QR-КОДЫ БАР ҚҰРАН ЖАРЫҚҚА ШЫҚТЫ
QR-КОДЫ БАР ҚҰРАН ЖАРЫҚҚА ШЫҚТЫ
6 жыл бұрын 9295

Жер бетінде ең көп оқылатын кітаптың Құран кәрімекенін білесіз бе? Ол дүниежүзінде үш миллиардтан астам данамен таралған. Күн сайын миллиондаған адам тарапынан оқылып тұратын теңдессіз кітап. Міне, осындай қасиетті Құран кітабы Рамазан айының қарсаңында елімізде тұңғыш рет жарыққа шықты. Оның бұған дейін басылған Құран кітаптарынан біршама ерекшеліктері бар:

Біріншіден, бұл Құран кітабы Мәдина басылымына негізделіп дайындалған әрі оқуға анағұрлым ыңғайлы. Оқырманның көзі сүрінбейтіндей ең оңтайлы арабша шрифт таңдалған. Құранды жаңадан үйренушілерге өте жеңіл.

Екіншіден, араб әріптері бір-бірінің үстіне мінгестірілмей, анық әрі айқын жазылған. 

Үшіншіден, Құранға тиісті тәжуид ережелері қамтылған. Атап айтар болсақ, мәдтің барлық түрлері, сукунды нун мен тәнуинге қатысты ережелер, сәжде аяттары, пара, уақф және хизбті білдіретін белгілер т.б. анық көрсетілген. 

Төртіншіден, бұл Құранда QR-код технологиясы іске қосылған. Бұл осы Құран кәрімнің ең басты ерекшелігі деуге болады. Құранның әр бетінде (жоғарғы және төменгі жағында) QR-код берілген. Смартфон не планшетке Play Market және Apple Store-дан QR-код reader бағдарламасын жүктеп алып, Құранның әрбір бетіндегі QR-кодты сканерлеу арқылы ашып, аяттардың арабша-қазақша аудио нұсқасын тыңдай аласыз. Құранның арабшасын оқыған – Ислам әлемінде «тәжуидтің атасы» деген атпен танылған, әйгілі хафыз Махмуд Халил әл-Хусари. Аяттың арабшасын тыңдау арқылы тәжуидіңізді пысықтап, тіл сүрінетін қиын сөздердің дұрыс оқылуын үйренуге болады. Ал аяттардың қазақша мағынасын тыңдау Құранды түсініп оқуға мүмкіндік береді. 

Сондай-ақ, қазақ оқырмандарына жеңіл болуы үшін бет саны мен сүрелердің атауы арабша-қазақша жазылған. 

Әрбір мұсылман Құранды өзі ғана үйреніп қоймай, оны өзгелерге де үйретуге көңіл бөлуі тиіс. Себебі, хадис-шәріпте: «Сіздердің ең жақсыларыңыз – Құранды үйреніп әрі басқаларға үйреткендеріңіз», – делінген. 

Қандай да бір үйде Құран оқылса, аспаннан періштелер еніп, шайтандар жанұшыра қашады. Жанұяға жақсылық пен тыныштық орнап, жамандықтың ауылы алыстайдыАл Құран оқылмаған жағдайда, бір хадисте ескертілгендей, «Құран оқылмаған үйде жақсылық, береке аз болады. Ондай үй қиыншылықтан көз ашпайды».

Жалпы мұсылман қауымы Құран оқудың мән-маңызын жақсы түсініп, қасиетті Рамазан айында берілетін мол сауапқа Алланың кітабын оқу арқылы қол жеткізуі қажет. Ендеше, «Құран кәрімнен бір әріп оқығанға да сауап бар. Әрбір сауап он есе болып жазылады» деген Пайғамбар сүйіншісін ескере отырып, әрдайым Құранмен бірге мол сауапқа кенеліңіз.

Осынау ерекше Құран кітабы «Samga» баспасынан жарық көріп, оқырман қолына жол тартып отыр. Бұл Құран мен «Samga» баспасының өзге де кітаптарын www.kitapall.kz сайтынан, Facebook, Instagram, Вконтакте әлеуметтік желілерінде @kitapall.kz парақшасынан көре аласыз. Қосымша ақпарат үшін +77072318765

 

Мирас Кесебаев

 

0 пікір
Мұрағат