Түпсіз соғыс: Терроризмге қарсы соғыстың ақыры бола ма?
Түпсіз соғыс: Терроризмге қарсы соғыстың ақыры бола ма?
9 күн бұрын 353 Естай Божан. aqtobegazeti.kz

Бұдан 19 жыл бұрын АҚШ-тың сол кездегі президенті кіші Буш жалпақ әлемге жар салып, «терроризмге қарсы соғыс» басталғанын айтып еді. Содан бері Құрама Штат әскерлері әлемнің қаншама жерінде террорлық топтарды іздеп басып кірді, қаншама жерде әскери операциялар жүргізді. Жыл сайын әлем елдері терроризмге қарсы күрестегі толып жатқан нәтижелерін айтып мақтанады, алайда, бұл соғыс әлі толастаған жоқ, анық жеңімпазда анықталған емес. Есесіне мемлекеттердің терроризмге қарсы күреске бөлінетін қаржысы жыл сайын артып барады. Аталмыш соғыстың жеңімпазы бола ма? Бұл соғыс әлемді қайда алып барады? Терроризмге қарсы күрестің нәтижесі бар ма? Бұл жайында qazaqtimes.com ақпарат көзінің сараптамалық материалынан оқып біле аласыздар. 

Адамдар кейде бейбітшілік үшін күресіп жатырмыз деп санайды, бірақ, түпсіз соғыс, жеңімпазы мен жауы да анық емес соғыс адамдарды ойландырмай қоймайды. Жақында ғана Британияның Рединг қаласында жүргіншілерді пышақтау оқиғасы пандемия кезінде де террорлық әрекеттердің жоғалып кетпегенін көрсетті. Көптеген елдерде қауіпті індетке байланысты қалыпты өмір дағдысы өзгергенімен, соғыс өрті тұтанған елдерде сол баяғыдай қырғыншылық толастаған жоқ. Ауғанстан, Сирия, Ливияда әлі де мылтық үні толастаған емес. Америкалықтардың өмір дағдысын өзгерткен, оған қоса әлемге үлкен өзгерістер алып келген «11 қыркүйек» оқиғасына қатысты алабөтен пікірлер жыл өткен сайын күшейіп келе жатыр. Бұл оқиғаны Құрама Штаттың үкіметіне ықпал ететін ірі ұйымдар арнайы ұйымдастырған деген болжамдар да жоқ емес. Соған қарамастан, терроризмге қарсы соғыс дабылы әлі де дүниені дүрілдетіп тұр.

20 жылға жуық уақыт терроризмге қарсы күрес әрекеттерін бақылап келе жатқан қоғамдық ұйымдар да бар. Соның бірі – Стратегиялық диалог институты. Кейбір сарапшылардың пікірінше, Құрама Штаттар терроризмге қарсы күресте әуел бастан тура емес жолды таңдаған. Айталық, Буш терроризмге қарсы күресті жария ете отырып, «не бізді қолдайсыңдар, не бізге жау боласыңдар» деген ұстанымда болды. Уашингонның бұл ұстанымы өзге Батыс елдері үшін ыңғайсыз жағдай тудырды. Олар үшін дербес талдау жасау мүмкіндігі қалмады. Нәтижесінде терроризмге қарсы күрестің дабыры күшейген сайын өнімділігі жыл өткен сайын төмендеп кетті. Айталық, АҚШ пен Британия Иракқа басып кіріп, Саддам Хусейінді қолдаған полиция мен армияны таратты. Нәтижесінде көп уақыттық дағдарыс пен жұмыссыздықтан кейін елдегі босап қалған қарулы еңбек күш террористердің қатарын көбейтті. Обама тұсында терроризмге қарсы күрестің риторикасы өзгергенімен тактикасы сол қалпында қалып қойды, нәтижеде әскерлер қатысқан операциялар азайғанымен, дрон арқылы шабуылдар көбейген. Ал, Трамп билікке келгеннен кейін, «АҚШ-ты бірінші орынға шығарамын» деген ұстанымда саясат алып барды. Оның тұсында терроризмге қарсы күрестің шығындары төмендейді деп күтілген, керісінше әскери шығындардың арта түскені мәлім болды.

Мәліметтерге қарағанда, қазірге дейін терроризмге қарсы күреске 1 трлн доллар көлемінде қаражат жұмсалған. Оның басым көбі дрон шабуылдары мен мәліметтер жинауға жұмсалған. Ал, экстремизмнің алдын алу үшін жұмсалған қаржы тым мардымсыз. Терроризмге қарсы соққы берудің жыл сайынғы нәтижелеріне қарамастан, сарапшылар бұл соғыстың жақын арада тоқтамайтынын кесетеді. Себебі, күрестің көбі дерлік экстремизм зардаптары мен нәтижелерімен болып жатыр, ал оның қайнар көзін түбегейлі үзуге ешкімнің құлқы жоқ. 

0 пікір
Мұрағат