Қоңыртөбел тірліктің қойторысын ерттеп мінген су қараңғы өмір (видео)
Қоңыртөбел тірліктің қойторысын ерттеп мінген су қараңғы өмір (видео)
5 жыл бұрын 4220 islam.kz-ке сілтеме берілуі міндетті

«Астана» телеарнасы ерекше тағдыр иесі туралы деректі фильм түсіріпті. Шығыс Қазақстан облысының Тарбағатай ауданындағы Жаңаталап ауылының Серік Боданбаев есімді тұрғыны зағип болғанымен ешкімге күні қарап, кіріптар немесе масыл болып отырған жоқ. Ол ол ма, жалқаулыққа жаны қас шаруақордың сіңбіруге мұршасы жоқ. Қат-қабат тірліктен. Серік 1994 жылы көру қабілетін айырылды. Денсаулығына байланысты жұмысынан шығып қалды. Десе де бар кінәні тағдырынан көріп, өзінің шектеулі мүмкіндігін желеу етіп, жатып алған жоқ. Өскемен қаласынан ауылға келіп, несиеге ақша алып, сегіз ешкі сатып алды. Сатып алды да олардың мойнына қоңырау байлап, тау-тасқа кетті. Өзінің туған жерінің ой-шұңқырын, қалтарыс-бұлтарысын алақандағындай білетін ол өзгенің көмегінсіз шаруасын дөңгелетіп отыр. Қазіргі уақытта оның мың бас тарта қой-ешкісі бар. Бір отар. Барлық шаруаны бір өзі атқарады. Оның бұл жетістігін көре алмайтындар оның сыртынан күңкіл сөз таратып, оны жорта соқыр болып жүр деп айыптайтынын қайтерсің. Оның адасып кетпей, қой-ешкісін шашау шығармай, қалай жоғалтып алмай бағады деп таңқалады. Әлбетте, Серікке өмірлік серігі қолдау білдіріп, жәрдемдесіп келеді. Қаланың қызы бастан асатын үй шаруасын қалай дөңгелетіп отырғанын айтсаңшы: нан жабады, от жағады, сиыр сауады, май қайырады, кір жуады, т.б. Соның бәріне үлгеріп қоймай, отағасына да арасында қолғабыс етеді.

0 пікір
Мұрағат