Қайтыс болған адамның БЖЗҚ-дағы ақшасы қайда кетеді? Қазақстандықтар БЖЗҚ-дағы марқұм туысының ақшасын қалай алады?
Қайтыс болған адамның БЖЗҚ-дағы ақшасы қайда кетеді? Қазақстандықтар БЖЗҚ-дағы марқұм туысының ақшасын қалай алады?
5 жыл бұрын 2133 kursiv.kz

Бірыңғай жинақ зейнетақы қоры адам қайтыс болғаннан кейін оның жиналған ақшасы қайда кететінін түсіндірді. Қор өкілдерінің айтуынша, бұл ақша азамат көз жұмғаннан кейін де оның меншігі болып қала береді, деп хабарлайды Stan.kz тілшісі. 

«Азаматтардың жеке зейнетақы шоттарындағы міндетті зейнетақы жарналарынан, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарынан және ерікті зейнетақы жарналарынан түскен ақшалар, өзге де жинақтар салымшылардың меншігі болып табылады және БЖЗҚ-да мерзімсіз сақталады. Бұл қаражат адам қайтыс болғаннан кейін де оның меншігі болып қала береді», - деді басқарма төрағасының орынбасары Сәуле Егеубаева.

Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Заңына сәйкес БЖЗҚ-да зейнетақы жинақтары бар тұлға қайтыс болған жағдайда оның жинақтары заңнамаға сәйкес тәртіпте және толық көлемде мұрагерлеріне қалдырылады.

«Тағы бір ескерте кететін жәйт, Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Заңына сәйкес алушы немесе БЖЗҚ-да зейнетақы жинақтары бар тұлғалар зейнет жасына жетпей қайтыс болған жағдайда оның отбасына не жерлеуді жүзеге асырған тұлғаға Қордан республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген айлық есептік көрсеткіштің 52,4 еселенген мөлшері шегінде, бірақ жеке зейнетақы шотындағы қаражаттан аспайтын біржолғы жерлеу төлемі беріледі», - деді төраға орынбасары.

2019 жылдың 1 қаңтарына бұл сома 132 310 теңгені (52,4 * 2 525 = 132 310 теңге) құрайды.

Егер салымшының (алушының) жеке зейнетақы шотындағы зейнетақы жинағындағы қалдық ақша жерлеуге біржолғы төлемді жүзеге асырғаннан кейін республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген ең төменгі зейнетақы мөлшерінен аспайтын болса, аталмыш қалдық ақша жерлеу төлемі ретінде төленеді.

Қазақстандықтар БЖЗҚ-дағы марқұм туысының ақшасын қалай алады?

БЖЗҚ азаматтардың жеке зейнетақы шоттарындағы міндетті зейнетақы жарналарынан, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарынан және ерікті зейнетақы жарналарынан түскен ақшалар, өзге де жинақтар салымшылардың меншігі болып қала беретінін мәлімдеді. Сондай-ақ, олар қордағы ақшаны олардың туыстары ала алатынын айтты, деп хабарлайды Stan.kz тілшісі.

Қордағылар «Мұрагерлік құқығы кімге тиесілі?» деген сауал туындаған жағдайда марқұмның туыстарына Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінде мұрагерлік құқығының кепілхат немесе заңға сәйкес жүзеге асатындығын басшылыққа алуға кеңес берді. 

«Кепілхат болмаған жағдайда немесе мұрагерліктің барлық тағдыры анықталмаған жағдайда мәселе заң жүзінде шешіледі. Азаматтық кодекстің талаптарына сәйкес мұрагерлікке құқығы барлар кезек бойынша танылады», - деді басқарма төрағасының орынбасары Сәуле Егеубаева.

Адам  қайтыс болғаннан кейін оның туыстары келесі құжаттар мен әрекеттерді жүзеге асырулары керек:  өлгені туралы куәлікті алу – нотариусқа өтініш беру – мұрагерлік құқығы туралы куәлікті алу – БЖЗҚ-ға өтініш беру. Мұрагерлікке қалған зейнетақы жинақтарын алу үшін мұрагерлер Қорға  өздері немесе сенім білдірілген тұлғалар арқылы хабарласа алады. 


«Сондай-ақ, пошта арқылы да келесі құжаттарды жібере алады: БЖЗҚ ішкі құжатымен бекітілген форма бойынша өтініш; алушының жеке куәлігінің көшірмесі және салыстыру үшін түпнұсқасы; зейнетақы жинақтары бар қайтыс болған адамның өлімі туралы куәліктің нотариус куәландырған көшірмесі; мұрагерлік құқығы туралы куәліктің нотариус куәландырған көшірмесі ( түпнұсқасы) немесе мұрагерлікке қалдырылған мүлікті бөлу туралы нотариус куәландырған келісімнің көшірмесі (түпнұсқасы) немесе заңды күшіне енген сот шешімі; алушының банктегі есепшоты туралы мәлімет», - деп тізімдеді басқарма төрағасының орынбасары. 

Жоғарыда аталған құжаттар тапсырылғаннан кейін БЖЗҚ келесі әрекеттерді жүзеге асырады: жерлеуге арналған біржолғы төлем құжаттар қабылданған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде; мұрагерлерге зейнетақы жинақтарын толық көлемде төлеу құжаттар қабылданған немесе БЖЗҚ-ға күннен бастап он жұмыс күні ішінде.

Мұнымен қатар, мұрагерлердің зейнетақы жинақтарын алулары туралы толық ақпарат қор сайтында орналастырылған. 

0 пікір
Мұрағат