Клиенттерге қазақы дастархан жаятын ақтөбелік кәсіпкер көпшілікті таң қалдырды
Клиенттерге қазақы дастархан жаятын ақтөбелік кәсіпкер көпшілікті таң қалдырды
9 жыл бұрын 4694

Ақтөбедегі ірі сауда дүкенінің иелері ұлттық салт-жоралғыларды дәріптеуде. Олар келушілерге күнде дастархан жайып, дәм ауыз тигізеді.

Бұл туралы nur.kz ақпарат көзі КТК телеарнасына сілтеме жасай отырып, хабар таратты. Жұма сайын жеті шелпек таратып, Құран оқытады. Компания басшысы ұлты басқа болса да қазақ салтын насихаттау парызым деп санайды екен. Ол үшін, тіпті, көнекөз қарияларды өзін көмекке шақырыпты. Бұл компанияның қызметкерлері таңертең жұмысқа келген бойда сап құрып, мемлекеттік әнұранды шырқайды. Ал кезекшілікті қабылдап алған жұмысшылардың бірі самаурынға шоқ салып, Сәфия әжейге қолғабыс жасайды екен.

75 жастағы кейуанаға дүкен басшылары қолқа салыпты. Келушілерге шәй құйып, ұлттық дәстүр туралы әңгіме айтып бергені үшін жалақы да төлеп отыр. "Осы мекеменің бастықтары ұлты басқа болса да мына елді сыйлап, халықты сыйлап шай дастархан жайып қояды. Мен келіп құйып берем жаңағы жұманың құрметіне, балаларым бірге істейді. Немерем істейді осында. Жалақы төлейді онымен қоймай", - дейді  Ақтөбе қаласының тұрғыны Сәфия Ережепова. Мұнда келушілердің барлығына дастархан жаюлы. Ол үшін ақы алмайды. Жұма сайын жеті шелпек таратып, молда шақыртып құран да оқылады. Дүкеннің кез-келген бұрышынан ұлтқа деген сүйіспеншілік байқалады. Тіпті қабырғаларына дейін қазақы нақыл сөздер жазып қойған.

"Жеті атамнан бері қарай осы қазақ жерінде тұрып келемін. Қазақтың халқын, салты мен дәстүрін дәріптеу маған парыз. 200-ге тарта адам менде жұмыс істейді. Олардың барлығы да осы ісімізді құп көреді", - дейді  компания басшысы Сергей Вишняк.

Бұл дүкеннен ақысыз дәм тату үшін таксишілер шықпайды екен. Орталық күзетшілері олардың қыста әрнені сылтауратып шәй ішіп жылынып кетінін айтады. Енді сауда үйінің басшылары бірнеше ірі қара сойып наурызды дүркіретіп тойлауға дайындалуда.

1 пікір
Мұрағат