Ел іші: Тәуелсіздіктің 25 жылдығына «25 қайырымды іс» акциясы басталды
Ел іші: Тәуелсіздіктің 25 жылдығына «25 қайырымды іс» акциясы басталды
8 жыл бұрын 4192

ҚР Президенті жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөнiндегi ұлттық комиссия осындай акция бастады. Нәзік жандылар көмекке мұқтаж азаматтарға қол ұшын созады. Ең алдымен пластикалық операция кезегінде тұрған тұрмысы төмен отбасылардың балаларына қолдау көрсетіледі. Бұдан бөлек, еліміздегі дарынды бүлдіршіндерді анықтауға баса назар аударылмақ. Өнер саласына бейім, мүмкіндігі шектеулі немесе әлеуметтік аз қамтылған отбасылардың балалары арнайы фестивальде бақ сынап, жоғары оқу орнында тегін білім алу мүмкіндігіне ие болады. Сондай-ақ әйелдер қауымы сыбайлас жемқорлықпен күрес жүргізіп, тұрғындарға әлеуметтік қолдау көрсету шараларын өткізеді. Тұрмыстық зорлық-зомбылық көрген нәзік жандылар да білікті мамандардың қарауында болып, өзекті мәселе төңірегінде жиындар өтпек. Сәуле Айтпаева, ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есеп комитетінің төрайымы: - Қазақстанда 2015 жылы 34 дағдарыс орталықтары әйелдерге нақты көмек көрсетті. Олардың 23-і әйелдер паналайтын орындар болды. Дағдарыс орталықтарына 21248 әйел, 2887 ер адам келген. Олардың барлығына психологиялық, заңды, әлеуметтік көмек көрсетілді.

Тарбағатай ауданында «Мейірім» орталығы ашылды (видео)

Шығыс Қазақстан облысының Тарбағатай ауданында «Мейірім» деп аталатын орталық ашылды. Оның мақсаты – әлеуметтік жағынан аз қамтылған көпбалалы отбасыларға тегін материалдық көмек көрсету. Бұл ізгі шараны жергілікті әкімдік пен аудандағы кәсіпкерлер ұйымдастырған. Оны тәуелсіздіктің 25 жылдығына арнап отыр. Мұнда жаңа киім-кешектердің түр-түрі, азық-түлік, көкөністер тіпті оқулыққа дейін бар. Ал наубайхана иелері жұма күні тегін нан мен кондитер өнімдерін таратады. Мұқтаж жандарға орталыққа келіп, қалаған заттарын таңдап алуына болады. Егер киім өлшемдері сәйкес келмесе, оған арнайы тапсырыс беріледі екен. Бағила Рамазанова, Ақсуат ауылының тұрғыны: - Қалаған нәрсеміздің барлығын алып жатырмыз. Осындай іс-шаралар көбейе берсін.  Манат Әлімжанова, «Тарбағатай кәсіпкерлері» қоғамдық бірлестігінің төрайымы: - Елбасының тапсырмасын тарбағатайлықтар, ақсауаттықтар іске асырып жатырмыз. Осы іске 100-дей кәсіпкер қамтылып отыр. 

Мүмкіндігі шектеулі балаларға түрлі көмек көрсетілуде

Кембағал балаларға білім беріп, олардың құқығын қорғау назардан тыс қалмайды. Бүгінде бұл мәселе елімізде бірітіндеп шешіліп келеді. Енді осы саладағы мемлекеттік бағдарламаларды одан әрі жетілдіре түсу қажет. Осыған байланысты «Қазақстан мүгедектер конфедерациясы» республикалық қоғамдық бірілестігі Өскеменде арнайы жиын өткізді. Қоғамдық ұйым белсенділері кемтар жандарды әлеуметтік қорғау бойынша өңірде қандай шаралар атқарылып жатқанын саралады. Ал бүгінде облыста 59 мыңға жуық мүмкіндігі шектеулі жан болса, олардың үштен бірі жұмыс істейді. Мектеп жасындағы жарым жан балаларға үздіксіз білім беріп, оңалту орталықтарында денсаулықтарын түзеу де жолға қойылған. Қазір облыс бойынша 200-ге жуық бала арнайы орталықтарда сауықтырудан өтіп жүр. Жанат Омарбекова, «Қазақстандық мүгедектер конфедерациясы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы: - Басты мақсатымыз – инклюзивті қоғам құру, қоғамның көзқарасын өзгерту. Мүмкіндігі шектеулі адамдарға кедергісіз келешек болуы қажет.

 

0 пікір
Мұрағат