Ұлттық банк алтын құймаларын шетелде пайдалануға бола ма?
Ұлттық банк алтын құймаларын шетелде пайдалануға бола ма?
7 жыл бұрын 3104 Марлан Жиембай

Ұлттық банк шығарған алтын құймаларын шетелге алып шығуға болады. Бұл туралы ҚР Ұлттық банкі Астана филиалының директоры Әмірбек Санқыбаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

ҚР Ұлттық банкінің халыққа арналған тазартылған алтын құймаларын сату және сатып алу бағдарламасына қатысты ұйымдастырылған баспасөз мәслихаты барысында БАҚ өкілдері Санқыбаевтан ел азаматтары алтын құймаларын шетелге алып шығып, қаржы тетігі ретінде қолдана ала ма деп сұраған еді.

«Мұндай мәселе бізде де көтерілген болатын. Ұсыныстар бар. Біз заңгерлермен қосымша келіскеннен кейін айтатын боламыз.  Бірақ, менің білуімше, оған шектеу қойылмаған, қайта қолдау білдіреді. Сондықтан қандай да бір заңдық шектеу көріп отырғанымыз жоқ», - деп жауап берді филиал басшысы.

Айта кетерлігі, бағдарлама алғаш таныстырған күні құйманың 10 грамы - 127 мың теңге, 20 грамм - 254 мың теңге, 50 грамм - 635 мың теңге, 100 грамм - 1 млн 270 мың теңге тұрған болатын.  Ал бүгін 10 грамдық құйманың құны 2 мың теңгеге қымбаттап 129 мың теңгеден асып жығылды.

Ескерерлік жайт, өлшенген алтын құймалар арнайы қорғаныш  вакуумды орауда шығарылады. Ораудың бүтіндігі алтын құйманы ұсынған кезде банк оны қандай да бір ұзақ сараптамасыз сатып алуға міндетті болатынын білдіреді. Орау ашылған жағдайда банк бұл құйманы инкассоға қабылдайды, яғни Ұлттық Банк сараптама жүргізгеннен кейін ғана есеп айырысады. Ал бұл ұзақ уақытты және қосымша комиссияны төлеуді талап етеді.

0 пікір
Мұрағат