Биыл солтүстікке еліміздің түкпір-түкпірінен 101 отбасы қоныс аудармақ (видео)
Биыл солтүстікке еліміздің түкпір-түкпірінен 101 отбасы қоныс аудармақ (видео)
8 жыл бұрын 2570 24.kz С.Қайырденұлы, Т.Иманов, Р.Әлиев

Тұрғындар тығыз орналасқан аймақтан жұмыс күші аз өңірлерге азаматтарды көшіру жұмыстары бүгінде қызу жүріп жатыр. Мәселен, биыл «Жұмыспен қамту-2020» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде солтүстікке еліміздің түкпір-түкпірінен 101 отбасы қоныс аударады деп жоспарланып отыр. Оның басым бөлігі Оңтүстік Қазақстан облысының тұрғындары. Қоныс аударған қандастарымыздың жағдайы қандай? Қандай көмек көрсетілді? Әшіровтер отбасы теріскейге жуырда Оңтүстіктің Түлкібас ауданынан көшіп келді. Көпбалалы жанұя бүгінде жаңа баспанада түтін түтетіп отыр. Ал алты баланың әкесі Өмірсейіт болса, жергілікті шаруашылықта бақташы болып еңбек етеді. Енді өз кәсібімді ашсам ба деп отыр. Өмірсейіт Әшіров, ауыл тұрғыны: - Бұл жерде өзіміз сәл көтерілсек, бір шаруамен айналыссақ па деп едік. Мысалы, мал жағынан, құс жағынан. Қай жағы қалай келеді, қай жағынан үйренісе аламыз, сол жағын көтерсем бе деп едім. Енді алты баланы аяққа тұрғызу оңай емес. Денсаулық қой бәрі. Аман болсақ, денсаулық жақсы болса, бәрі болады деп ойлаймын. Ал теріскей топырағының құнарлы екенін байқаған Бегалиевтер жанұясы 4 гектар жерді жалға алыпты. Көктемде қырыққабат, сәбіз, қияр, қызылша сынды көкөніс отырғызған. Осылайша, оңтүстіктен келген ағайын бүгінде жергілікті тұрғындарды сапалы әрі экологиялық таза өнемдерімен қамтамасыз етіп отыр. Тіпті, ол үшін ауыл азаматтарын еңбекке тартқан. Омарәлі Бегалиев, ауыл тұрғыны: - Солтүстіктің топырағы жақсы, жұмсақ, қара жер. Біздікі сияқты қатты емес. Жұмсақ болғаннан кейін тыңайтқыш салынбайды. Содан соң жаңбыр жақсы. Үш отбасы болып келдік. Үш отбасында тоғыз адам болып келдік. Солтүстік Қазақстан бізді жақсы қабыл алды. Көмек беріп жатыр. Айта кеткен жөн, көшіп келген азаматтардың барлығы еңбекке жарамды. Олардың қатарында сұранысқа ие мұғалім, медбике, ауыл шаруашылығы саласының мамандары және мал дәрігерлері де бар. Тілеубай Есжанов, Қызылжар ауданы әкімінің орынбасары: - Негізі бізге аудандағы 30 жанұяға квота берілген. Бірақ, бөлінген қаржы 18 отбасына жетеді. Сол бәрі игеріліп, көтермеақысы бәрі төленді. Тағы бөлінгеннен кейін қабылдауға дайынбыз. Бүгінде теріскейге 83 отбасы көшіп келді. Қалғандарын жыл соңына дейін қабылдайтын болады.

 

0 пікір
Мұрағат