Елімізде әуе билеті тағы қымбаттайды
Елімізде әуе билеті тағы қымбаттайды
7 жыл бұрын 2946 stan.kz

Алматы әуежайы көрсетілетін қызмет үшін тарифті көтергелі жатыр. Ал бұның есесін әуе тасымалдаушылары билет бағасынан шығарып алатыны сөзсіз, деп хабарлайды КТК арнасы.

Алматы әуежайының басшылығы көрсетілетін қызмет үшін төлемді өсіруге ниетті. Қазір билет құнының 12 пайызы әуежайға түседі екен. Ал басшылық мұны азсынып отыр.

“Әуежай қызметі үшін Бішкек пен Стамбұлда әр билеттен 4700 теңге, Мәскеуде 3200 теңге, Дубайда 6400 теңге алынады. Ал, Алматыда бұл төлем 2 есе аз. Біз де тарифімізді шет елдегідей қылғымыз келеді”, – дейді «Алматы халықаралық әуежайы» АҚ президенті Айбол Бекмұхамбетов.

Есесіне қызмет көрсету сапасы артады екен. Мәселен, қазір 17 жыл бұрын салынып, әбден ескірген ұшып-қону жолағы жөнделіп жатыр. Жолаушының қыр соңынан қалмайтын таксишілермен күрес те мықтап қолға алынбақшы. Енді, олардың іс-әрекетін бақылап, ретке келтіріп отыратын қызметкерлер болады. Ал бұған дейін айтылып келген әуежайды кеңейту немесе жаңасын салудың мүлдем қажеті жоқ дейді басшылар.

“Жаңа нысан да билет бағасына тікелей әсер етеді. Ондай жағдайда, тағы қымбатшылық басталады. Оның үстіне, біздің әуежайда ығы-жығы адам жоқ. Қазір барып қараңызшы, терминал бос тұр. Бүгінде әуежайдың мүмкіндігінің 30 пайызын ғана пайдаланып отырмыз”, – дейді «Алматы халықаралы әуежайы» АҚ бірінші вице-президенті Қобыланды Тұмышев.

Негізі нысанның жылына 14 миллион жолаушы қабылдауға қауқары бар екен. Ал былтыр Алматы әуежайы тек 5 миллион адамға қызмет көрсеткен. Биыл бұл сан әрі кетсе жарты миллионға артады деп күтілуде.

0 пікір
Мұрағат