Елбасы 2015 жылдың басты оқиғаларын атады
Елбасы 2015 жылдың басты оқиғаларын атады
9 жыл бұрын 3927

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Тәуелсіздік күніне арналған салтанатты жиынға қатысты, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі. Мемлекет басшысы жиналғандарды мерекемен құттықтап, Қазақстан бүгінде өз тарихының тағы бір белесіне сенімді түрде өткенін айтты.

"Уақыт ағысы бізді Қазақстан Республикасы тұңғыш рет өзін тәуелсіз мемлекет ретінде жариялаған 1991 жылғы 16 желтоқсандағы ұлы күннен тез алыстатып барады. Халық жасаған таңдаудың сарқылмас тарихи күшін біз жыл өткен сайын терең сезініп келеміз. Ол - еркін, егемен елде татулықта, бір-біріне деген сенім және келісімде өмір сүру таңдауы, өз тағдырын қашанда өзі айқындап, болашағын жасау", - деді Қазақстан президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев "Нұрлы Жол" жаңа экономикалық саясаты жаһандық сын-қатерлерге лайықты жауап болғанын атап өтті.

"Біріншіден, әлемдік алмағайып жағдайда инфрақұрылымдық дамуға ден қою - қазіргі әлемдегі табысты елдерге тән ортақ тренд. Екіншіден, сапалы жолдар мен коммуникациялар салу арқылы біз өңірлік және жаһандық экономикалық байланыстарға тереңірек бойлаймыз. Үшіншіден, инфрақұрылым құрылысының ірі жобалары шетелдік инвестициялардың тұрақтылығын сақтайды. Олар ұзақмерзімді экономикалық өсімді қамтамасыз етеді. Төртіншіден, бұл - лайықты еңбекпен қамтудың, еңбек өнімділігі мен халықтың әл-ауқатын арттырудың берік кепілі. Бесіншіден,  "Нұрлы Жол" - барлық өңірлер үшін жаңа мүмкіндіктер", - деді мемлекет басшысы.

Сонымен бірге, Қазақстан президенті жаһандық экономика үшін күшейіп келе жатқан қатерлердің бар екеніне тоқталды.

"Бүгінде барлық елдерге қиын. Әлемдік нарықта көмірсутек, металл және басқа экспорттық өнімдердің бағасы құлдырауда. Бізге де қиын болады. Осыны қаперге алған жөн. Сондықтан бекітіліп қойған бюджеттің шығыс бөлігін бізге де қысқартуға тура келеді. Бірақ ол әлеуметтік шығыстарға әсер етпейді", - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы өзінің тапсырмасына сәйкес үкіметке халық алдындағы барлық міндеттемелерді қамтамасыз етуі тиістігін еске салды. Сонымен қатар Қазақстан Президенті  Үкімет пен Ұлттық банктің алдына маңызды маңызды екі міндет қойды, ол: экономиканы долларсыздандыру және инфляциялық таргеттеуге көшу. Бұлар "Нұрлы жол" жаңа экономикалық саясатының құрамдауышына айналуы тиіс. 

Мемлекет басшысы сондай-ақ бірнеше маңызды даталар атап өтілетін алдағы жылдың ерекшелігіне тоқталды. Атап айтқанда, Қазақстан халқы ассамблеясы жылының аясындағы іс-шаралар және Қазақстан Республикасы Конституциясының бүкіл халық тарапынан қабылдануының 20 жылдығы өтеді. Сонымен қатар ұлттық тарихымыз бен мәдениетіміздің маңызды датасын - Қазақ хандығы құрылуының 550 жылдығын атап өтетін боламыз.

Сондай-ақ Қазақстан ТМД елдерімен және бүкіл әлеммен бірге Ұлы Отан соғысындағы фашизмді жеңген жеңістің 70 жылдығын мерекелейді.

"Біз үшін соғысқа қатысқан буынның ерлігі туралы естелік әрқашан қасиетті. Біз - әрдайым өз өткеніне алғыс сезімімен және кешіріммен қарайтын халықпыз. Тарихи өткен шақты біз қашанда тұтас күйінде және оң көзқараспен қабылдауымыз керек. Ол барлық қазақстандықтарды бөлуге емес, біріктіруге тиіс", - деді мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев тәуелсіз Қазақстанның бүкіл тарихы тұтасу мен бірігуге негізделгенін айрықша атап өтті.

"Бірлікті сақтау және нығайту - ең игі іс. ХХI ғасырда тек бірлігі бекем, еңбегінен рахат тапқан, азаматтары тату ел ғана бақытты өмір сүреді. Біздер, қазақстандықтар оны жүрегімізбен сезіндік. Тәуелсіздік жылдары біз рухани тұрғыдан шынығып, шыңдалдық", - деді президент.

Мемлекет басшысы Мәңгілік ел идеясы мызғымас тұрақтылықтың символы бола отырып, ертеңгі күнге жол сілтейтін, болашаққа сенімді білдіретін идея екеніне назар аударды.

Назарбаев сонымен бірге қазіргі замандағы халықтың тағдырын айқындайтын екі басты қағидатты атады.

"Бұл - ұрпақ және құндылықтар сабақтастығы, сондай-ақ ұлттың ширақтығы, жастардың инновацияға бейімдігі. Біз өз тарихымызды батыл әрі лайықты түрде игеруге тиіспіз. Әрдайым бірлігіміз болса, біз бұдан да қуатты бола түсеміз. Біздің жалпыұлттық Мәңгілік ел идеямыздың, Мәңгілік Отанымыздың мән-маңызы осында", - деді мемлекет басшысы.

Президент табысқа тоқмейілсімей, кейінгі ұрпаққа кемел Қазақстанды табыстау біздің ұрпақтың парызы екенін ерекше атап өтті.

"Ұланғайыр жері бар, ұлы мұраты бар, елі бар, бабалары жазған ұлы тарихы мен ұрпағы бар, көз тіккен ұлы болашағы бар менің халқым - Ұлы халық. Сол халықтың Тұңғыш басшысы болу бақыты маған тигеніне тәубә деймін", - деді Назарбаев.

Бұл ретте елбасы Тәуелсіздікті алу үшін қандай қажыр-қайрат керек болса, оны баянды етіп ұстап отыру үшін одан да зор қажыр-қайрат керек екенін еске салды.

"Табысқа тоқмейілсімей, кейінгі ұрпаққа кемел Қазақстанды табыстау біздің ұрпақтың парызы. 21-ші ғасырдың сын-қатерінен төтеп беріп, ең дамыған елдердің біріне айналу - біздің ортақ жауапкершілігіміз. Біз халқымыздың қаһармандық тарихын жасампаздық тарихына ұластырдық. Әлемдегі ең үлкен елу елдің сапына еніп, қазіргі күні ең қуатты отыз елмен иық тіресуге бет алдық. Рухы биік, еңсесі тік, еңбегі ерен, бірлігі мығым Мәңілік елдің мәртебесі асқақ болуы үшін бізде бәрі де бар. Ендеше, барды бағалап, дамыта білейік", - деді мемлекет басшысы.

0 пікір
Мұрағат