Дін туралы заң жобасындағы "бұлыңғыр" тіркестер
Дін туралы заң жобасындағы "бұлыңғыр" тіркестер
6 жыл бұрын 4027 azattyk.kz

Парламент Мәжілісі "Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы" заңға енгізуге ұсынылған өзгерістерді талқылауға кірісті. Құжатты әзірлеген үкімет заң жобасы "дінді экстремистік мақсатта пайдалану мүмкіндігін азайтады" деп санайды. Тәуелсіз сарапшылар жобадан әркім қалауынша түсінетін әрі заңнан аттамайтын азаматтарға қарсы пайдаланылуы ықтимал "мағынасы бұлыңғыр әрі қалай қолданылатынын болжап білуге болмайтын" тіркестер тапқан.

Парламенттегі талқылауда Мәжіліс депутаты Мәулен Әшімбаев заң жобасы "діндерді деструктивті мақсатта пайдалануға, кәмелетке толмаған балаларды құлшылық етуге, діни салт-жораларға, жиындарға заңсыз қатыстыруға, діни шаралар мен уағыздарды заңсыз өткізуге жол бермеу және мемлекеттік органдардың діни қызмет саласындағы жұмысын үйлестіруді күшейту үшін діни қызмет саласын реттейтін заңдарды жетілдіруді көздейді" деп мәлімдеді. Депутат жоба авторы – Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің өзгерістер "мемлекеттің зайырлы принциптерін нығайтуға негіз болады және дінді экстремистік және өзге де деструктивті мақсаттарда пайдалану мүмкіндігін азайтады" деген позициясын құптайды.

Заң жобасында шетелде діни білім алу, мемлекеттік қызметшілердің діни жұмыстарға араласу тәртібін "реттеуге көмектесетін" нормалар, қоғамдық орындарда адамның бет-әлпетін түгелдей жасыратын киім киюге тыйым салып, оны бұзғандарға 240 мың теңгеге дейін (100 айлық есептік көрсеткіш) айыппұл салу ұсынылған. Бұдан бөлек, заң жобасында "деструктивті идеологиялық ағымдардың киімін киюге, олардың ілімін БАҚ-та таратып, жарнамалауға" тыйым салу қарастырылған.

Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі былтыр өз сайтында жариялаған заң жобасында берген "деструктивті" сөзінің анықтамасы бұлыңғыр болып көрінеді. Онда "халықтың адамгершілік қағидаларын, рухани және мәдени құндылықтарын, діни сезімдері мен дәстүрлерін әлсіретіп, күйретуді көздейтін", "адам мен азаматтардың заңмен қорғалатын құқығы мен еркіндігіне қатер төндіретін" ағымды "деструктивті ағым" деп атайды деп көрсетілген. Негізі, Қазақстан билігі белгілі бір ағымдар мемлекет құптайтын діндерге сай келмейтін кезде "деструктивті ағымдар" сипаттамасына жиі жүгінеді.

Жобаға қарағанда, Қазақстанда балалардың ересектерсіз діни жораларға қатысуына тыйым салу көзделген. Бұған қоса, баланың діни жораларға қатысуына "ата-анасының екеуі де қарсы болмауы тиіс" деп заңда ашып жазуды ұсынған. Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі шенеуніктері балаларды "діни сипаттағы деструктивті ықпалдардан" осындай амалдармен қорғауға болатындығына сенімді. Кінәлі адамдарды 100 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салу және діни ұйым қызметін үш ай мерзімге уақытша тоқтату арқылы жазалауды ұсынады. Кей белсенділер бұл амалдар билікке қолайсыз діни қауымдарды қудалайтын сылтауға айналуы мүмкін деп санайды.

0 пікір
Мұрағат