан деген аттың қойылу тарихын сұрап жататындар да аз емес. Қозыбектің айтуынша, көші-қон мәселесі шиеленіскен тұста бір басшы кісі Қазақстан деген есімнің құрметі үшін оған бұл салада кездескен бар қиындықты шешуге көмектесіпті.

Қозыбек Қазақстанның ендігі үлкен арманының бірі ата-анасы мен бауырларын осында, Шымкентке көшіріп әкелу болып тұр екен. Біз оның алға қойған мақсаттарына жете беруіне тілектестігімізді білдірдік.

С. ИКРАМҚЫЗЫ

0 пікір
Мұрағат