Ұлы Отан соғысы жылдары онда эвакуациялық пункт орналасты. Соғыстан кейінгі жылдары кинотеатр, 1980-1991 жылдары филармония жайғасты. 1991 жылғы 1 қарашада мешіт халыққа қайтарылды. Сол жылы 70 жыл үзілістен кейін алғаш рет Құрбан айт намазы оқылды.
Мешіт күрделі жөндеуден өткізілді. 1993 жылы жүз жылдық мерейтойы аталып өтті. Бірақ мешіт ескіріп тозғандықтан, оны әуелі қалпына келтіру қажет еді. Соған байланысты жергілікті кәсіпкерлер мен арлы азаматтардың атсалысуымен мешіт қайта жаңғыртылды. Алынып тасталған күмбезі қалпына келтірілді, мұнарасы ұзартылды, іші де шариғатқа сай өңделіп, арнайы әйелдер залы, оқу бөлмелері, ерлер залына жағалай сөренгілер салынып, Алла үйі мың адам еркін ғибадат етуге лайықталып қайта жабдықталды. Бұл іс 2001 жылдың 28 қазанында аяқталды.
2002 жылы мешітке ғұлама ғалым Марал ишан Құрманұлының есімі берілді.Мешіт жанында арнайы салынған медресе үйі бар. Бірақ қашан салынғандығы жайлы мәлімет жоқ. Бұл үйде қазір Халықтық Банк бөлімшесі орналасқан.