Ақтауда жамбасы ойылғанша баласын бесікте жатқызған әке сотталуы мүмкін
Ақтауда жамбасы ойылғанша баласын бесікте жатқызған әке сотталуы мүмкін
2 жыл бұрын 1105

Жамбасы ойылғанша бесікте жатқан баланың әкесі сот алдында жауап беруде. Mаңғыстау облысында 40 градус ыстықта, күннің астында тірідей шыжғырылып жатқан Бекнұрды Басқұдық ауылының тұрғындары кездейсоқ көріп қалған. Бұл жайында nur.kz сайты ктк телеарнасына сілтеме жасай отырып, хабар таратты.

Сөйтіп тиісті органдарға хабар берген еді. Сол баланың әкесіне енді ата-аналық міндетін дұрыс атқармады деген айып тағылып отыр. Қаршадай ұлды қалдырып, төркініне кеткен анасының да құқы шектелгенін айта кетейік.

Бір жарым жастағы баланы бесікке таңып тастап, қараусыз қалдырған осы адамдар. Ата-әжесі, аға-апасы, өгей шешесі де осында. Бастапқыда Бекнұрды өлімші халге түсірген әжесі де қылмыстық жауапқа тартылады делінген. Кейін айыпталушы орындығында әкесі ғана қалды. 31 жастағы жігітке ата-аналық міндетін дұрыс атқармады деген айып тағылып отыр.

Бекнұрдың ауыр халін ауылдастары кездейсоқ көрген. Сөйтіп тиісті органға хабарлапты. Ал, дәрігерлер баланың ауруханаға өте ауыр халде түскенін айтады. Жата-жата жамбасы ойылып, іріңдеп кеткен. Ауыз, мұрын қуысы қауіпті инфекцияға толы, кір-қожалақ күйде алып келген. Бекнұр сол кезде бір жарым жаста болса да қимылдай алмады. Бала ылғи аш жатқандықтан қаны да азайып кеткен.

Өткен күннің елесі жадында сақталып қалды ма екен, Бекнұр бүгінде тамақты тойып жеуге тырысады. Ауруханада бір ай емдеген соң балалар үйіне ауысқан. Бала бүгінде әл жинап, тісі шыға бастапты.

"Қазір бала отырып, жайлап тұрып, жар жағалап жүріп, енді өзі жүріп кетуге  жақын жүр. Тамақты жақсы жейді. Ұйқысы тыныш. Анасы әрдайым келіп тұрады. Жақсы қарайды. Баласы күтіп отырады. Мамасын таниды...", - дейді 
Маңғыстау облыстық балалар үйінің директоры Светлана Жұбантұрлиева,

Анасының Бекнұрды іздеп жүргені қазір ғана. Жадыра Мырзаева енесі күн көрсетпеген соң баланы тастап Шымкентке төркініне кетіп қалған. Полицейлер оны екі ай іздеп, тапқан соң сот аналық құқын жарты жылға шектеген болатын. Осы уақыт аралығында мейірім, қамқорлығын көрсетсе, бала анасына берілмек.

Бекнұрдың әкесіне тағылған айып өте сирек қолданылады. Енді 31 жастағы Алмас Садықовтың айыбы сотта дәлелденсе, оған айыппұл салынады немесе 2 жылға дейін бас бостандығынан айырылады.

Алайда, оның жазасын жеңілдететін жәйттер де бар: оның үшінші әйелі төртінші баласын босанғалы отыр.

2 пікір
  • Темір торда тоғытып қою керек деп ойлаймын, недеген масқара Алла сақтасын.
    2 жыл бұрын
  • Ужас,не деген сумдык,онбаган акеси,аке атына лайык емес,шешеси де кызык екен,баласын тастап,торкинине кетип,арсыздар,ата-ана болуга мулдем лайык емес,40градус ыстыкка оздерин байлап койса гой ширкин,корер едим,ой катты батып кетти жаныма
    2 жыл бұрын